Ғұн дәуірінің ескерткіштері
Ғұн дәуірінің ескерткіштері – Солтүстік Қытай мен Қиыр Шығыстан бастап Дунай, Карпат өлкелеріне дейінгі аралықта ғұндар дәуірінен (б.з.б. 2 – б.з. 5 ғасырлар) сақталған қоныстар, обалар, ғұрыптық құрылыстар, металл өндіру орындары және кездейсоқ табылған көмбелер мен жекелеген заттардың ғылымдағы жиынтық атауы. Оларды зерттеу жұмыстарына бір ғасыр бойы Азия мен Еуропаның ондаған ғалымдары қатысты. Алғаш 100-ден астам обаны Байкал сыртында (Бурятия) 19 ғасырдың соңында Ю.Талько-Грынцевич қазды. 1924–1925 жылдары П.К.Козлов экспедициясы Солтүстік Моңғолиядағы Ноин-Ула үлкен обаларын зерттегеннен кейін ғұн мәдениеті айқындала түсті. Шығыс ғұндардың негізгі ескерткіштері Ордос, Моңғолия, Бурятияда, ішінара Саян-Алтай, Енисей, Қиыр Шығыс өлкелеріне тараған. Оларды С.И.Руденко, Л.Р.Кызласов, С.В.Киселев, С.И.Вайнштейн, А.М.Мандельштам, А.Давыдова, С.Миняев (Ресей), Х.Пэрлээ, Ц.Доржсурен (Моңғолия) және қытай, жапон, еуропа ғалымдары зерттеді.
Мұндағы ғұн ескерткіштері б.з.б. 2 – б.з. 5 ғасырлар аралығын қамтиды және «суджа», «дерестуй» деп екі мерзімдік топқа бөлінеді. 20-ға жуық қоныс, мыңдаған оба тіркелген. Бірнеше қоныс пен 900-ге жуық оба қазылды. Бурятиядағы Селенга өзені бойынан қазылған Иволга қалашығының маңызы зор. Мұнда орташа аумағы 5х4 м, балшық қабырғалы, төбесі екі қанатты ағаш шатырмен жабылған 54 үйдің орны анықталды. Қабірлер ұзынша пішінде қазылған, мүрделер ағаш табытқа салынып, басы солтүстікке қаратыла 1–2 м тереңдікте жерленген. Ал үлкен обаларда ағаш табыт бөренеден жасалған қима ішіне салынған. Қабірдегі заттар арасында Қытай бұйымдарынан айна мен теңгелер жиі кездеседі және олардың ескерткіштердің уақытын анықтауда үлкен мәні бар. Ноин-Уланың үлкен обалары тас пен топырақтан үйілген. Бұл жерде жерленген ғұн көсемдерінің мүрделері өте терең шұңқыр ішіне орнатылған қос қабатты бөрене қималарға қойылған. Тақтай табыт пен бөрене қималар, қабірдің бас жағына мал бастарының салынуы ғұндар мәдениетінің тұрақты белгілеріне жатады. Темір ұшты жебелерге сүйек ысқырғыштар қондырылған, белдік қапсырмаларына аңшылық сюжеттері мен зооморфты бейнелер тән. Қыш ыдыста толқынды сызықтар түріндегі оюлар жиі кездеседі. Сондай-ақ ағаш, металл ыдыстар да көптеп қолданылған. Ағаш ерлердің ежелгі түрлері пайдаланылған. «Ғұн садағының» ұзындығы 1,5 м. Сүйек пластиналармен мейлінше күшейтілген, күрделі әрі ауыр садақтың осы түрі жебені сақ садағына қарағанда әлдеқайда алысқа атқан.
Ғұн мәдениетіне тән айрықша үлгілер, негізінен, үлкен обалардан алынды. Ғұн дәуірінің ескерткіштерінің келесі топтарына Қазақстан, Орталық Азия, Батыс Сібір, Орал мен Еділдің оңтүстік өлкелеріндегі түрлі жәдігерлер және 4–5 ғ-ларда Еуропаға барған ғұндардан қалған қабірлер мен көмбелер жатады. Шығыстағы тарихи ғұн мәдениетінің таза сипаттағы ескерткіштері бұл өлкелерге тән емес. Жергілікті қаңлы, үйсін, сармат, т.б. мәдениеттердің ескерткіштері тараған. Бұларға шығыстық ғұн элементтері қосылып, кей өлкелерде «кеңқол» тәрізді аралас сипаттағы ескерткіштер тобы пайда болған. Жалпы, шығыстық элементтерден, әсіресе, қару-жарақтағы, қыш ыдыстағы, жекелеген бұйым түрлеріндегі ықпалдарды айтуға болады. Жерлеу ғұрпында да өзгерістер байқалады. Оларды А.Н.Бернштам, Ю.А.Заднепровский, С.Сорокин, К.Ақышев, И.Қожамбердиев, А.Максимова, М.Қадырбаев, Б.Нұрмұханбетов, Л.Левина, В.Могильников, И.Засецкая, М.Мошкова, О.Обельченко, т.б. зерттеді. Кеңқол ескерткіштері Шу мен Таластың жоғарғы алқаптарында ашылды, олардың кейбір ықпалдары Оңтүстік Қазақстандағы Жамантоғай, Шәушіқұм, Бөріжар зираттарынан байқалады. Сонымен қатар ғұн әсері бар Жетіасар мәдениетінің (Арал маңы), құлажорға (Шығыс Қазақстан), қорғантас (Орт. Қазақстан) кезеңдерінің ескерткіштері зерттелуде. Жетісудағы Қарғалы, Теңдік зираттарынан көптеген сәнді алтын бұйымдар, Ақтастағы қоныс пен зираттан құнды деректер алынған. Батыс өлкелердегі сармат тайпаларының соңғы кезеңдеріндегі ескерткіштерінде шығыс ғұндар ықпалы байқалады.
Қазақстаннан бастап Қара теңіз, Дунай, Қарпатқа дейін тараған 4–5 ғ-ларға жататын ескерткіштер ерекше топты құрайды. Бұлардың негізі қару-жарағы мен бағалы бұйымдары көп бекзадалардың, атақты жауынгерлердің қабірлері, жиі кездесетін көмбелері болып табылады. Айрықша белгілері – полихромды стильмен жасалған бағалы бұйымдар. Олар шығыс ғұндарының мәдениетінде жоқ кейін қалыптасқан дәстүрге жатады. Асыл тастар, түсті шынылар орнату, сіркелеу (зернь), сымкәптеу (скань), бөгетті эмаль және алтын-күмістеу тәсілдерін қолданып жасаған сәнді бұйымдар Қазақстанда (Бурабай, Қарағаш, Қанаттас, Батыр), одан әрі батысқа қарай Еуропа жерлерінен көптеп табылды. Шығыс ғұн ескерткіштері мен Еуропаға барған ғұндарға қатысты ескерткіштердің арасындағы тікелей генетик. сабақтастық ғылымда дәлелденбеген. Кейбір байланыстар тек жекелеген бұйымдардан ғана байқалады. Солтүстік Кавказға, Еуропаға барған тайпалардың мәдени бейнесінде Қазақстан, Еділ бойын жергілікті мәдениеттерінің салмағы басым.
Пайдаланған әдебиет
↑ “Қазақстан”: Ұлттық энцклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9
↑ Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8