Кәсіпорынның табыстылығының көрсеткіштері және оларды талдау
Кәсіпорынның табыстылығының көрсеткіштері және оларды талдау
Кәсіпорынның нарықтық экономика жағдайында қызмет етуінің экономикалық пайдалылығы пайда табумен анықталады. Кәсіпорынның табыстылығы абсолюттік және салыстырмалы көрсеткіштермен сипатталады. Табыстылықтың абсолютті көрсеткіші – бұл табыстар немесе пайдалардың сомасы.
Ықшамдалған түрде « табыс » түсінігі 1995 жылы 26 желтоқсандағы « Бухгалтерлік есеп туралы » заң күші бар ҚР Президентінің 2732 Жарлығында анықталған. Жарлықтың 13 – бабында былай делінген : « Табыстар – бұл есептік кезеңдегі активтердің ұлғаюы немесе міндеттемелердің азаюы ». Белгілі бір шығындар шығармай әдетте қажетті табыстарды алу мүмкін емес. Өз кезегінде, табыс алмай кәсіпорынның дамуын жүзеге асыру және әлеуметтік мәселелерді шешу мүмкін емес.
Табыстылықтың көрсеткіштер жүйесі ең алдымен қаржылық нәтижелердің абсолютті көрсеткіштерінен тұрады, олар : өнімді өткізуден алынатын табыс; жалпы табыс; негізгі қызметтен алынатын табыс; салық салынғанға дейінгі табыс; салық салынғаннан кейінгі табыс; кәсіпорын қызметінің соңғы қаржылық нәтижесі болып табылатын таза табыс.
Табыстылықтың бірінші абсолютті көрсеткіші өнімді өткізуден алынатын табыс болып табылады. Ол қаржы – шаруашылық қызметінің нәтижесі туралы есепте қосымша құн салығы, және т.с.с. салықтар мен міндетті төлемдер, сондай – ақ қайтарылған тауарлардың құны, сату шегерімдері және баға шегерімдері алынып тасталып көрсетіледі.
Табыстылықтың екінші абсолютті көрсеткіші – жалпы табыс. Ол өнімді өткізудің қаржылық нәтижесін білдіреді және негізгі қызмет нәтижесінде өнімді өткізуден алынатын табыс пен өткізілген өнімнің өндірістік өзіндік құны арасындағы айырма ретінде анықталады.
Жалпы табысқа әсер ететін маңызды фактор өндірістік өзіндік құн, сондықтан оның төмендеуі оның көлеміне көп әсерін тигізеді.
Кәсіпорын табысы бағаның өсуі есебінен жоғары қарқынмен өседі. Бағаның өсуі өзінше теріс фактор болып табылмайды. Егер өнімге деген сұраныстың өсуі мен шығарылатын өнімнің техника – экономикалық параметрлердің және тұтынушылық қасиетінің жақсаруымен байланысты болса, онда ол дәлелді болады .
Жоғарыда аталған факторлардың жалпы табысқа әсерін анықтау үшін қаржы – шаруашылық қызметінің нәтижелері туралы есептің мәліметтері бойынша келесі талдау кестесін құруға болады.
Осы мәліметтерге сүйене отырып, жоғарыда көрсетілген факторлардың жалпы табыстың өзгеруіне тигізген әсерін анықтайық:
1. Бағаның өсуі табысқа қалай әсер еткенін анықтау үшін, 2006 жылы өнімді өткізуден түскен табысты 2005 жылдың еркін сатылу бағасымен ( ҚҚС және акцизсіз ) қайта есептеп, содан кейін оны 2006 жылдың еркін сату бағасымен ( ҚҚС және акцизсіз ) есептелген өнімді өткізуден түскен табыспен салыстыру қажет. Алынған айырма бағалар қандай сомаға өзгергендігін ( өскенін немесе кемігендігін ) және сәйкесінше табыстың да өзгерісін көрсетеді.
2006 жылдағы өнімді өткізуден түскен табыс 2005 жылғы бағамен:
215000 / 1,05 = 204761.
Бағалардың өзгерісі және оның жалпы табысқа әсері:
215000 – 204761 = 10239 мың теңгені құрады.
Кәсіпорынның еркін сату бағасының өсуі есебінен түскен 2006 жылдағы қосымша табыс 10239 мың теңгені құраған.
2. Өткізуден түскен табыстың әсерін келесі жолмен анықтаймыз.
2005 жылығы өткізілген өнімнің 1 теңгесіне шаққандағы табысының деңгейі тұрғысынан алатын болсақ, онда оның абсолютті сомадағы өсімі немесе азаюы өнімді өткізуден түскен табыстың өсуі немесе азаюына пропорционалды түрде болуы тиіс.
Біздің талдауымызда 2005 жылмен салыстырғанда өнімді өткізуден түскен табыс 2,5 % — ға [( 204761 / 210000 * 100 = 97,5 ); 100 – 97,5 = 2,5] көбейген. Нәтижесінде өнімді өткізуден түскен табыстың өсуі есебінен жалпы табыстың өсімі 997,5 мың теңгені [ 39900 * 2,5 / 100 ] құраған. Есептеуді, 2005 жылғы өнімді сатудан түскен табыстың 1 теңгесіне шаққандағы жалпы табысты, өнімді сатудан түскен табыстың артуы немесе кемуіне көбейту арқылы жүргізуге болады:
[ 39900 / 210000 * ( 204761 – 210000 ) ] = — 997,5 мың теңге.
3. Өткізілген өнімнен алынған табыстың 1 теңгесіне шаққандағы шығындар деңгейінің ықпалы, 2006 жылы өткізілген өнімнен түскен табыстың 1 теңгесіне шаққандағы шығындардың нақты деңгейі мен 2005 жылғы шығындар деңгейі арасындағы айырмасы ретінде анықталады және бұл айырманы 2006 жылдағы салыстырмалы бағамен есептегендегі өнімді өткізуден алынатын нақты табысқа көбейтеді. Нәтижесі шығынның кемуі немесе артуы кему есебінен жалпы табыс көлемінің қаншалықты өзгергендігін көрсетеді. Есептеу:
[ ( 167700 / 204761 ) – ( 170100 / 210000 ) ] * 204761 = 2047 мың теңге.
Өткізілген өнімнен алынатын табыстың 1 теңгесіне шаққандағы шығындардың азаюы нәтижесінде жалпы табыс 2047 мың теңгеге өсті.
Өнімнің өзіндік құны осы сомаға кеміген және сәйкесінше бұл жалпы табыстың өсуіне әкелді.
Үш фактордың ықпалы нәтижесінде жалпы табыс 11288,5 мың теңгеге [ ( +10239 – 997,5 + 2047 ) = 11288,5 ] өсті.