11-15 ғасырдың бірінші жартысындағы Қазақстан аумағындағы мемлекеттер

11-15 ғасырдың бірінші жартысындағы Қазақстан аумағындағы мемлекеттер
Мазмұны
1 Мемлекеттердің саяси құрылысы
2 Ақ Орда мемлекеті
3 Әбілхайыр хан мемлекеті
4 XIV—XV ғасырлардағы мемлекеттердің құрылымындағы монғол дәстүрлерінің әсері
5 Пайдаланылған әдебиет

Мемлекеттердің саяси құрылысы

XIII ғасырдың басында Солтүстік және Орталық Қазақстанның далалық кеңістіктерінде Ертістен Батысқа қарай қыпшақтардың мемлекеттік бірлестігі орналасты. 1210 жылы Жетісудағы қарақытайлар аумағының бір бөлігін наймандардың жол бастаушысы Күшлік жаулап алса, Жетісудың Солтүстік бөлігі Қарлұқ ханы Арсыланға бағынды. Сырдария алабы, Мәуереннахр өзіне тиесілі аудандармен қоса Хорезм шахы Мұхаммедтің қол астына қарады. Алтын Орданың мемлекеттік-саяси құрылысын еске түсірер болсақ, Шыңғыс хан әскері 1219—1224 жылдары Қазақстан мен Орталық Азияны жаулап алды. Монғол шапқыншылығы аймақтың саяси қартасын толығымен өзгертті.

Басып алған жерлерді Шыңғыс хан Жошы, Шағатай, Үгедей ұлыстарына бөлді. Жошы ұлысы оның баласы Батый хан тұсында экономикалық және әскери күш-қуаты толысып, мемлекет жерінің көлемі ұлғайды. Ұлыс иелігі Шыңғыс хан ұрпақтарына мұрагерлік жолмен, кейде мемлекетке сіңірген қызметтері үшін де берілді.

Ұлыстар өз кезегінде неғұрлым ұсақ үлестерге бөлінді. Ұлыстар мен үлестер ханға бағынды. Хан оларға елді басқаруға, елден салық жинауға ресми қағаз беретін болды. Хан жанынан хан кеңесі шақырылды. Оған хан туыстары, дінбасылар қатысты.

Шыңғыс ханның тұсында 1206 жылы қабылданған «Йасы» заңдар жиынтығы жұмыс істеген. «Йасы» заңына бағынған барлық көшпелілер бір халық деп есептелді. Шығыс Ертістен Батысқа Дунайға дейін созылып жатқан орталығы төменгі Еділде орналасқан көлемді мемлекет орыс жылнамаларында «Алтын Орда» деп аталған.

Алғашқы орталықтандырылған мемлекет ретіндегі «Алтын Орда» Қазақстан тарихында ерекше орын алады. Оның тұңғыш билеушісі Батый мен оның ағасы Берке кешпелі дәстүрлер мен Шыңғыс ханның Йасы ережесіне сүйене отырып, мемлекеттіліктің негізін қалады. Бүкіл мемлекет екі қанатқа бөлінді, сол жақтағы «Көк Орда» және оң жақтағы Ақ Орда, сондай-ақ «ұлыстар» деп аталған кептеген біршама ұсақ үлестерге белінді.

Үлестер табыс кезі қызметін атқарып, империя басшысына бағынды. Шығыстықтардың басшысы Ұлы хан болды. Мемлекет басшысы ретіндегі оның құқығына әскери, заңды және әкімшілік билік кірді. Монғол империясының саяси өмірінде құрылтай үлкен рөл атқарды.

Құрылтай — бұл шыңғыстықтар мен монғол көшпелі ақсүйектерінің жалпы империялық жиналысы. Құрылтай сөз жүзінде жоғары биліктің ұйымы. Үлес билеушісінің қарамағында елеулі әскери күш болды, олар өз ұлысын толығымен дербес ұстады, сондай-ақ үлестерді тәуелсіз иелік жасауға ұмтылды.

Алтын Ордаданың ішкі басқару жүйесінде қызмет ететін адамдар, сондай-ақ әскери-көшпелі ақ сүйектен тұратын әкімшілік-шенеунік аппарат жүйесінде маңызды орын алды. Ерекше лауазымды қызметтерге тағайындалды.

Көшпелі-әскери шонжарлардан құрылған әкімшілік-шенеунік аппарат жұмыс істеді. Шыңғыс ханның «Йасы» заңы негізінде әскери істі — беклербегі, азаматтық істі — уәзірлер, салық жинауды — даругалар, басқақтар аткарды.

Кез келген мемлекеттің қазынасын толтыру көздерінің бірі — жергілікті тұрғын халықтан, сондай-ақ, өзіне бағынышты аумақтың халқынан алынатын салықтар болып табылады. Бұдан басқа қосалкы және төтенше бірқатар міндеткерліктер мен алым-салықтар түрлері де болды. Олардың ішінде әскерлерді, поштаны, шенеунік аппаратты жабдықтауға арналған салықтар бар. Бұл салықты малшылар 100 бастан 1 бас мөлшерінде төлеп отырған, ол купчур деп аталды. Отырықшы халық жер салығын харадж төледі (егіннің 1/10 — 1/5 бөлігі). Әскерлерді астықпен, малмен және т.б. жабдықтау үшін заттай алым — тағар белгіленді.

Зерттеушілердің есебі бойынша, монғолдар дәуірінде алым-салықтардың 20-ға жуық түрі болған. Жалпы алғанда, Жошы ұрпақтарының мемлекеті экономикалық жағдайларының едәуір ала-құлалығына қарамастан, саяси құрылысы жағынан әдеттегі үлгідегі көшпелі мемлекет екенін көрсете білді.

Алтын Орда ыдырағаннан кейін (XV ғасырдың 30—70-жылдары) оның үйіндісінде жаңа мемлекеттер: Қырым хандығы, Қазан хандығы, Астрахан хандығы, Сібір хандығы, сондай-ақ Қазақ хандығы мен Ноғай Ордасы құрылды. Олардың бәрі хан атынан елді басқарды. Енді XIV—XV ғасырлардағы жеке хандықтардың тарихына арналған кестеге назар аударыңдар.
Ақ Орда мемлекеті

XIII ғасырдың ортасынан бастап Алтын Орданың Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында — Ақ Орда мемлекеті өмір сүрді. Бұрынғы Қыпшақ хандығының жері Ақ Орданың негізгі аумағын құрады.

Түркі және түркіленіп кеткен жергілікті шонжарлардың саяси- экономикалық жағдайының нығаюы нәтижесінде, Ақ Орда XIV ғасырдың ортасында Алтын Ордадан біржола бөлініп шықты. Ақ Ордада Жошының баласы Орда Ежен әулеті билік құрды.

Шығыс Дешті Қыпшақ, Солтүстік-Шығыс Жетісу, Ертіс өңірі алғашқыда Жошының үлкен ұлы Орда Ежен ұлысына қарады және Көк Орда деп аталды. Ал Жайық, Ырғыз, Тобыл, Сарысу өзендері бойындағы иеліктер, Арал өңірі далалары, Сырдарияның төменгі ағысы Жошының басқа баласы — Шайбани ұлысы құрамына еніп, Ақ Орда деп аталынды.

Осылайша, XIV ғасырда Жетісудан басқа Шағатай мемлекетінің құрамына енген барлық аумақ іс жүзінде Ақ Орда құрамында- болды. Орталығы — Сығанақта орналасты. Ақ Орданы Орыс хан (1361—1376/77 жылдары), оның баласы Барақ (1423—1428 жылдары) билеген жылдарда Шығыс Дешті Қыпшақтағы қуатты мемлекетке айналды.

Ақ Орда — монғолдардан кейінгі кезеңде Қазақстан аумағында жергілікті этностық негізде құрылған тұңғыш ірі мемлекеттік құрылым. Онда қыпшақ бірлестігінің құрамына кірген халықтардан басқа наймандар, арғындар, үйсіндер, қарлұқтар, т.б. мекендеді.
Әбілхайыр хан мемлекеті

Әбілхайыр хан мемлекеті (1428—1468 жылдапы). XV ғасырдың 20-жылдарында Ақ Орда мемлекетінің ыдырауы барысында Қазақстанның далалық бөлігінде Әбілхайыр хан мемлекеті құрылды. Ақ Ордадағы билік Жошы ханның басқа ұлы Шайбани әулетіне көшті. Әулеттің бірінші ханы Әбілхайыр болды. Әбілхайыр Шығыс Дешті-Қыпшақ аумағына енген Батыс Сібірдегі қазіргі Түмен қаласы еңірінде хан болып сайланды. Мемлекеттің шекарасын кеңейту мақсатында ол бытыраңқы Шығыс Дешті Қыпшақтағы ұлыстарды бағындыруға кірісті. Әбілхайыр Қажы-Тархан (Астрахан) ауданында Тока-Темір әулеті билеушілерін жеңіп, астанасын Орда-Базарға көшіреді.

Әбілхайырдың ендігі бағыты — оңтүстік пен оңтүстік-шығысты бағындыру еді. Әбілхайыр хан өзінен бұрынғы Барақ хан сияқты Ақ Орданың экономикалық жағынан анағұрлым қуатты ауданын басып алуға ұмтылды. 1446 жылы ол аса ірі жеңістерге жетті. Қаратау алқабы мен Сырдария жағалауындағы Созақ, Сығанақ, Аркек, Аққорған, Үзкент сияқты қамалды қалаларды қосып алды. Сөйтіп, үшінші рет өз орталығын Ақ Орданың бұрынғы астанасы Сығанаққа көшірді.

Кезінде Ақ Орданың бұрынғы қуатын қалпына келтіру мақсатында 1427 жылы Барақ хан дәл осы Түркістан аумағы үшін Темір әулетімен соғысып, жеңіске жеткен еді. «1428 жылы Барак, хан қаза болғаннан кейін бұл жерлер Темірдің ұрпағы — Ұлықбек мемлекетінің қолында болды ма, әлде Орыс хан мен Барақ хан ұрпақтарының қол астында болды ма?» деген сұрақ туады.

Шамасы, Ұлықбек қол астында Түркістанның тек оңтүстік бөлігі (Йасы, Отырар) ғана қалса керек. Деректемелерді салыстыра отырып, мұнда XV ғасырдың 40-жылдарында Әбілхайыр ханға бас имеген Ақ Орда хандарының ұрпақтары мекендеген деп топшылауға болады. Дәлірек айтсақ, Тока-Темір мен Орда Ежен ұрпақтарының қонысы еді. Олардың екеуі де дәстүр бойынша Ақ Орданың тең дәрежелі билеушілері болатын. Олар Барақтың осы аумақтағы билігін мұраға алды. Сондықтан Әбілхайырдың Сырдария бойын бағындыруы бұл аймақта көшіп-қонып жүрген Орыс хан — Барақ хан мұрагерлері Керей мен Жәнібек сұлтандармен арадағы қатынастарды шиеленістіріп жіберді. Ендеше, қалыптасқан аса күрделі саяси жағдайдың болашақта Керей мен Жәнібектің өзіне қарасты халықты алып кешіп кетуінің себебін түсіну үшін маңызы зор.

1457 жылы Әбілхайыр хан Сығанақ маңындағы Көккесене елді мекенінде ойраттың Үз Темір тайшысынан күйрей жеңілді. Бұл жеңіліс оның мемлекетінің саяси ыдырауына әкелді. Әбілхайыр ханның өзі 1468 жылы Моғолсташа жорық үстінде қайтыс болды.
[өңдеу] XIV—XV ғасырлардағы мемлекеттердің құрылымындағы монғол дәстүрлерінің әсері

Көшпелі қоғам өзінің әдет заңымен өмір сүрді. Орта ғасырлардағы мемлекеттердің әскери сипаты тұрақты және қажет жағдайда хан жарлығымен жасақталатын әскердің болғандығын дәлелдейді. Мемлекеттің қаржы көзі — қазынасының болғандығына оны толтырудың жолдары туралы көптеген деректер нақты мысал бола алады.

Бағындырылған елдердің көшпелі және жартылай көшпелі халқы Шыңғыс ұрпақтары ұлысының құрамына енді. Әкімшілік-әскери тұрғыдан жаңа жүйе орнықты (ондық — жүздік — мыңдық — түмен). Оларда сатылы бағыныштылық жүйесі қалыптасты. Оларды көшпелі түркі-монғол шонжарлары басқарды. Әкімшілік басқару жүйесінде айырмашылық осы ғана болды. Ұлыстар неғұрлым ұсақ үлес-иеліктерге бөлшектенген әдеттегі көшпелі мемлекеттер еді. Алтын Орда мемлекеттік құрылымы тек аса күшті билеуші тұсында ғана өмір сүре алатын ұлыстық, ұйым болды. Сондықтан XIII ғасырда монғол хандары күшпен біріктірген ірі ұлыстар бірте-бірте жеке бөлшектерге ыдырады. Әр түрлі табыс көздері оларды экономикалық жағынан қуатты дербес хандық құруға итермеледі.

Қазақстан аумағында ежелден өмір сүрген ерте мемлекеттік құрылымдардың монғол ұлыстарына бөлінуі бытыраңқылықты ұзартты. Түркі тілдес халықтар мен бірлестіктердің біртұтас мемлекетке бірігу үдерісін тежеді, бірақ мүлдем тоқтата алмады. Сонымен бірге монғол билігі Қазақстан халқының мұсылмандық Шығыспен, Еуропамен, Қытаймен халықаралық сауда, мәдени байланыстарын кеңейтті. Сөйтіп, жаңа сипаттағы мемлекет белгілерін өмірге келтірді.

Мемлекеттің жоғарғы билеушісі — хан Шыңғыс әулеті өкілдеріне, тайпа мен ірі ру көсемдеріне арқа сүйеді. Түркі тайпа басшыларының көп ретте әмір, бек, би, бай деген атаулары кең тарады. Көшпелі және отырықшы бұқара қараша деп аталды.

Жер қатынастары Шығыстағы орта ғасыр қоғамының әлеуметтік құрылысына ұқсас болды. Барлық жер мемлекет меншігі болып саналды. Шыңғыс әулетінен шыққандар осы иеліктің бір бөлігін (ұлысты) інжу ретінде алды. Бағыныштылықтың ұлыстық (еншілік) жүйесі қалыптасты. Бұл — мемлекеттің әскери-әкімшілік құрылымымен тығыз байланысты еді. Мұндай жүйе бұрынғы Қарахан әулеті дәуірінде икта (шартты түрде берілген жер иелігі) түрінде болғандығы белгілі. Иктаның жетілдірілген түрі — сойырғал пайда болды. Сойырғал дегеніміз — көшпелі ақсүйектердің малшылар мен отырықшы егіншілікпен айналысатын тұрғындарға үстемдігінің бір 126 түрі, сыйға берілетін шартты жер бөлігі. Тарихта сойырғалдар беру туралы Тоқтамыс пен Темір-Құтлық Жарлықтары сақталған. Сойырғалды Ақ Орда хандары, кейінірек қазақ хандары да кең түрде қолданды. Түркістан қалаларын ақсүйектердің еншісіне бөліп берді. Сойырғалдар тек тұрақты қызметі үшін ғана емес, сонымен қатар нақты әскери қызметі үшін де берілді.

XIV—XV ғасырлардағы мемлекеттерде бағынышты тәуелділік қатынастар — тархандық сый тарту жүйесі кең қолданылды. Мұндай сыйды алған адам мемлекет пайдасына салық төлеуден, тоғыз рет жазалаудан босатылды.

Біртіндеп сыйға алынған жерлер мұрагерлік иелікке айнала бастады. Өзара қақтығыстарда күшпен тартып алынған жерлер де жеке меншікке (мильк) айналдырылды.

Сонымен қатар мұсылман діни мекемелері мен дінбасыларының жеке меншігі — вакфтың жерлер болды. XIV—XV ғасырларда Ақ Орда, Өзбек хандығы мен Моғолстандағы мемлекетті басқарудағы үлестік жүйе көшпелі ақсүйектердің өз үлесі ауданындағы отырықшы тұрғындарға билік жүргізуіне мүмкіндік берді.

Жоғарыда айтылған мәселелер Сырдария қалалары үшін болған ұзақ күрестің уәжін түсінуге көмектесері хақ. Үлестік басқару орталық биліктің ектемдігіне шек қойғанымен, оның өлсіз жағы — ұлыстардың (үлестердің) оқшаулануына, әулеттік күрестерге, өзара алауыздықтарға тосқауыл қоя алмады.

Ұлыстардағы мемлекеттік басқару ауқатты ақсүйектердің қолында болып, билеуші топтың қолында әскери-саяси билік және әкімшілік биліктер қоса шоғырланды. Тайпалық бірлестік билеушілері ханға бағынышты тәуелділікті сақтады. Хан бағыныштылары ретінде соғыс бола қалған жағдайда ханға жасақ шығаруға және алым-салық төлеуге міндетті болды.

Ақ Орда, Моғолстан, Әбілхайыр хандығы, Ноғай ордасы этностық жағынан біртектес саяси құрылымдар еді. Олар ақсүйектердің мүддесін қорғайтын және қатардағы малшы мен отырықшы халықты қанауға мүмкіндік беретін мемлекеттер болды. Дегенмен монғолдар далаға біршама орталықтандырылған өкімет идеясын ала келіп, жаңа жағдайларға бейімделген дала заңдарын жасады. Мысалы, Орталық Азия мен Қазақстанның оңтүстігіндегі Масұдбектің ақша реформасы (1271 жылы), Кебек ханның реформалары (1321 жылы) мемлекетті орталықтандыруға бағытталды.

Мемлекеттік кеңселерде түркі жазуы (ұйғыр жазуы) қолданылды. Халық арасында азшылық болған монғолдар XIII ғасырдың соңына қарай түркі тіліне кешіп, ислам дінін қабылдады. Осылайша монғолдар мұсылмандық (Шығыстық) мемлекеттілік дәстүрін көбірек қабылдағандығын аңғаруға болады.

XIV—XV ғасырлардағы Қазақстан аумағындағы мемлекеттер тікелей дербес қазақ мемлекеттілігінің құрылуының алғышарты болды. Қазақ мемлекетінің пайда болуы мен даму тарихы оның көпғасырлық дәстүрі мен терең тамыры болғандығын көрсетеді. Монғолдар жаулап алуынан кейін XIII—XV ғасырларда Қазақстан аумағында бірнеше мемлекет пайда болып дамыды және ыдырау кезеңін басынан өткізді. Бұл мемлекеттердің құрылу барысында жергілікті түркі тілдес халықтар елеулі рөл атқарды. Оны мемлекеттік құрылымның дәстүрлі түрлерінің, кейбір лауазымдардың сақталғанымен түсіндіруге болады.
Пайдаланылған әдебиет
↑ Қазақстан тарихы: Жалпы білім беретін мектептің қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы 10-сыныбына арналған оқулық / Ә. Төлеубаев, Ж. Қасымбаев, М. Қойгелдиев, т. б. — Алматы: «Мектеп» баспасы, 2006. — 232 бет, суретті. ISBN 9965—33—633—4

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *