Атом құрылысы туралы көзқарастардың даму тарихы
Атом құрылысы туралы көзқарастардың даму тарихы
“Атом”түсінігі б.э.д 500-200 ж.ж ежелгі грек философтарының қоршаған әлем құрылымы жайлы түсініктер жүйесі ретінде пайда болды. Левкипп әлем өте кішкентай бөлшектер мен бос кеңістіктен тұрады деп тұжырымдады. Демокрит бұл бөлшектерді атомдар (“бөлінбейтін”) деп атады және олар мәңгілік, үнемі қозғалыста болады деп есептеді.
Атомдар өлшемдері өте кішкентай болғандықтан, оларды өлшеу мүмкін емес деген жорамал айтылды. Атомдар пішіні, сыртқы өзгешеліктері денелерге белгілі қасиеттер береді деп есептелді. Мысалы, су құрамындағы атомдар — майда, олар айналып қозғалуға бейім, сондықтан сұйықтықтарға ағу қасиеті тән; темір атомдарында тісшелері бар, сол арқылы олар бір біріне бекініп, темірге қатты дене қасиетін береді .Атомдардың бір бірімен өздігінен әрекеттесу қабілеті туралы ойды Эпикур ұсынды .
Осыдан кейін жиырма жүзжылдыққа жуық уақыт бойы қоршаған ортаның атомдық құрылысы туралы ілім өз дамуын таппады да, ұмыт болды.
ХIХ ғасырдың басында Дж. Дальтон, сол уақытта ашылған химия заңдарына – еселік қатынас, эквиваленттер, құрам тұрақтылық — сүйеніп, атомистикалық теорияны жандандырды. Жаңа теория қағидаларының ежелгі грек философтары ойларынан негізгі ерекшелігі — олар зат құрылысы туралы нақты эксперименттік деректерге сүйенді. Дальтон белгілі химиялық элементтің атомдары бірдей қасиет көрсететінін, ал әртүрлі элементтерге әртүрлі атомдар сәйкес келетінін анықтады. Атомның маңызды сипаттамасы — атомдық масса енгізілді, кейбір элементтер үшін олардың салыстырмалы мәндері анықталды. Алайда атом әлі де бөлінбейтін бөлшек деп есептелді.
XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында атом құрылысы күрделілігін айқындайтын эксперименттік дәлелдер пайда болды: фотоэффект — металдарға жарық бергенде, олардың бетінен электр зарядын тасымалдаушылардың бөлініп шығу құбылысы; катодтық сәулелер — вакуум түтіктегі теріс зарядталған бөлшектер-электрондар ағыны ; рентген сәулелері – заттарға катодтық сәулелермен күшті әсер ету кезінде бөлініп шығатын, көрінетін жарыққа ұқсас, одан жиілігі жоғары электромагниттік сәуле шығару; радиоактивтілік – бір химиялық элементтің екінші химиялық элементке өз бетімен айналу құбылысы нәтижесінде электрондар, оң зарядталған бөлшектер мен рентген сәулелерінің бөлінуі. Сонымен, атомдар өзара әрекеттесетін теріс және оң зарядталған бөлшектерден тұратыны анықталды. Осыдан келесі сұрақ туады: атомның құрылысы қандай?