Қазақстан жеріндегі дін және руханият
Қазақстан жеріндегі дін және руханият
Мазмұны
1 Қазақстан жеріндегі діни идеологиялық ахуал
1.1 Зороастризм
1.2 Тәңірлік діні
1.3 Шаманизм
1.4 Буддизм
1.5 Несториандық бағыттағы христиан діні
1.6 Манихей діні
2 Ислам діні
3 Қазақтың ілім-білімдері
4 Қазақша ай аттарының мәні
5 Мүшел
6 Пайдаланылған әдебиет
Қазақстан жеріндегі діни идеологиялық ахуал
Зороастризм
Орта ғасырларда Қазақстан жеріндегі діни идеологиялық ахуал өте күрделі еді. Бір жағынан, қазақтың ата-бабаларынан келе жатқан дәстүрлі діні — Тәңірге табыну, шаманизм болса, екінші жағынан, бұл өңірде зороастризм дінінің, буддизмнің, христиандықтың ықпалдары болды.
Қазақ жеріндегі ең көне діндердің бірі — зороастризм. Бұл діннің негізін Заратуштра деген адам салған. Кейіннен зороастризм діні ирандықтардың, ауғандықтардың ресми дініне айналған. Бұлар да орта ғасырларда зороастризмнен мұсылмандыққа көшкен.
Зороастризм дінінің негізгі табынатын, мінәжат ететін стихиясы — от, бір сөзбен айтқанда, отқа құлшылық ету діні. Қазақтың не нәрсені отпен аластауы, отқа май құю рәсімі сол зороастризм қалдығы болса керек. Зороастризмнің екінші бір қағидасы — дүниенің екі түрлі, бір-біріне қарама-қарсы болмыстардан тұратындығы туралы ұғым. Мысалы, рухани—тәндік, пайдалы—зиянкес, адал—арам, ақ—қара, жақсы—жаман, т.б. Қазақстан жерінен зороастризм орындары ашылған. Соның бірі — Тараздағы Тектұрмас жерлеу орны. Онда адамның сүйегін өртеп, ассуарт деп аталатын қыштан жасалған ыдысқа күлін салып қоятын болған.
Тәңірлік діні
Тәңірлік дін туралы тікелей деректер түркі заманынан белгілі. Көне түріктер «Бір Тәңірі» деп көк аспанға табынған. Тәңір көне түріктердің түсінігі бойынша, жер бетіндегі жанды, жансыз табиғаттың бәрінің үстінен қарайтын, соларды таратушы, соларды жарылқаушы, жазалаушы бір ғарыштық (аспандық) күш. Бұл жағынан алғанда, Тәңір кейінгі мұсылмандық «Алла», «Құдай» ұғымдарына жақын келеді. Ислам діні таралғаннан кейін де түркілердің, оның ішінде қазақтардың Алла ұғымындағы Тәңір сөзін жиі қолдануы олар туралы түсініктердің ұқсастығынан деп түсіну керек. Жалпы, Тәңір діні де Азиядағы ең көне бірқұдайлық дін.
Көне түріктер Тәңірмен қатар Жер, Суға да мінәжат еткен. Бұл олардың тіршілік көзі болуымен байланысты болса керек. Адамның да, малдың да, өсімдіктің де өнуі, өмір сүруі жерге, суға тікелей байланысты. Қазақтың арғы бабалары Күнге, Айға да табынған. Оның сілемдерін қазақтың салт-дәстүр ғұрыптарынан, дүниетанымынан көптеп кездестіруге болады.
Шаманизм
Тәңірлік діннің арғы тегінде шаманизм жатыр. Шаманизм дінінің негізгі қағидасы бойынша, дүние түгелімен рухтардан тұрады. Жанды, жансыз дүниенің де рухтары бар. Шаманизмді құраушы діни сенімдердің тотемизм, фетишизм, анимизм, магия түрлері бар. Тотемизм дегеніміз — адамдардың өздерін белгілі бір хайуанаттан таралдық деп түсініп, соларға мінәжат етуі. Көне түркілердің, ежелгі қазақтардың тотемі қасқыр болған. Қырғыздардың бір бөлігі өздерін бұғыдан жаралдық деп есептейді. Фетишизм — белгілі бір заттың адам өміріне оң ықпалына сену. Қазақ балаға, оның бесігіне, жүйрік атқа, жас ботаға үкі немесе тұмар тағып қояды. Бұлардың бәрі фетишизм сенімі.
Анимизм — бүкіл табиғатты жанмен, рухпен байланыстыру. Магия — жанды, жансыз табиғатқа тылсым күш арқылы әсер ету әрекеті. Қазақ бақсы-балгерлерінің әрекеті осы магияға негізделген.
Буддизм
Түркі дәуірінде қазақ жеріне буддизм діні де енген. Бұмын қағанның ұлы Мақан қаған будда дінін қабылдап, буддалық насихат кітаптарды түркі тіліне аудартқаны белгілі. Бұл жұмыс Таспар қаған кезінде де жалғасқан. Түркі кағандарын буддизмнің: «Адам өлтірме, өтірік айтпа, ұрлық жасама, қызулы ішімдік ішпе» деген уағыздары қызықтырған болса керек. Будда храмдары (ғибадатханасы) Жетісу жерінде Акбешім, Краснореченск ортағасырлық қалаларында, Сайрамда (Испиджаб) табылды.
Буддизм кесенесі
Несториандық бағыттағы христиан діні
Қазақ жеріне V ғасырда несториандық бағыттағы христиан діні де аздап таралды. Римдік діндар Нестор Христосты «Құдай емес, — адам, Құдайдың жердегі өкілі ғана» дегені үшін Шығыс Рим империясынан қуылған еді. Христиан дінінің осы несториандық ағымы VII—VIII ғасырларда Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан жерінде христиандық шіркеулерді көптеп салған. Алдымен христиандықты қабылдаған қарлұктар болған, шіркеулер Тараз, Мерке, Қойлық, Жамұқат, Науакент, Фараб, т.б. қалаларды қазғанда табылды. XIV ғасырда қазак жерінен жүріп өткен Вильгельм Рубрук Қойлық қаласында (Іле жазығы) қасиетті Матвейдің монастыры болғанын хабарлайды.
Жалпы, христиан дінін қазақ жеріне, одан Шығыс Түркістанға, тіпті сонау Монғолияға дейін таратқан — Нестордың ізін қуушы сириялық христиандар еді. X—XI ғасырларда христиан дініне керейлердің, наймандардың біразы кіргендігі жөнінде тарихи деректер бар. IX ғасырдан бастап қазақ жеріне орныққан мұсылман діні христиандықты ығыстыра бастады. Христиан шіркеулері көп жерде мешітке айналдырылды. Кей жерлерде христиандық пен мұсылмандық қатар өмір сүрді. Тіпті, кейде христиан католиктеріні ел басқарушы мұсылман халифтер тағайындады. Бірақ монғолдардың жаулап алу кезеңінде (XIII ғасырда) христиан дінінің ықпалы қайта күшейді. Өйткені кезінде монғол хандарының біразы христиан дінін қабылдаған болатын. Мысалы, Батыйдың ұлы Сартақ несториандық дінге үлкен қолдау жасаған. Жалпы, христиан діні қазақтың оңтүстік, оңтүстік-шығыс, шығыс аймақтарындағы ру-тайпалардың арасында әр жерде қауым болып, бірде әлсіреп, бірде күшейіп, XIV ғасырдың соңына дейін өмір сүрді. Олардан қалған тарихи жәдігерлер археологиялық қазбалардан белгілі шіркеулер қалдығы, сирия тілінде қағазға, қышқа жазылған христиандық уағыздар, крест рәміздер, иконалар, металл крестер және ортағасырлық авторлардың мәліметтері. Несториандық христиан дінінің ең бір кең тараған белгісі — крест пен көгершін.
Манихей діні
Түркі қағанаты заманында Орталық Азия мен Қазақстан жерінде манихей діні де таралды. Манихей діні — зороастризм, шаманизм, буддизм, христиандық діндердің қосындысынан шыққан қойыртпақ дін. Оны месопотамиялық жазушы, суретші Мани деген ойлап тапқан. Оның қасиетті қағидалары «Бал ашу кітабында» жазылған. Қазақ жерінде манихейліктің орталығы Тараз қаласында болды. Манихейліктің негізгі қағидасы — дуализм, ол бойынша дүниеде екі түрлі күш бар, оның бірі — адалдық күші де, екіншісі — арамдық (жауыздық) күші. Өмір осы екі қарама-қарсы күштердің күресінен тұрады. Манихей діні жаман пиғылды күштерді құртуға бағытталған. Манихейлік дін адамды аскетизмге тәрбиелеп, бұл дүниедегі қызықтардың бәрінен бас тартуға шақырды. Олардың ілімі бойынша, үйленуге, бала сүюге, ыстық қанды хайуанаттардың етін жеуге болмайды. Тек суық қанды жәндіктер — бақа мен жыланның етін жеуге болады, негізінен, шөп тағамдарын ғана жеуге шақырды. Дегенмен де манихейлік дін біздің жерімізде кең тамыр жая алған жоқ.
Ислам діні
Ислам діні қазақ жеріне VIII ғасырдан бастап ене бастады. Ислам, алдымен, Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу жеріне таралды. X ғасырда ислам діні Қарахандар мемлекетінің ресми дініне айналды. Оңтүстікте жақсы дамыған қала мәдениеті мұсылманшылықтың орнығуына оңды ықпал етті. Ислам діні — өте икемшіл дін. Ол құранда жазылған уағыздар, шариғатта көрсетілген талаптарды халық бойына сіңіре отырып, сол халықтардың жергілікті әдет-ғұрыптарына икемделе де білген, олармен санасқан. Мұсылмандық: »суннит», шийттік болып екіге бөлінеді. Қазақтар оның сунниттік бағытына жатады.
Ислам дінінің қазақ жерінде орнауы халықтың рухани, идеялық жағынан бірігуіне, ынтымақтасуына жағдай жасады. Мұсылмандық: кентті (қалалы) өңірлерде, ең алдымен, оңтүстікте, содан соң Жетісуда таралып орнықты. Орталық, шығыс, солтүстік, батыс аймақтарындағы көшпелі, жартылай көшпелі казақтар арасында ислам діні XII ғасырға дейін біртіндеп таралды. Мұсылмандық этикасының, мәдениетінің казак жеріне таралуына әл-Фараби ат-Түрки, әл-Жаухари, Исхан әл- Фараби, әл-Қимани, Бақырғани, Жүсіп Баласағүни, Махмұд Қашқари, Қожа Ахмет Йасауи, т.б. өлшеусіз еңбек етті.
Ислам діні — қазақ халқын мұсылмандық мәдениетке жақындастырып, ғылым-білімнің, әдебиеттің дамуына да оң әсер етті. Исламның адамды жақсы істерге, ой тазалығына, қарапайымдылыққа, шыдамдылыққа тәрбиелеуі — қалың бұқара арасында бұл дін уағыздарының кең таралуына жағдай жасады.
Қазақтың ілім-білімдері
Қазақ халқы өзінің тұрмысында, шаруашылығында, дүниетанымында көптеген тиімді білімдерге қол жеткізген.
Қазақтың аспан әлемі, жұлдыздар жөніндегі түсініктері өте бай. Түнде жол жүріп келе жатқан жолаушы өзінің бағытын, уақыттың мезгілін жұлдыздар арқылы анықтаған. Қазақтың жол жүргенде басты бағдары болған жұлдыз — ол солтүстікте орналасқан Темірқазық жұлдызы. Темірқазық десе, темір қазық, ол ешқашан орнынан қозғалмайды. Темірқазықты айналып жүретін жеті жұлдызды Жетіқарақшы дейді.
Қазақ жұлдыздарға қарап жыл мезгілін де анықтаған. Үркер жұлдызының жерге жақындауы — көктемнің жақындап қалуының белгісі. Жаз шыға бастағанда Үркер жерге тіпті жақындап келіп, соңында жерге түскендей болып көрінбей кетеді. Үркердің жерге түсуінен жаз айы — шілде басталады. Үркер қайтадан көріне бастаса, күздің жақындағаны.
Қазақ есепшілері Үркер жұлдызының орналасуына қарай жыл мезгілін анықтап отырған. Үркер күздің басында (қыркүйек) шығыстан, қыстың басында (желтоқсан) төбеден, көктемнің басында (наурыз) батыстан көрінеді, ал жазда мүлде көрінбей кетеді. Үркер көрінбеген жаз күндерін 40 күн шілде деп атайды. Қазақта Үркерге байланысты мынандай мақалдар қалыптасқан: «Үркер жерге түспей жер қызбайды», «Үркерлі айдың бәрі суық», «Үркер туса, сорпа ас болады», «Үркер көтерілгенде, шөп те көтеріледі», т.б.
Қазақтар дүниенің бағытын бетін шығысқа қаратып тұрып анықтаған. Шығысқа беттеп тұрған адамның маңдай алды шығыс, арқасы — батыс, оң қолы — оңтүстік, сол қолы — солтүстікті бағыттаған.
Қазақтар Құс жолы деп аталатын, оңтүстіктен солтүстікке қарай ақ жолақ болып жатқан мыңдаған жұлдыздар шоғырын да бағдарлық белгі ретінде пайдаланған.
Таң ата туатын жазғы жұлдызды Шолпан деп атаған. Алысқа аттанатын жолаушы таң Шолпаны көрінісімен жолға шығатын болған. Қыста малды кешкі Шолпан жұлдызына қарап қораға кіргізген.
Қазақша ай аттарының мәні
Қазақта жыл басы — наурыз. Бұл ай атауы бізге Соғды мен Хорезм арқылы ежелгі парсы тілінен келген. Наурыз деген сөздің парсыша мағынасы «жаңа кұн». Көкек — бұл ай көкектің алғаш шақыра бастайтын айы, сондықтан оны осылай атаған. Мамыр — семірген дала қазының ұша алмай мамырлап қалуынан шыққан деседі. Енді бір түсіндіру бойынша мамыр — жыл құстарының балапаны. Маусым айының қазақта екі түрлі атауы бар: маусым және отамалы. Отамалы деген жер отайып, мал көкке қарық болды деген сөз. Шілде — парсының «чіллә» — қырық деген сөзінен шыққан. Тамыз айын қазақтар сарша тамыз деп атаған. Сарша — шөптің сарғая бастағанын білдірсе керек. Қырқүйек — бұл ай күйектің алынатын кезі, сондықтан қыркүйек атанған. Қазан — бұл ай атауына байланысты нақты дәлелді түсіндіру жоқ. Көпшілік зерттеушілер: «Бұл айда күздік соғым сойылып, қазан көбірек асыла бастайды, 184 осымен байланысты», — дейді. Қараша айында жер такырланып, қарайып қалады, содан шыққан деген түсінік бар. Енді бір зерттеушілер қараша сөзін хараж—салық деген ұғымнан шығарады. Орта ғасырларда осы айда елден салық жиналатын болған. Желтоқсан (тоқсан деп те атайды) — жылдың ақырғы ширегі, наурызға дейін 90 күн қыс бар деген ұғымнан шыққан. Қаңтар — күннің «қаңтарылып байланатын», одан ары қысқара алмайтын айы. Қаңтарда күн кысқарып, түн ұзарып болады. Ақпан — малдың жұтауы, суық желден ығатын кезі. Ақпан сөзін ғалымдар, «ақ-ықпа» деген сөздің бірігіп кеткен түрі деп есептейді.
Мүшел
Қазақ жылды мүшел арқылы қайырған. 12 жылда бір мүшел болады деп есептеген. Мүшелге кіретін 12 жылдың әрқайсысы хайуанаттардың атымен аталады.
жыл — тышқан
жыл — сиыр,
жыл — барыс,
жыл — қоян,
жыл — ұлу,
жыл — жылан,
жыл — жылқы,
жыл — қой,
жыл — мешін,
жыл — тауық,
жыл — ит,
жыл — доңыз.
Мүшел есебін көптеген елдер пайдаланады. Шығысында Жапониядан, батысында Болгарияға дейінгі, оңтүстікте Бирмадан бастап солтүстікте Сібір халықтарына дейінгі елдердің көпшілігі бұл жыл есебін жақсы білген.
Әрбір 12 жылда бір мүшел аяқталады, одан соң екінші мүшел басталады. Қазақ адам жасын мүшелмен есептеген және мүшел жас адамға ауыр болады деп түсінген. Сондықтан мүшел жаста адам сақтанып, күтініп жүрген. Бірінші мүшел 12 жас пен 13-тің арасы, екінші мүшел 24 пен 25-тің арасы, үшінші мүшел 36-дан 37-ге шыққанда, төртінші мүшел 48 бен 49 жастың арасы, бесінші 60 пен 61 аралығы, алтыншы 72-ден 73-ке толғанша, жетінші мүшел 84-тен 85-ке қараған, сегізінші мүшел 96 мен 97 жас аралығында болады.[1]
Пайдаланылған әдебиет
↑ Қазақстан тарихы: Жалпы білім беретін мектептің қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы 10-сыныбына арналған оқулық / Ә. Төлеубаев, Ж. Қасымбаев, М. Қойгелдиев, т.б. — Алматы: «Мектеп» баспасы, 2006. — 232 бет, суретті. ISBN 9965-33-633-4
Wikipedia-dan alip tur go muni! Al bilai zhaman emes.Birak az!
Budda dininin orta gasirda kazak zherinde bolganina dalel aitinizwi??Kerek bop tur