Айдархан Тұрлыбаев
Айдархан Тұрлыбаев. Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері, заңгер Тұрлыбаев Айдархан 1877 жылы Ақмола облысы Көкшетау уезі Мезгіл болысында туған. 1897 жылы Омбы гимназиясын тамамдаған. 1897-1902 жылдары Санкт-Петербор университетінің заң факультетінде оқыған. Дәл осы оқу орындарында онымен бір мезгілде кейін қайраткер, қаламгер болып қалыптасатын Р.Мәрсековте білім алғаны мәлім. Университеттен кейін жас заңгер Омбының заң орындарына қызметке жіберіледі. Адвокат және «присяжный поверенный» болады. Заңгердің қайраткерлігі жөнінде «Қазақ» газеті 1917 жылы былай деп жазды: «Айдархан Думаға лайық еді…».
1917 жылы 25 сәуір мен 5 мамыр аралығында Омбыда Ақмола облыстық қазақ сиезі өткенде, ол осы жиынға төрағалық етеді. Осы жолы әр езден келген 150 делегат А.Тұрлыбайұлын Ақмола облыстық қазақ комитетінің төрағасы етіп сайлайды. 1917 жылы Алаш партиясы құрылатын I жалпықазақ сиезінің де, Алаш автономиясы жарияланатын II жалпықазақ сиезінің де ұйымдастыру және өткізу жұмысына белсене қатысады.
Ол I сиезде Ақмола облысынан Бүкілресейлік құрылтайға және Бүкілресейлік мұсылмандар сиезі — «Шора-и-исламға» делегат болып белгіленеді. II сиезде Алашорда үкіметі — Ұлт кеңесіне Ақмола облысынан мүше болып сайланады. Бір айта кетер жайт, осы сиез үкімет төрағасын сайлағанда, Айдархан Ә.Бөкейхан, Б.Құлмановтармен бірге баламалы негізде ұсынылады. Дауыс нәтижесінде А.Тұрлыбаев Әлиханнан кейін екінші орын алады.
Большевик пен Алаш ашық күрескш жылдары қайраткер Х.Ғаббасұлы, Б.Мәмбетұлы сынды азаматтармен бірігіп Семейде бір ұлт полкін жасақтауға жәрдемдеседі. 1919 жылы ақпанда Омбы қаласында Колчак үкіметі ішкі істер министрінің орынбасары П.Ф.Коропачинскийдің төрағалық етуімен алдын-ала талданған «Қазақ халқының әкімшілік-шаруашылық құрылымы туралы мәселе» бойынша Ә.Бөкейхан, У.Танашевпен бірлесіп сындарлы ой айтады. Кеңес өкіметі тұсында ол Омбы қаласының түрлі заң орындарында адвокат, кеңесші, сот жүргізушісі болып қызмет атқарады. Саяси қуғын-сүргін оны жазбай танып, 1934 жылы абақтыға жабады. Мұнда 6 ай азап шегеді. 1937 жылы қайта ұсталып, ату жазасына кесіледі. РФ Омбы облысы федералдық қауіпсіздік қызметі мұрағатында «кеңес өкіметіне қарсы саяси-төңкерістік әрекеті үшін» деген айыппен тұтқындалған Тұрлыбаев пен оның серіктеріне қатысты том- том «істер» сақталған