Кривой рог темір кенді алабы
Кривой рог темір кенді алабы – дүние жүзіндегі аса ірі темір кен орындарының бірі, Украина республикасында. Ол Украина кристалдық қалқанының протерозойлық Кривой Рог қабаты жыныстары арасында орналасқан. Қабат жыныстары батысы мен шығысында архейлік кристалдық тақтатас, гнейс және мигматит таралған темірлі роговиктерден тұрады. Кен алабы субмеридиандық бағытта шамамен 100 км-ге созылып (ені 6 – 7 км) Кременчуг магнит аномалиясына, одан әрі Курск магнит аномалиясына ұласады. Құрылымдық тұрғыдан күрделі қатпарлы синклинальдік белдемге жатады. Мұндағы тау жыныстары ұзақ уақытқа созылған пәрменді дислокациялар мен метаморфизм әсерінен қатты өзгерген және деформацияланған. Алаптағы кен денелері жұтаң және бай болып бөлінеді. Жұтаң кен денелері (темір мөлш. 25 – 43%) қалыңд. жүздеген метрден ондаған км-ге созылған қабаттар сериясынан тұрады. Ол кварц пен темір минералдары (магнетит, гематит, мартит) қабатшаларының алмаса орналасуынан құралған. Бай кендер (темір мөлш. 50%-дан астам) тектоник. күштермен күрделенген флексураларда, қатпарлар топсасында және жарықшақтану белдеміндегі темірлі кварциттер арасында орналасқан. Бұларда темір мөлшерінің көп болуы эпигенетик. процестермен байланысты. Кен денелері қабат, линза, таспа және діңгек пішінді болып келеді. Негізгі минералдары: магнетит, мартит, гематит және гидрогематит, сондай-ақ, кварц, хлорит, биотит, карбонаттар, дала шпаттары кездеседі. Кен алабы аймақтық метаморфталған кен орындары типіне жатады. Кен алабынан темір 1887 жылдан өндіріледі. Темір кентасының жалпы қоры 20 млрд. т-дан астам.