Алаш қозғалысы және Атбасар өңірі
Алаш қозғалысы және Атбасар өңірі
Алаш қозғалысына қатысты әрбір дерек біз үшін маңызды болуы тиіс. Өйткені бұл ұлт-азаттық қозғалыс халқымызды ұйыстыруға, дербес мемлекет құруға, ең бастысы – ұлтымыздың рухын көтеруге арналған ұлы шара еді. Тәуелсіздік алған жылдан бері қарай Алаш қозғалыс туралы жүйелі зерттеулер жүргізіліп келеді. Бұл құптарлық қадам. Өйткені осы айтулы қозғалыстың тарихын тану – халқымыз жүріп өткен жолдарды саралаумен бірге, ұлттық болмысымызды түгендеу болатындығы сөзсіз.
Елімізге белгілі ақын Серік Тұрғынбекұлы 2007 жылы 23 тамызында «Астана хабары» газетінде «Менің ақындық тұсауымды кескен Мұқағали» атты сұхбатында: «Міржақып Дулатов төрт жыл Атбасарда тұрған. Ол жайында Гүлнар апайдың жазбаларында бар. Атбасар Алаштың орталығы болған», — деген тамаша бір пікір көзіме оттай басылды. Осы пікірді анықтай түсейін деген мақсатпен Секеңмен кездесіп пікір алыстым. Ұмытпасам «Жұлдыз» журналының 1993 жығы 3-і не 4-ші санында ма екен. Атбасарда тұрып жатқан Міржақып Дулатовтың Қарсақпай жағына бармақшы болғанда қасына атқышы болып Серік болған. Жол жағдайын жақсы білетін қарт адамның естелігі жарияланды. Естелікте М.Дулатов пен Атбасардан шыққан олар жолшыбай Қарақытын жағымен жақсы көң бойында отырған елге соққандарын, бұл өңірдегі көптеген адамдардың Міржақыпты жақсы қарсы алғандығы туралы әңгімелейді.
Секеңнің жоғарыда айтылған пікірін жандандыра кететін бір жай, 1915 жылдың күз айында Атбасарлық оқыған зиялы бір топ азаматтары бір-екі ай дайындық жұмыстарын жүргізгеннен кейін М.Дулатов «Бақытсыз Жамал» романы бойынша жасалған пьесаны сахнаға қояды. Бұл кез I дүниежүзілік соғыстың жүріп жатқан кезі. Соғыста ауыр шығынға ұшыраған патша үкіметіне көмек көрсету мақсатында ел ішінде шаралар жүргізіліп жатқан кез. Сөзіміз дәлелді болу үшін мына бір деректі келтіре кеткенді орынды ғой деп есептедім. «Алаш қозғалысы» атты жинақтың (Алаш қозғалысы, 2 том, 2005), 2-томында (430 бет) Х.Р.Сүтішевтің «Из политической истории г.Атбасара» деген мақаласында 1915 жылдың маусым айында М. Дулатов Атбасар қаласына келіп, Атбасардағы полицей басқармасында жұмыс істейтін – Мешінбаев Сыздық деген азаматтың үйіне тоқтағанын, ол үйге кеңеске шақырылғандардың тізімі айтылады, қаралған мәселелер туралы айта келе: «По окончания совещания Мешнбаев говорить Майкутову: Дайте Ваше слово, что вы будете помогать М.Дулатову, который специально приехал от имени лидера-нашего уважаемого Букейханова Алихана, который в данное время находиться в г. Москве. Он уже договорился с некоторыми министрами, царской и Государственный Думой, которые уже обещали ему, что по окончании войны все будет сделано для киргизского населения» (том 2, 131 бет) (астын сызған біз – Б.Х.) – деген жолдар бар. Бұл арада ерекше көңіл аударарлық жай – патша минстрлері және Мемлекеттік Думаның депутаттарымен не мәселе жөнінде келісім сөз жүргізгені және соғыс аяқталғаннан кейін қазақ халқына «все будет сделано» деген уәдесі жөнінде болды екен деген ой. Бұл бір. Екіншіден, М.Дулатов келгеннен кейін көп ұзамай, атбасарлық қазақ табылады, оның «Бақытсыз жамал» романы бойынша пьеса дайындап, оны сахнаға қоюға әзірлік жасайды. Сонда осы пьеса романды пьеса ретінде дайындаушы кім болғаны, мүмкін Міржақып Дулатовтың өзі мұрындық болды ма деген ой туындайды. Үшіншіден, осы пьесаны қою барысында оны көруге жиналғандардан түскен қаржыны үкімет орындарына аудару арқылы «Қырғыз халқы да Отан қорғауды қолдап отыр» деген пікірді жасанды түрде болса да көрсетуге тырысқан болар деген ойға келесің, яғни үкімет орындарымен келіссөз жүргізіп жатқан Ә.Бөкейхановты қолдау ғой!
Төртіншіден: қазақ даласында сахна өнерінің пайда болу тарихына көз салсақ, «Қазақ тарихында» айтылғандай XX ғасырдың бас кезінде жұрт жиналған ойындарда шағын сахналық көріністер болды дегеннен басқа дерек жоқ. Тек қазақ әдебиет тарихында М.Әуезовтың «Еңлік-Кебек» 1917 ж. Абай ауылында қойылды деп жүрміз. Олай болса Бақытсыз Жамал« қазақ сахна тарихында ең алғашқы ресми түрде (ең алғаш Атбасар қаласында) 1915 жылы қойылды деп айтуға болады және осы қойылымнан жиналған қаражат I дүниежүзілік соғыс кезінде қазақ халқының Отан қорғау қорына берген ұжымдасқан түрде жәрдемі деп қараған жөн болар. Бұл жағдайды кеңес өкіметінің кезінде айтылып жүргендей патша үкіметімен «ауыз жаласу» емес, алаш азаматтарының патша үкіметі орындарымен қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы күрес тактикасының бір түрі деп қараған жөн сияқты. Орыс халқымен бірге Отанды сыртқы жаудан қорғау жолында спектакльден түскен қаржы қорға аударылғаны жөнінде кезінде «қазақ» газеті бетінде жарияланған көрінеді. Бұл қазақ зиялыларының бір тобының жоғарыда айтқандай патша үкімет орындарымен ымыраға келіп, келешекте соғыс аяқталғаннан кейін патшадан «біз де отан қорғау жолында қолдау көрсеттік, сондықтан да қазақ ұлтына, халқына өзін-өзі басқаруға берулерің керек»,- деген ойдан туындаған болуы керек.
Кейіпкерлерді ойнаушылардың қатарында Хасен Кошанбаев – 1937 жылға дейін республика бойынша жауапты қызметтер атқарған, жеңіл өнеркәсіп Халық Комиссары, Батыс Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарған, 1938 жылы 25 ақпанда соттың үкімімен атылған 39 адамның тізімінде Сәкен Сейфуллинмен қатар Хасен Кошанбаевтың есімі де бар. Сонымен қатар Әділбек Майкөтов, оның зайыбы және Әбілқасен Аңсағаев – Атбасар уезінде уақытша үкіметтің уездік комитетінің мүшесі, Алашорданың Атбасар уездік қазақ комитетінің мүшесі және тағы басқалар да бар.
Сахна қойылымына қатысушылар (орындаушылардың) суреті Атбасар қалалық музейінде (архивте) сақталған. Өлкетанушы, жазушы Клара Әмірқызының кітаптарында берілген.
Жоғарыда айтқанымыздай, Атбасар өңірінің Алаш қозғалысында өзіндік орны бар. Енді сол өңірде Алаш ісінің өркендеуіне үлес қосқан тұлғалар жөнінде айта кеткені жөн санап отырмын. Алаш қозғалысы тарихына байланысты кейбір әдебиеттерде Аңсағаев Әбілқасеннің тегі – «Анағаев» деп берілген. Аңсағаев Әбілқасен – өткен ғасырдың 30-жылдарынан кейінгі фамилиясы Танабаев (атасының аты) – Алашорданың Атбасар уездік қазақ комитетінің мүшесі, оған дейін Атбасардағы уақытша үкіметтің уездік комитетінің мүшесі болған.
Ә.Аңсағаев 1985 жылы қазіргі Ақмола облысы, Жарқайың ауданы, Державинка қаласының іргесіндегі Гостелло кеңшарында дүниеге келген. (XX ғасырдың 30 жылдарына дейін «Аңсағай-Кенжебай ауылы» дейді). Руы Бағаналы-Жабай Әлібек табынан. 1930 жылы ұжымдастыру жылдарында оны кулактар қатарына жатқызып, Батыс Қазақстандағы Темір қаласына жер аударып, одан екі үш жыл өткеннен кейін фамилиясын өзгертіп, «Танабаев» деп, тәркілеу жылдарында Қырғызстанға барған. Ағайын-туыстарымен, отбасымен Рыбачье деген жерде тұрады. Ош қаласында кондитерлік фабрикасының директоры болған. Өмірінің соңғы кезінде Тәжікстанның Ленинобад қаласында тұрып, 1949 жылы сал ауруынан қайтыс болады. Тілеміс, Әділхан, Асылхан деген балалары Отан Соғысына қатысқан. Қазір Қырғызстан Республикасының Рыбачье қаласында тұрады. Әбілқасеннің туған қарындасы Жамал апай академик Кәрім Мыңбаевтың туған ағасы, Тұрысбектің зайыбы. Тұрысбек Мыңбаев Арқа өңірінде Кеңес үкіметін орнатуға белсене араласқан. С.Мұқановтың «Өмір мектебі» кітабында: «Айналайын Кеңес өкіметінің арқасында самолетке де отырдық қой» дейтін кісі – осы Тұрысбек. Жалғыз қыз баласы – Роза Тұрысбекқызы апамыз (82 жаста) Астана қаласында тұрып жатыр. Әбілқасеннің туған інісі — Әбіқайдың баласы – Нәзірше – балаларымен Астана қаласында тұрады. Барлығының фамилиялары Танабаев.
Қозғалысқа қатысты әдебиеттерде Нұрмахамедов Хасен туралы айтылады. Онда «Ақмола облысы, Есіл ауданында туған» делінген. Шындығында Ақмола облысы, Жарқайың ауданы, «Тассуат» ауылында туған. Руы – Қарауыл, оның ішінде Тоқтауыл, Тоқтауыл ішінде Көшек. Хасен – Шоқан Уәлихановтың «Шамандық туралы» еңбегінде Бақсылардың ішінде бұл күнде ел арасына аты кең жайылған бақсылардың бірі «Қарауыл Шүмен бақсы» дейтін бақсының шөбересі. Шүмен бақсының бейіті Тассуат ауылының іргесінде (Солтүстік-батысында) жатыр. Басанда биіктігі 160 см. Үлкен көк тас қойылған (қайдан әкеліп қойылғаны белгісіз) «Тассуат» ауылындағы орта мектепке Хасен Нұрмұханбетовтың аты берілген. Ол 1937 жылы қазан айында тұтқындалып, 25 ақпан 1938 жылы С.Сейфуллин тағы басқалар да атылған 39 адамның бірі. Бұл арада анықтайтын бір жай Алаш қозғалысы, 2-том 2005 ж. жинақтың 20 бетінде: Нұрмұхамбетов Хасен Орал облысынан қатысты деп көрсетілген және Н.Хасен 1900 жылы туған болса, 17 жасында сиезге делегат болып қатысқан ба? Осы мәселені зерттеуші ғалымдардың айқындауы қажет деп ойлаймын.
Алаш қозғалысының тарихы Қазақстанның әр өлкесінде осы қозғалысқа қатысқан есімдерді танудан, олар жөнінде зерттеулер жүргізумен толыға түседі деп ойлаймын.
Бүтіндік, бірлік,
Ерсі боп,
Жатқанда мал-жан енші боп.
Тіліміз ғана тұрыпты
Елші боп, әрі емші боп,
Сол ғана қалған бөлінбей,
Бөліске түсер кезде ондай
Сол ғана қалған бөлінбей –
Жүректей,
Күндей,
Ождандай.
Жұбан Молдағалиев
Баянбай Хұсайынов
Л.Н.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университетінің
доценті, тарих ғылымдарының кандидаты