Андрон мәдениеті

Андрон мәдениеті – қола дәуірінде б.з.б. 2-мыңжылдықтың алғашқы жартысынан бастап, б.з.б. 1-мыңжылдықтың басында Батыс, Оңтүстік Қазақстан, Сібір мен Орталық Азияны мекендеген тайпалар мәдениеті.Солт. шекарасы Батыс Сібір ормандарымен, ал оңт. Памир, Тянь-Шань, Тарбағатай, Алтай тауларымен тұйықталады. Андрондықтар мекен еткен аумақ батыстан шығысқа қарай 3000 км, ал меридианды бағытта 1500 км-ден астам жерді алып жатты. Физ.-геогр. тұрғыдан алғанда, андрондық мәдени-тарихи қауым Еуразия құрлығына дендеп енген. Андрондық мәдени-тарихи қауымдастықтың тұрғындары төрт ландшафтыны, яғни, орманды даланы, даланы, жартылай шөлейтті, шөл даланы қамтиды. Әр алуан ауд. археол. ескерткіштерді саралап қарағанда, андрондар үшін ең қолайлы аймақ орманды дала мен далалық жерлер болып табылады.

Ескерткіштердің тұңғыш рет 1914 ж. Ачинск қаласының маңындағы Андронов деревняның маңынан табылуына байланысты осылай атаған. Бұл мәдениет Орталық Қазақстанды мекендеген тайпалар арасына кең тараған. Ол таралған аймағына және өзіндік белгілеріне қарай үш тарихи кезеңге бөлінеді: ерте кезеңі – б.з.б. 17–16 ғ-лардағы Петров мәдениеті; орта кезеңі – б.з.б. 15–12 ғ-лардағы Алакөл-Атасу, Федоров-Нұра мәдениеттері; соңғы кезеңі – б.з.б. 11–9 ғ-лардағы Алексеев, Замараев, Сарығары, Беғазы-Дәндібай мәдениеттері.

Андронов мәдениетін жасаған тайпалар егін егу, мал өсіру, аң аулау кәсіптеріне қолайлы өзен, көл жағаларында, бұлақтары мол тау аңғарларында тұрған. Алғашқы қоныстары биік дуалдармен, сырты ормен қоршалған, іші бөлек қамал-қала типтес болған. Орта және соңғы кезеңдерінде ауылдар ұлғайып, 20–120 үйлік қоныстар пайда болған. Қорғаныс дуалдары, орлары жоқ. Үйлері шымнан, бөренелерден салынып, кейде іргесіне тас қалаған немесе жалпақ тастарды тігінен көмген. Пішімі төртбұрышты, трапеция, сопақша (аум. 60–160 м2). Соңғы кезеңдерінде көшіп-қонуға ыңғайлы дөңгелек, құрастырмалы (диам. 6–10 м) үйлерде тұрған. Зираттарын ауылдан өзен, бұлақ, сай немесе жота бөліп тұрады. Қайтыс болған адамдарды тігінен, қырынан немесе жалпағынан қалап шығарған тас қоршаулар мен қоршауы бар обалар ішіндегі тастан өрілген немесе жалпақ тастарды қырынан қойып қиюластырған жәшік-көрлер ішіне қол-аяғын бүгіп, бір қырымен басын батысқа, кейде шығысқа бағыттап жерлеген.

Өртеп күлін жерлеу салты да болған. Бас жағына әсем өрнектелген 1–5 көзеге сұйық тамақ құйып, қасына мүше-мүше мал етін, марқұмның күнделікті пайдаланған және қазаға арнайы дайындалған қару-құрал, әшекей бұйымдарын қойған. Жәшік бетін жалпақ тастармен мұқият жапқан. Қоршау мен көр іші отпен тазаланып, аласталған. Халқы кетпенді егіншілікпен, мал өсірумен, аң аулаумен шұғылданған және мыс, қола кендерін қазып алып, оларды қосып балқытып қорытқан қоладан бұйымдар жасаған. Оларды адамзат өркениеті тарихында металды пайдаланған алғашқы зергерлер деп атауға болады.

Діни наным-сенімдері бойынша күнге, отқа, қасиетті жануарларға табынған. Олардың бейнелері көзенің сыртындағы өрнектерде, тастағы суреттерде, сынтастарда, әшекей бұйымдарда көптеп кездеседі. Бұл мәдениет кезіндегі тайпалардың тұрмыс-салты, кәсібі, қолөнері қазақ халқының тіршілігінде көп сақталған.[1]
Пайдаланған әдебиет
↑ Қазақ энциклопедиясы

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *