Орта жүз және Кіші жүзде хандық биліктің жойылуы
Орта жүз және Кіші жүзде хандық биліктің жойылуы
Осы уақытқа дейін қазақ елінің хандық билік түрінде көрінген мемлекеттік дербестігін жоюға даярлық жасап келген патша үкіметі XIX ғасырдың 20-жылдары мұндай мақсатты іске асыруға колайлы жағдай туды деп шешіп, іске кірісіп кетті. Патшалық билік бұл істі алдымен Орта жүзден бастады. Бөкей және Уәли хандар өлген соң, енді қайтып мұнда хан тағайындамау туралы шешім қабылдайды. XIX ғасырдың 20-жылдарының басында Батыс Сібір губернаторлытын баскарған белгілі мемлекет қайраткері М.М.Сперанскийдің басшылығымен «Сібір қазақтары жөніндегі Жарғы» өмірге келді. Бұл заңдық құжат бойынша Орта жүзде хандық билік жойылды. Оның орнын аға сұлтандар басты. Орта жүздің жері жеке әкімшіліктерге бөлініп, «сыртқы округтер» аталып, Омбы облысына қарайтын болды. Сөйтіп, 1822—1838 жылдар аралығында Қарқаралы, Аягөз, Ақмола, Баянауыл, Құсмұрын, Көкпекті, Көкшетау аталған округтер өмірге келді. Оларды басқару округтік приказдарға жүктелді. Оларға сондай-ақ полицейлік және соттық билік те берілді. Приказдың басында үш жыл мерзімге тек сұлтандар ғана сайлай алатын аға сұлтандар тұрды. Приказдың басқарушы аппараты төрт адамнан, яғни бар билікті колдарына ұстаған екі орыс шенеунік заседателі және беделді би мен старшындар сайлайтын екі қазақ заседателінен тұрды. Округтер болыстарға, болыстар ауылдарға бөлінді. Болыстық бөлу аумақтық негізде емес, рулық негізде жүрді. Әрбір болыс белгілі бір рудың атымен аталатын болды. Мәселен, Қанжығалы болысы, Қаржас болысы және басқа болыстықтардың жеке әкімшілік ретінде жер көлемі анықталып, қазақ қожалықтарына басқа болысқа өз беттерінше өтуге шектеу қойылды. Бұл сол уақытқа дейін қалыптасқан жайылымды пайдалану жүйесінің бұзылуы еді. «Сібір қазақтары жөніндегі Жарғы» жергілікті әкімшіліктің сайлау арқылы анықталатындығын сырттай болса да сақталғандығын көрсетуге тырысты. Ал шын мәнінде билік орындары жергілікті әкімшілік қызметтерге өзіне тиімді адамдарды ғана жіберіп, тиімсіздерін кейін асыруды, сол сияқты округтік приказдың жұмысын оның құрамындағы орыс шенеуніктері арқылы реттей отырып, приказ аппаратына бекітілген шептік қазақ әскерін пайдаланды. Хандық билікті жойған отаршыл әкімшілік қазақ ақсүйектері мен билеуші тобын өзіне бірден қарсы койып алмау үшін алғашында олармен құйтырқы ойын жүргізді. Округтер мен болыстарды басқаруды міндетті түрде сұлтандарға беріп, бірақ бұл қызметтік орындарды иемдену құқын төре тұқымдарымен қатар өзіне ұнаған «қара» қазақтан шыққан ақсүйектерге де берді. Яғни, сұлтандық мансапты иемденетін кісіні анықтауды патшалық әкімшілік өз қолына алды. Сұлтандарға билік орындарының ісіне араласуға тыйым салынды. Заң аға сұлтан, болыстық сүлтандары және ауыл старшындарын «жергілікті шенеуніктерге» жатқызды. Сот жүйесі де өзгеріске ұшырады. Қазақ ішіндегі аса қауіпті деп саналған мемлекеттік сатқындык, кісі өлтіру, тонаушылық, барымта, сондай-ақ «билік орындарына бағынудан бас тарту» сияқты қылмыстық істер билер соты карамағынан алынып, олар патшалық заңы бойынша округтік приказда қаралатын болды. Ал ұрлық және басқаларды билер соты халықтың әдеттегі құқығы бойынша қарауға тиіс болды. Сонымен бірге билер сотының шешімі арызданушыны қанағаттандырмаса, ол облыстық әкімшілікке арыздануға құқылы болды. Ал бұл мәселені қарауда облыстық басшылық та қазақтың әдеттегі құкын негізге алуға тиістін.[1]
Пайдаланылған әдебиет
↑ Қ19 Қазақстан тарихы: Жалпы білім беретін мектептің қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы 10-сыныбына арналған оқулық / Ә. Төлеубаев, Ж. Қасымбаев, М. Қойгелдиев, т.б. — Алматы: «Мектеп» баспасы, 2006. — 232 бет, суретті. ISBN 9965-33-633-4