Сарытөбе
Сарытөбе – ортағасырлық қоныс орны. Байзақ ауданы Жаңатұрмыс ауылынан 2,5 км солтүстік-батыста. 1978 жылы Жамбыл облысы тарихи-өлкетану музейінің экспедициясы ашып, зерттеу жұмыстарын жүргізген. «Алаңқайлы төбе» түріндегі бұл қоныс жобасы тікбұрышты. Бұрыштары әлемнің төрт бұрышына қараған. Төбе ұзындығы 120 м, ені 40 м. Оның қасында диаметрі 40 м шамасында, биіктігі 3 м төбе және оған жанасып жатқан төбешік бар. Қонысты табандығы 9 – 10 м, биіктігі 1,5 болатын жал қоршап жатыр. Зерттеу барысында құм, түрлі қыш ыдыстар сынықтары кездескен. Олардың көбісі сырсыз. Табылған бұйымдарға қарағанда Сарытөбені халқы VII – IX ғасырларда мекендеп, егін және мал шаруашылықтарымен шұғылданған.