Хиуа хандығы
Хиуа хандығы — 1512 — 1920 жылдар аралығында Орталық Азияда өмір сүрген мемлекет. Өзбек ханы Елбарыстың басшылығымен, Шайбани әулетінен бөліну негізінде құрылды. Астанасы бастапқы кезде Вазир мен Үргеніш қалалары болды. 16 ғасырдың 70-жылдары астана Хиуа қаласына көшірілді. Елбарыс хан билік еткен 1512 — 16 жылдары Хиуа хандығы ұлыстарға бөлініп, оларды ханның туыстары басқарды. Алғашқы кезде құрамына Хорезм, көшпелі түрікмендердің Маңғыстаудағы Дихистан мен Үзбой бойындағы аумақтары мен Хорасанның солтүстік бөлігі енді. Елбарыс қайтыс болғаннан кейінгі кезеңде Хиуа хандығында Сұлтан Қажы хан (1516), Құсайын Құли хан (1517), Суфие хан (1517 — 22), Бужақа хан (1523 — 26), Аванем хан (1527 — 38), Әли хан (1538 — 47), Ақатай хан (1547 — 56), Жүніс хан (1556 — 57), Досты хан (1557 — 58), Қажы Мұхаммед хан (1559 — 1602) билік жүргізді. Осы билеушілер кезінде Хиуа хандығы өзара тақ тартысынан көз ашпады. Бұхар хандығымен де соғыс жүргізді. 1537, 1593, 1595 жылдары Бұхар хандығы Хиуа хандығына жойқын жорықтар жасап, қысқа мерзімге болса да өзіне бағындырды. 17 ғасырдың бас кезінде билік еткен Араб Мұхаммед ханның тұсында Хиуа хандығы күшейіп, сыртқы жауларына, қалмақтардың шапқыншылығына тойтарыс берді. 1740 жылы хандықты Иран билеушісі Надир шах Афшар басып алды. Бірақ ол қайтыс болғаннан кейін хандық қайтадан өз тәуелсіздігін алды. Хиуа хандығындағы өзара тартыс бұдан кейін қайта жалғасты. Өзара билікке таласқан Хиуа шонжарлары билікке кейде қазақ сұлтандарын да шақырды (қ. Қайып). Бұл күресте қоңырат тайпасының билеушісі Ишан Мұхаммедәлі жеңіп шығып, жаңа Хиуа — Қоңырат әулетінің негізі қаланды. (1763). Бұл әулет алғашында өздері тағайындаған хандар арқылы билік жүргізді, ал 19 ғасырдың бас кезінде өз тайпаластары Елтүзерді (1804 — 06) таққа отырғызды. Қоңырат әулетінің ірі өкілі Мұхаммед Рахым хан болды (1806 — 25). Ол Хиуа хандығын бір орталлыққа біріктірді. Жоғарғы кеңес құрып, салық реформасын жүзеге асырды, мемлекеттік кірісті ұлғайтты, көршілес ұсақ иеліктерді (Арал маңы, қарақалпақтар, т.б.) бағындырды. Бұл орталық өкіметтің нығайып, күшейген кезеңі болды. 1714 — 17 жылы Петр І патша Хиуаға А.Бекович-Черкасский басқарған экспедиция аттандырды (қ. Хиуа экспедициясы). 19 ғасырдың бас кезінде Хиуа хандығы Арал маңы мен Үстіртті мекендеген Кіші жүз қазақтарына шабуыл жасауды үдетті (қ. Хиуа хандығының Қазақстанға шапқыншылығы). Орталық Азия үшін күресте Ұлыбританиямен бәсекелескен Ресей өкіметі 1839 — 40 жылы В.А. Перовскийдің басшылығымен Хиуа хандығына қарсы әскери шабуыл ұйымдастырды. Кіші жүзді билеген кейбір қазақ билеушілерінің көмегіне қарамастан Ресей империясының бұл әрекеті сәтсіз аяқталды. Бірақ Орталық Азияға біржолата орнығуды көздеген Ресей отаршылары Хиуа хандығына үнемі әскери және экономикалық қысым жасап отырды. Ақыры 1873 жылы К.П. Кауфман бастаған Ресей әскерлері Хиуаны басып алды. 1873 жылы келісім бойынша Хиуа хандығы Әмударияның оң жағалауындағы жерлерден бас тартты, егемендігінен айрылып, Ресей протекторатына айналды. Хиуа хандығының тұрғын халқы — өзбек, түрікмен, қарақалпақ, қазақтар суармалы егіншілікпен және мал шаруашылығымен айналысты. Экспортқа мақта, кептірілген жеміс, мал терісі мен жүн шығарылды. 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін көп ұзамай кеңес өкіметінің қысымымен 1920 жылы 2 ақпанда Хиуа хандығы құлап, оның орнына Хорезм Халық Кеңес Республикасы құрылды. 1924 — 25 жылы кеңес өкіметі орталық Азия республикаларының шекараларын межелеген кезде көпшілік бөлігі Өзбекстанның құрамына, қалған бөлігі Түрікменстанның құрамына енгізілді.
Пайдаланған әдебиет
↑ «Қазақ Энциклопедиясы», 9 том
↑ Отырар. Энциклопедия. – Алматы. «Арыс» баспасы, 2005 ISBN: 9965-17-272-2