Ішектыныстылар
Ішектыныстылар (Enteropneusta) – жартылай хордалылар типіне жататын теңіз жануарларының класы. І. дүние жүзінде жылы теңіздерде, көбінесе теңіздің балшықты не құмдауытты түбінде, жағалаудағы судың көтеріліп-қайтатын жерлерінде тіршілік етеді. Олардың 4 тұқымдасы, 12 туысы, 100-ге жуық түрі анықталған. Бұлар екінші ауыздылар тобына жататын қарапайым жануарлар, бұрын оларды құрттарға жатқызып келген 1867 жылы А.О. Ковалевский І-дың хордалыларға жақын екенін алғаш рет дәлелдеген. Денесінің пішіні құрт тәрізді, ұзындығы 10 – 50 см, ұсақ түрлері Saccoglossus pugmaeus-тің ұзындығы 3 см болса, ең ірі түрі Balanoglossus gіgas-тың ұзындығы 1,8 – 2,5 м-ге жетеді. Көп қозғалмайды. Денесі үш бөлімнен: тұмсығы, жағасы және кеудеден тұрады. Көптеген сезімтал клеткалары бар бұлшықетті тұмсығы – ең сезімтал әрі ең белсенді бөлігі. Ол организм мен ортаның өзара байланысында айрықша рөл атқарады. Сондай-ақ тұмсық негізгі жер қазатын мүшесі болып саналады, себебі І. тіршілігінің көбін қазылған үңгірлерде өткізеді. Тұмсығын жаға қоршап тұрады. Ол да бұлшықетті, өте қысқа денеден айрықша көрініп тұрады. Жағадан кейін, ішінде барлық мүшелері орналасқан кеуде жатады. Оның алдыңғы бөлімінде жіңішке желбезек тесіктері болады. Ауыз тесігі тұмсықтың негізінде, аналь тесігі кеуденің ұшында орналасқан. Ас қорыту жүйесінің негізгі екі ерекшелігі бар. Алдыңғы ішегі метамерлі орналасқан желбезек саңылаулары арқылы сыртқы ортамен байланысып, тыныс алу қызметін атқарады, жануардың аты осы ерекшелігіне байланысты қойылған. Екінші ерекшелігі – жұтқыншақтың арқа бөлімінен тұмсықтың ішіне қарай бағытталған стомохора деп аталатын ішектің тұйықталған өсіндісі өтеді. Зәр шығару жүйесі несеп өнімдерін сыртқы ортаға шығаратын екі жұп ерекше түтікшеден тұрады. Олар целомодукт деп аталады. Қан айналу жүйесі жақсы дамыған. Жағасында орналасқан арқа жүйке бағанасы қалың қабатты жүйке түтікшесін түзеді. Бұл І-ды хордалыларға жақындастырады. Арнайы сезім мүшелері жоқ, бірақ олардың сыртқы жабынының астында көптеген жарық сезгіш клеткалары орналасқан. Дара жыныстылар, жыныс деформизмі анық байқалмайды. Әрбір жыныс безі күлте түтікшемен сыртқа ашылады. Жыныс өнімдері суға шығарылып, сонда дамиды. Дамуы суда еркін жүзетін дернәсілі – торнария сатысы арқылы өтеді. Торнария тікентерілілердің дернәсіліне өте ұқсас. І-дың ішінде паразиттері аз, олар негізінен балықтардың қорегі болып саналады.