Етістіктің шақтары
Етістіктің шақтары
Етістіктің кимыл, іс-әрекетті білдіретіндігі белгілі, ал іс-әрекеттің, қимылдың орындалу, жүзеге асу мезгілі, уақыты болады. Қимылдың өту кезеңі сөйлеушінің хабарлау кезімен немесе сөйлеп тұрған сәтпен айқындалады. Сөйлеп тұрған сәтке байланысты қимылдың ету мезгілін білдіру етістіктің шағы деп аталады. Шақ, кез, сәт, уақыт, мерзім сөздері — мезгілдін синонимдері.
Сөйлеп тұрған сәтпен байланысты қимылдын мезгілі, шақтық мағынасы мынадай болуы мүмкін: 1) үнемі қайталанатын, дағдыға айналған іс-қимыл, сөйлеп тұрган кезде болып жатқан қимыл, іс-әрекет; 2) сөйлеп тұрған сәттен бұрын болып кеткен кимыл, іс-әрекет; 3) сөйлеп тұрған кезде әлі болмаған, бірақ кейін әйтеуір болуға тиісті қимыл, іс-әрекеттер. Мысалы: Өнер-білім бар жұрттар тастан сарай салғызды (Ы. А.). Жазғытұры қалмайды қыстың сызы, Масатыдай құлпырар жердің жүзі (А.). Енді бүгін қарасам, Айналам бақыт кең жатыр. Бірімен-бірі туысқан, Қол ұстасқан ел жатыр (Ж. Ж.). Бұл сөйлемдердегі салғызды, қалмайды, құлпырар, жатыр етістіктері мезгіл (шақ) мағынасын білдіруі жағынан бірдей емес. Салғызды, деген салғызу кимылының сөйлеп тұрған сәттен бұрын болып кеткенін білдірсе, қалмайды, құлпырар етістіктері қалмау, құлпыру қимылдарының әлі болмағанын, сөйлеп тұрған сәттен кейін болатынын, ал жатыр етістігі бұл қимылдың сөйлеп тұрған сәтте болып отырғанын білдіріп тұр.
Бірақ мезгіл мағынасы бар сөздің бәрі бірдей шақ мәнін білдіре бермейді. Мысалы, кеше, бүгін, ертең, биыл сияқты сөздер мезгілдік мән білдірсе де, олардың шақтық қасиеті жоқ. Өйткені бұл сөздерде шақтық мағынаны білдіріп тұратын грамматикалық тұлға жоқ. Демек, шақтык мағына сөздің жалпы мағынасынан ғана көрінбейді, ол мағынаны білдіретін арнайы грамматикалық тұлға болу керек. Сондай-ақ ондай сөздердің мезгілдік мәні шақтық жағынан кейде айқын да бола бермейді. Мысалы, бүгін, биыл деген сөздер сөйлеп тұрған кездегі мезгілді білдіретін сияқты. Егер бүгін, биыл, отыр десек, мезгілдік мағына — сөйлеп тұрған сәтті білдіреді. Ал бүгін, биыл отырған (отырыпты) дегеңде өткен мезгілді, бүгін, биыл, отырар (отырмақ) болса, әлі болмаған мезгілді білдіреді. Міне, осыдан анық көрінетіндей, шақтық мағына жекелеген мезгілдік мәндегі сөздер арқылы емес, етістіктің грамматикалық тұлғасы арқылы беріледі.
Етістіктің шақтары есімше, көсемше тұлғалары мен етістік түбіріне -ды, -ді, -ты, -ті және -мақ, -мек, -бақ, -бек, -пақ, -пек жұрнақтарының жалғануы арқылы жасалады. Шақтық мағына осы тұлғалар арқылы дара етістікте де (кел-іп-ті, кел-ер), күрделі етістікте де (келіп отыр, келіп кет-кен, келіп кет-пек) беріліп отырады.
Сөйлеп тұрған сәтпен байланысты қимылдың болу мезгілі үш түрлі. Соған сәйкес етістіктің шақ түрі де үшеу. Сөйлеп тұрган сәтке байланысты яғни сол сәтте болып жатқан қимылды осы шақ, әлі болмаған, бірақ кейін болатын қимылды келер шақ, сөйлеп тұрған сәттен бұрын болып өткен қимылды өткен шақ білдіреді.
Шақтық мағынаны білдіретін етістік көбінесе жіктеліп келеді де, сол аркылы жақтық мағына берілді. Жіктік жалғау шақ көрсеткіштерінен (есімше, көсемше және арнайы шақ жұрнақтарына) кейін жалғанады: оқы-ған-мын, оқы-р-сың, бар-ып-ты, бар-ды-м, бар-мақ-сың т. б.
Күрделі етістікте жіктік жалғау оның құрамындағы көмекші етістікке жалғанады: сөйлеп отыр-ған-сың, сөйлеп отыр-ар-мын.
Шақтар:
1. Осы шақ
2. Келер шақ
3. Өткен шақ