Босқыншылық
Босқыншылық— қалыптасқан саяси-әлеуметтік, экономикалық және табиғи-климаттық ауыр ахуалдарға, апаттарға байланысты адамдардың ата қоныстарынан, тұрғылықты мекендерінен амалсыз босып, ауа көшулері. Босқыншылық соғыс салдарынан да орын алады. Қазақ халқының тарихындағы осындай үлкен Босқыншылық 18 ғ-дың 20-жылдарында жоңғар қалмақтарының қазақ жеріне баса-көктеп кіруіне байланысты орын алғаны белгілі. Тарихшы А.И. Левшиннің мәліметтеріне қарағанда, осы зобалаң барысында Ұлы жүздің қырғыннан аман қалған қалдығы Орта жүздің біраз бөлігімен бірге Ходжентке қарай, Орта жүздің үлкен бөлігі — Самарқанға, аз бөлігі Хиуа мен Бұхараға босқын түрінде қаша көшкен. Бұл алапат оқиға ел аузында “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама”, “Сауран айналған” деген атаумен белгілі.
Үлкен Босқыншылық 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысын Ресей үкіметінің аяусыз басып-жаныштауы барысында да орын алды. М. Тынышбаев осы кезеңде Жетісу обл-ндағы екі ғана уездің өзінен “босқан қазақ 67 мың 650 жан, қырылғаны 35 мың 100 жан” болғаны туралы мәлімет береді. Босқындардың едәуір бөлігі Қытайға ауды. Қазақ зиялылары, Алаш қозғалысының қайраткерлері Ә. Бөкейхановтың, А. Байтұрсыновтың, М.Дулатовтың, М.Тынышбаевтың осы босқындарға көмек көрсету ісін белсенді ұйымдастырушылар болғаны тарихымыздан белгілі. Алайда Қытайға босқан қазақтарды өздерінің отанына қайтару тек Уақытша үкімет пен Кеңес билігі тұсында мүмкін болды. 1917 ж. 6 желтоқсанда “Қазақ” газетінде М. Тынышбаев жариялаған дерек бойынша осы босқындардың 95200 адамы қайтыс болған.
Қазақ жеріндегі келесі бір үлкен Босқыншылық 1918 — 20 жылдардағы Азамат соғысы тұсында және 1921 ж. орын алды. Жұт, малдың көктайғақтан қырылуы, қыстың ерте түсуі, шөптің жетіспеуі тәрізді себептерге қосымша, большевиктердің қазақтар қолдарындағы малды Қызыл армия пайдасына жаппай тартып алулары, осындай жүгенсіздіктердің ақтар тарапынан да орын алулары қазақтарды жаппай Босқыншылыққа және қырғынға ұшыратты. Ресми мәліметтер бойынша, Қазақстандағы шаруашылықтар саны 1917 — 23 ж. 25,3%-ке, ал ауыл тұрғындарының саны 38%-ке кеміп кеткен. Босқыншылық ауыртпалығы халық санасында терең із қалдырды. М. Тынышбаев “Қайың сауған” деген ұғымды түсіндіре келіп, босқындардың қайың ағашының сөлімен қалай тамақтанып, күн көргендері туралы халық естелігін әңгімелейді. Ол 1918 ж. Босқыншылық кезінде босқындар қорегіне айналған заттарды ата-бабалары жоңғар шапқыншылығы тұсында да пайдаланғанын, олардың арасында далалық картоп тәрізді “жаужұмыр”, пиязға ұқсайтын “алғыр”, “қозықұйрық” (саңырауқұлақ) тәрізді өсімдіктер кездесетінін айтқан болатын.
Жан түршіктірер алапат Босқыншылық қазақ жерінде 1930 — 33 ж. көшпелі және жартылай көшпелі қазақ шаруаларын зорлап отырықшыландыру және күшпен ұжымдастыру барысында орын алды. Бұл кезеңде жаппай ашаршылықтан аман қалған босқындар санының өзі ғана 1 млн. 150 мың адамға жуық болды. Бұлардың ішінде Қытайға, Иранға, Ауғанстанға өтіп кеткен қазақ босқындары 100 мыңға жуық еді. Сонымен қатар көрші кеңестік республикаға 300 мыңнан астам босқындар бытырап кетті. Бұл жылдары Қазақстанның өз ішіндегі қонысынан ауа көшкен босқындардың қалың легі т.ж. ст-лары мен вокзалдарын қаумалап, үздіксіз орын ауыстырды. Босқындардың ауыр жағдайлары Т. Рысқұловтың, Л. Мирзоянның және т.б. кісілердің И. Сталинге жолдаған хаттарында нақты көрсетілген (қ. “Алтаудың хаты”, “Бесеудің хаты”). Босқыншылықтың кең өріс алуы Қазақстан басшылығын босқындарды орналастыру мәселесімен жүйелі де жоспарлы түрде айналысуға мәжбүр етті. 1932 ж. 31 наурызда өлкелік партия к-тінің бюросы “Қоныстарынан ауа көшкен кедейлер, орташалар қожалықтарын қайтаруды және Қазақстанның өз ішінде орналастыруды ұйымдастыру туралы” арнайы қаулы қабылдады. Қаулы негізінде осы мәселе бойынша мемлекеттік комиссия құрылды. Осындай комиссиялар обл. атқару комитеттері төрағаларының басшылығымен жергілікті жерлерде де құрылды. Бұл комиссиялар жіберген уәкілдер босқындарды елге қайтарумен және орналастырумен айналысты. Алғаш 30000 босқындар шаруашылықтарына көмек беру көзделді. 1932 ж. 13 сәуірде КСРО Халық Комиссарлары Кеңесі “Басқа аудандардан Қазақстанға оралып жатқан қазақтар шаруашылықтарына көмек көрсету туралы” қаулы қабылдап, онда Қазақстанға 1 млн. пұт көлемінде азық-түлікті несиеге бөлу және 2 млн. сом қарыз беру туралы шешімге келді. Қазақстан үкіметі босқындар сандарын анық білмейтіндіктен, босқындардың біразы көмек ала алмады. Мысалы, 1932 ж. 20 тамызда Қазақстанның 6 облысынан келіп түскен мәлімет бойынша осы мерзімге дейін 35000 босқындар шаруашылықтарын орналастыру жоспарланған болса, ата мекенге қайтып оралғандар саны шын мәнінде 75670 босқындар шаруашылығын құрады. Л. Мирзоян 1933 ж. 29 наурызда И. Сталиннің және В.Молотовтың атына жолдаған хатында босқындар жағдайының ауырлай түскенін, олардың қозғалысымен Қазақстанның 71 ауданы қамтылғанын және жәрдем берілетін шаруашылықтар саны 150000-ға дейін көбейгендігін атап көрсетті. Ол орталықтан көмекке 1 млн. пұт тары бөлуді, шекара пункттерінде жәрмеңкелер ұйымдастыруды, Батыс Қытайдан мал сатып алуды, қазақтарға кеңшарлардан сиырларды көптеп сатуға рұқсат етуді өтінді. Бұл өтініш негізінен қабыл алынды. Қазақстан үкіметінің ресми мәліметі бойынша, 1934 жылдың 1 қаңтарында есепке алынған босқындар саны Қазақстаннан тыс жерлерден қайтып оралғандарды қосып есептегенде, 139,6 мың шаруашылық болып шықты. Бұл Қазақстандағы барлық шаруалар шаруашылықтарының 22%-не жуығы, ал қазақ шаруалары шаруашылықтарының барлығының 30 — 40%-і еді. 1934 ж. 1 қазанға дейін Қазақстанда 138,6 мың босқындар шаруашылықтары орналастырылды. Осылайша, босқындар мәселесі негізінен 1934 ж. шешілді. Алайда олардың шағын топтар түрінде Қазақстанға біртіндеп қайта оралулары 1937 жылға дейін байқалды.