Жайық сырты бөлігін басқару жөніндегі азаматтық комитет
Жайық сырты бөлігін басқару жөніндегі азаматтық комитет — Жайық өзенінің сол жағалауын қоныстанған қазақ ауылдарын басқару мақсатында 1917 ж. Ақпан революциясы жеңісінен соң құрылған атқарушы орган. Революция дүмпуімен етек алған саяси еркіндік және қоғам өмірінің демократиялануы жағдайында, Уақытша үкімет жария еткен әлеуметтік келісім саясатына орай 1917 ж. жаңа стильмен 7 наурыз күні Орал облысындағы қазақ интеллигенция өкілдері мен елдің «игі жақсыларының» бас қосуы нәтижесінде Орал қаласында құрылды. Оның атқару комитетінің төрағасы болып белгілі заңгер Б. Қаратаев, мүшелері болып белгілі ағартушы, Өлеңті болысының управителі F. Әлібеков, Орал облысы басқармасының қызметкері А. Әбенов, Орал уездік полиция басқармасының қызметкері Ы. Тоқберлиев, Жымпиты земстволық ауруханасының меңгерушісі Л.Құceпқалиев және Қароба болысының управителі Ә. Әйтиев сайланды. Жиналыс атынан Қаратаев мемлекеттік Дума төрағасы Родзянконың атына құттықтау жеделхат жолдады. Комитеттің алғашқы мәжілістері негізінен қай ру «неғұрлым революцияшыл», соған орай Жайық сыртын Шыңғыс тұқымы — төрелер басқаруы тиіс пе, не билікті «қара қазаққа» жататын ру өкілдері қолға алуы керек пе деген айтыс төңірегінде жүрді. Осы келіспеушілік салдарынан 1917 ж. 10 наурыз күнгі ұлттық интеллигенция мен ел өкілдері мәжілісінде азаматтық комитет таратылып, оның орнына Жайық сырты бөлігін басқару жөніндегі уақытша комитет құрылды.