Махмұд Ибн Уәли
Махмұд Ибн Уәли, Махмұд бин Әмір Уәли (1595/96, Балх — ө.ж.б.) — тарихшы, әдебиетші. 17 ғ-дың 1-жартысында өмір сүрген. Өз заманының жан-жақты білімді адамы болған. Орта ғасырдағы Қазақстан мен Орт. Азия тарихы жөніндегі аса құнды деректеме саналатын “Бахр әл-асрар фи манақиб әл-ахйар” (“Мейірбан адамдардың ізгі қасиеттері жайлы телегей-теңіз құпия сырлар”), т.б. шығармалар жазған.
Оның “Махаббатнаме”, “Наджм-и сакиб”, “Ахлақ-и Хусайни” атты қасидалар мен ғазелдер жинағы және “Равайих-и тайиба” атты сопылық танымдағы шығармасы бар.1625 — 30 ж. Үндістанға саяхат жасап, Кабул, Пешавар, Лахор, Дели, Аллахабад, Бенарес, Калькутта, т.б. қ-ларда болды. Үндістаннан қайтып оралған соң Аштархан әулетінен шыққан Нәдір Мұхаммед ханның сарайында қызмет істеп, әуелі Балхта, сонан соң Бұхарада тұрды. Жоғарыда аталған негізгі еңбегін Нәдір Мұхаммедтің тапсыруы бойынша 1634 ж. 24 қыркүйекте бастап, 1640/41 ж. аяқтаған. “Бахр әл-асрар” — энциклопед. көлемді шығарма (7 том). М. ибн У. бұл шығармасын жазуда араб, парсы-тәжік және түрік тілдерінде бұрынырақ түзілген (Ибн әл-Факих, Табари, әл-Истахри, Әбу Райхан әл-Бируни, Ата Мәлік Жуайни, Фазлаллах Рашид әд-Дин, Шараф әд-Дин Әли Йезди, Масуд бин Осман Кухистани, Әмин Ахмед Рази, Зайн әд-Дин Махмуд Васифи, т.б. ғалымдар шығармаларын) еңбектерді пайдаланған. Сонымен қатар бұл еңбекте қазақ хандарының шығу тегі, Ақ Орда, Әбілхайыр хан мемлекеті, Қазақ хандығының тарихына қатысты, 16 — 17 ғ-лардың басындағы қазақ, Орта Азия халықтары, қазақ-моғол қатынастары, Есім және басқа қазақ хандарының Шығ. Түркістандағы Шағатай әулетінің өзара талас-тартысына қатысуы жайлы да мәліметтер бар.