Еліктеу сөз табы
Еліктеу сөз табы
Айналадағы (табиғаттағы) әр түрлі құбылыстардың дыбыстарына, қимыл-әрекеттеріне еліктеумен немесе олардың бейнелерімен байланысты туған сөздер еліктеу сөздер деп аталады.
Мысалы: тырс (етті), сарт (етті), жалт (берді), саңқ (етті), былш (етті), шорт (сынды), гүрс (етті), тарс (айрылды), шіңк (етті), дұңк (етті), сырт (ете қалды), дыз (ете түсті), қолп (ете қалды), жалт-жұлт, қалт-құлт, бүгжең-бүгжең, арбаң-арбаң, сарт-сұрт, қаңғыр-күңгір, ыржың-ыржың т. б. Мысалдан анық көрінетіндей, еліктеу сөздердің басқа сөз таптарынан өзіндік ерекшеліктері бар. Біріншіден, бұл сөздер айналадағы құбылыстардың әр түрлі дыбыстарына есту арқылы және көру арқылы әр түрлі қимылдарына еліктеуден тұған. Мысалы: сарт (етті), саңқ (етті), гүрс (етті), қорс (етті), сарт-сұрт, бұрқ-сарқ, қаңғыр-күңгір, шарт (сынды), тасыр-тұсыр т. б. дыбысқа еліктеу білдірсе, жылт (етті), қалт-құлт, бүгжең-бүгжең, далақ-дұлақ т. б. әр түрлі қимыл, іс-әрекетке, құбылысқа еліктеуді көрсетеді. Сондықтан да олар еліктеу сөздер деп аталады. Екіншіден, еліктеу сөздер көбінесе көмекші етістіктермен (негізінен ет) тіркесіп немесе кайталанып келіп қолданылады.
Еліктеу сөздер айналадағы құбылыстар арасындағы әр түрлі қатынастарды бейнелі түрде дәл жеткізудің бір құралы болып табылады. Сондықтан да еліктеу сөздер көбіне көркем әдебиетте жиі қолданылады.
ЕЛІКТЕУ СӨЗДЕРДІҢ ТҮРЛЕРІ.
Еліктеу сөздер мағынасы жағынан айналадағы әр түрлі дыбыска және жеке қимылға, іс-әрекетке еліктеуді білдіруіне байланысты еліктеуіш сөздер және бейнелеуіш сөздер болып екіге бөлінеді.
Еліктеу сөздер құрамына қарай негізгі, туынды және күрделі түбір болып келеді.
1. Негізгі еліктеу сөздерге әр түрлі дыбыстар мен кимыл, іс-әрекетке тікелей еліктеуден туған түбір сөздер жатады. Мысалы: тарс, тырс, күрс, дік, жылт, жалт, топ, шіңк, морт, қарс, ырс, борт, қыңқ, ірк, шаңқ т. б.
2. Туынды еліктеу сөздер негізгі түбір еліктеу сөздер мен басқа да сөздерден -аң, -ең, -ың, -ң жұрнағы жалғану аркылы жасалады.
а) негізгі түбір еліктеу сөзден жасалған туынды еліктеу сөздер -арс-аң, борт-аң, болп-аң, елп-ең, жылт-ың, жалт-аң, томп-аң, быж-ың, кілт-ің, жымп-ың, сымп-ың т. б.
ә) етістіктерден жасалған туынды еліктеу сөздер: ағар-аң, былға-ң, домала-ң, жайқа-ң, иір-еқ, қызар-аң, сыла-ң т. б.
б) осы жұрнақ арқылы жасалған кейбір туыңды еліктеу сөздердің түбірі қазіргі кезде жеке қолданылмайтьш өлі түбірге айналып кеткен. Олардың түбірін түбірлес басқа сөздермен салыстырып қарау арқылы болжауға болады. Мысалы: арб-аң (арби), ерб-ең (ерби), жарб-аң (жарби), кірб-ең (кірби), адыр-аң (адырай, адырақ), ажыр-аң (ажырай), майм-аң (майми, маймақ), кірж-ің (кіржи, кіржік), қайқ-аң (қайқы, қайқи), күрж-ің (күржи), қылм-ың (қылми қылымси), соп-аң (сопи, сопай), сид-аң (сиди, сида) т. б.
3. Күрделі еліктеу сөздер негізгі және туыңды еліктеу сөздердің қайталануынан немесе қосарлануынан жасалады. Мысалы: борт-борт, гүрс-гурс, гүр-гүр, дүр-дүр, дір-дір, зырқ-зырқ, бүрсең-бүрсең, жалбаң-жалбаң, қожаң-қожаң, тарс-тұрс, арс-ұрс, баж-бұж, шоп-шұп, арбаң-ербең, адыраң-едірең, тапыр-тұпыр т. б.
Еліктеу сөздерден жұрнақ арқылы басқа сөз таптары (негізінен зат есім мен етістік) да жасалады. Мысалы: тарс-ыл, тұрс-ыл, сыр-ыл, ыңқ-ыл, бұлт-ақ, бүлк-ек, даң-ғыр, қаң-ғыр, дүң-гір т. б. еліктеу сөздерден -ыл, -іл, -л, -ақ, -ек, -ғыр, -гір жұрнақтары арқылы зат есімдер жасалған болса, желб-іре, салб-ыра, үлб-іре, қалб-ыра, күрк-іре, дүрк-іре, арбаң-да, ербең-де, бұраң-да, күбір-ле, қоқаң-да т. б. еліктеу сөздерден -ыра, -іре, және -ла, -ле, -да, -де жұрнақтары арқылы етістіктер жасалған.