Қабілет
Қабілет. Күнделікті ауызекі сөзде “қабілет” деген атауды біз жиі қолданамыз. Мәселен, мұғалім оқушысына мінездеме бере отырып, осы баланың математика пәніне қабілеті күшті екенін айтады.
Мектепте оқушыларға түрлі қоғамдық жұмыстар жүктелгенде де олардың кейбіреулерінің ұйымдастырғыштық, екіншісінің музыкалық, үшіншісінің суретшілік қабілеті еске алынып, бұған ерекше мән беріліп отырылады. Бұл мысалдар әр адамның әрекеттің бір түріне жарамдылығын көрсететін дара ерекшелігі болатынын байқатады. Мұндай ерекшеліктер іс- әрекетті орындау үстінде, әсіресе оның нәтижесінен жақсы көрініп отырады. Мәселен, біреу қолға алған ісін бұрқыратып тез бітіріп тастайды ал екіншісі оны өте баяу қимылдап, әрі істі сапасыз етіп орындайды. Бұл мысалда да бірінші адамның іске қабілеттілігі екіншіге қарағанда әлдеқайда жоғары екендігі көрініп тұр.
Қандай да болмасын бірер нәрсеге қабілеті жоқ адам болмайды. Қабілет, ол біреуде күшті, біреуде шамалы болып келуі мүмкін. Тәжірибе мен парасат адамдардың тең емес екенін дәлелдейді — дегенде теңдік деп адамдардың қабілеттерінің теңдігі немесе дене күштері мен рухани қабілеттерінің бірдейлігін түсіндіреді. Бұдан біз адамдардың тең емес екенін білеміз. Қабілеттіктік өлшем — белгілі бір істің нәтижелі болып орындалуында. Қабілет адамның іс-әрекетінің белгілі бір түріне, өнер саласының біріне жарамдылығын жақсы көрсете алады. Қабілеттің ойдағыдай дамуы адамда тиісті білім жүйесінің, икемділік пен дағдының болуына байланысты болады. Мәселен, кейбір мұғалімдер өз оқушыларының үлгеріміне көңілі онша тән қоймайды. Ол өз оқушысының бар мүмкіндігімен жұмыс істемейтіндігін айта келіп, егер ол сабаққа бар ынтасымен кірісетін болса, бұдан гөрі жақсы оқи алар еді-ау деп қынжылады. Бұл жерде мұғалім қолынан істесе, іс келетінін, дағдыға тез машықтанғыш баланың, қажырлы әрекетке бойын жөнде ұсына алмағандықтан, қабілетін жөнді көрсете алмай отырғанын айтып отыр.
Қабілет негізінен екіге бөлінеді.
Адамның ақыл-ой өзгешеліктерінің жеке қасиеттерін
көрсететін кез келген адамнан табылатын кабілет жалпы қабілет деп аталады. Ақылдың орамдылығы мен сыншылдығы, материалды еске тез қалдыра алу, зейінділік пен бақылағыштық, зеректік пен тапқырлық т.б. осы секілді ақыл-ой әрекетінде көрінетін өзгешеліктер жалпы қабілет болып табылады.
Іс-әрекеттің жеке салаларында ғана көрініп, оның нәтижелі орындалуына мүмкіндік беретін қабілетті, арнаулы қабілет деп атайды. Бұған суретшінің, музыканттың, актердің, спортшының ақын-жазушының т.б. қабілеттерін жатқызуға болады.
Адам қабілеттінің дамуы қоғамның дамуына, оның әлеуметтік сипатына ғылыми-техникалық прогреске байланысты болып отырады.
Мәселен капитализм қалыптасып келе жатқан дәуірде, ғылымның сан алуан салаларының дамуына буржуазия қоғамы кең өріс беріп отырды. Өйткені қауырт дамып келе жатқан капиталистік өндіріс барған сайын жаңа ғылыми білімдерді талап ете бастады. Мұның өзі білімді адамдардың көбейе түсуіне қолайлы жағдай туғызды.
Қабілет және нышан. Адамның кейбір өзгешеліктері ана құрсағында жатқанда-ақ дамиды. Мәселен, баланың ата-анасы мен туысқандарына ұқсап тууы. Мұны анатомиялық нышан дейді. Нерв жүйесінің анализаторлардың ерекшеліктері де туысынан пайда болады. Мұны физиологиялық нышан дейді. Нышанның енді бір түрі қабілеттің дамуында белгілі орын алады. Мәселен, баланың есту анализаторының жетім дамуы музыкалық қабілет үшін көру анализаторының өзгешелігі сурет қабілетінің көрінуіне себін тигізеді. Бірақ нышан қабілет дамуының бірден-бір шорты бола алмайды. Ол -адамның ішкі мүмкіндігінің көрсеткіші. Егер адамның туысынан нышаны болса да, дұрыс тәрбие көрмесе, яғни белгілі әрекетпен айналыспаса, оның қабілеті айтарлықтай дамымайды. Әрбір қабілетке арнаулы нышан сәйкес келеді деп ойлау да қате. Нышан көп мәнді қасиет, яғни сол нышанға негізделіп, адам өмірінің жан-жақтылығына қарай түрлі қабілет қалыптасады. Нышанның ықпалымен қалыптасқан қабілеттің түрін дарындылық дейді. Дарынның дамуына қолайлы жағдай туса ол ерте көзге түсетін болады. Дарынды баланың қабілеті әдетте ерте ашылатынын біз зерттеу жұмыстарынан байқап жүрміз. Дарынды балалар мектептің оқу бағдарламасын ерте меңгереді. Бес-алты жаста ондай балалардың білгенінен, өзінен екі есе үлкен балалардың білгенінен артық болады. Кейде олар тіпті мектептегі оқуға көңіл бөлмейтін кездері де кездеседі.
Қабілеттің ең жоғарғы дәрежесін — талант деген сөзбен белгілейді. Талант — бір әрекетті творчестволықпен орындау мүмкіншілігін қамтамасыз ететін қабілеттердің ерекше қиысып келуі. Адамның таланты музыкада, әдебиетте, ғылымда, техникада т.б. әрекеттерде көрінеді. Таланттың дамуы еңбек ете білумен, еңбек сүйгіштікпен тығыз байланысты.
Қабілет адамның әрекеттің бір түрімен айналысуға мүмкіндік беретін бейімділікте байқалады. Бейімділік пен қабілет көп жағдайда бірге болады. Өйткені адамның белгілі әрекетпен айналысуға бет бұрысы, оған көңілі аууы, оянып келе жатқан қабілеттің алғашқы белгісі. Сонымен қатар бейімділік әрекеттің бір саласына, әуестенушілікті көрсетеді. Бейімділікті балада қандай да бір нышанның барлығын хабарлайтын белгі деуге де болады. Балалық кезде ерекше көзге түсетін бейімділіктер оның келешек қабілетінің көрсеткіші болып та табылады. Мәселен, екі-үш жасар баланың музыка үніне қулағының елеңдеуі, онда музыкалық кабілетке байланыстн табиғи негіздің бар екендігін көрсетеді.
Жас балаларда әрекеттің әр түрлі байланысты бейімділік жиі ұшырайды. Нағыз бейімділікті айырған дұрыс. Нағыз бейімділік
Адамның әрекетке тек құштарлығы ғана емес, оны тәжірбелі етіп орындауында. Меселен, бала сабақ үлгеруде, қатарындағы баладан көп ілгері озып кетіп отырады. Ал : алдамшы түрінде әуестенгенмен сол салада жақсы нәтижеге ие бола алмайды. Оның мүмкіндігі орта дәрежеде ғана болады. Мәселен, алты жасар бала, үйіне келген адамдарға тарихи-философиялық терминдерді көп білуімен таңқалдырған екен. Оған шешісі де мәз болады. Бірақ әлгі бала оң қолың қайсы, сол колың қайсы дегенде, бала жауап бере алмай қиналған екен. Бұдан біз балада тек алдамшы бейімділіктің болғанын көреміз.
Бала дүниеге келгенде өзінің табиғи мүмкіндіктерінен, нышандарымен келетіні рас. Бірақ сол нышандар тек оқу-тәрбие процесінің ықпалымен ғана қабілеттікке айналады. Мәселен, бала адам сөзін сөйлемей өмір сүрсе, ондай баланың сөйлеу нышаны да дами алмайды. Сол сияқты сурет салуға үйретпесе,ән салуға нышаны бар адамды ән салуға үйретпесе,оның осындай зор табиғи мүмкіндіктері дамымай қалуы ықтимал.
Адамның қабілет саласындағы айырмашылықтары
да сан алуан болып келеді. Мәселен, біреу іске күшті жігермен, қатты мейірмен кіріседі. Мұндай адам жұмысты сапалы да орындай алады. Енді біреу керісінше сол істі баяу, сапасын төмен етіп орындайды. Қабілетті адамдардың бірі —зеректілігімен, екіншілері — байқағыштығымен, үшіншілері -материалды еске сақтағыштығымен көзге ерекше түседі.
Адам психикасының басты бір ерекшелігі бір қасиеттік орнын екінші бір қасиетпен толтыра, яғни адамның өзінде жетіспеген бірер қабілетті басқа қабілеттермен алмастыра алатындығы. Адам қабілетінің әр қилы болып келуі сигнал жүйелерінің ерекшеліктеріне де байланысты.
Бала қабілетін тәрбиелеу үшін жүргізілетін жұмыстардың мазмұны мен түрлері сан алуан, бүларды нақты жағдайларға байланысты жүргізе білу әрбір мүғалімнің жеке творчестволық ісі. Мәселен, мұғалімнің осындай жұмыстарының бірі оқушылардың оқу әрекетін тартымды, мазмұнды, қызғылықты етіп ұйымдастыру.
Бастауыш кластарда мұғалім оқушылардың оқуға ынтасын тәрбиелеу арқылы олардың қабілеттерінің дамуына кең-жол ашады. Мұғалім алғашқы күннен бастап оқушының бейімділігін, оның қолынан не істеу келетіндігін, оқу мен еңбекке ұқыптылығы қандай екендігін есепке алып, оқу процесін осы негізге ойластыра жүргізгені дұрыс. Баланың практикалық қабілеттерін дамытуда мектептегі қоғамдық ұйымдардың жұмысы, еңбек, дене шынықтыру, айтыс, диспут, ән-күй сабақтары таптырмайтын шаралар болып табылады.
Пысықтау сұрақтары:
1. Қабілет туралы жалпы түсініктеме беріңіз.
2. Қабілеттің қандай түрлерін білесіз?
3. Баланың қабілеттерін дамыту жолдарын атаңыз.
4. Адам психикасының басты ерекшелігін атап көрсетіңіз.
5. Қабілеттің дамуы қандай нәрселерге байланысты?
6. Қабілетті неден көруге, байқауға болады?
7. Адамның қандай мүмкіншіліктері қабілет арқылы ашылады?
8. Нышан мен қабілеттің байланысы барма? Бар болса қандай?