Омар Алмасов
Алмасов Омар (Ғұмар) (т.ж.б. — 1920) — Алаш қозғалысының қайраткері. Мұғалімдер семинариясында оқыған. 1916 ж. тамызда Торғай, Ақмола, Семей, Сырдария, Жетісу облыстары өкілдерінің Орынборда өткен кеңесінің хатшысы болды. Онда патша өкіметінің маусым жарлығына қарсы қазақ халқының көтерілісі жөніндегі Алаш қозғалысы басшыларының (Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов) пікірін қолдады. 1917 ж. 2-8 сәуірде Торғай облысы қазақтарының съезін ұйымдастырушылардың бірі әрі хатшысы (Орынбор). 2-Бүкілқазақ съезінде (Орынбор, 5-13.12.1917). Алмасов Қазақ Автономиясын Қазақстандағы өзге ұлттар өкілдерінің көзқарасын анықтаған соң және халық милициясын құрғаннан кейін жариялауды жақтаған көпшіліктің қатарында дауыс берді. Съезде ол Халық Кеңесінің мүшелігіне кандидат етіп сайланды. Алмасов Торғай өңірінде Кеңес өкіметіне қарулы қарсылықты ұйымдастыруға белсене қатысты. Алашорданың Торғай облысы әскери сотының бастығы болды. Алашорда атынан А.Байтұрсыновпен бірге Кеңес үкіметімен келіссөз жүргізді (1918 ж., наурыз). Аққұмда (Торғай) өзін тұтқындауға келген қызыл әскерлермен атыста оққа ұшты.
Пайдаланған әдебиет
↑ “Қазақстан”: Ұлттық энцклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9
↑ «Алаш» қозғалысы. Алматы, 2008. ISBN 9965-32-715-7