Негізгі және көмектес етістік
Негізгі және көмектес етістік
Етістіктер білдіретін мағынасына, соған сәйкес сөйлемде атқаратын қызметіне қарай екі түрлі: негізгі етістік және көмекші етістік болып бөлінеді. Мысалы: Атасы он жасар ұл баласымен далада келе жатып баласынан сұрады. (Ы. А.) Әсемпаз болма әрнеге, Өнерпаз болсаң, арқалан. Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан (А). Берілген екі сөйлемде бірнеше етістік қолданылған: келе және жатып, сұрады, болма, болсаң, арқалан, тап, бар, қалан.
Білдіретін мағынасы жағынан және соған (мағынасына) байланысты атқаратын қызметі жағынан бұл етістіктер бірдей емес. Келе, сұрады, арқалан, тап, бар, қалан деген етістіктер — лексикалық мағынасы бар сөздер, сондықтан олар тікелей сұраққа жауап бере алады және сөйлем мүшесінің қызметін де атқара алады: басты қимыл келу, сұрау, арқалану, табу, бару, қалану: не істеп?— келе (жатып), не істеді?— сұра-ды, не істе?— арқалан, тап, бар, қалан — бәрі де баяндауыш. Ал жатып, болма, болсаң деген етістіктердің лексикалық мағынасы толық сақталмаған: әрі келіп, әрі жатуға болмайды ғой, бұл жерде әңгіме жатуда емес, сондай-ақ болма, болсаң дегендер де бір жерде тұру емес. Бұлар жеке тұрып сұракка да жауап бере алмайды, сөйлем мүшесі де бола алмайды. Сөйтіп, бұл сөздер лексикалық мағынасынан айырылып, екінші сөздің жетегінде ғана қолданылады: жатып — келе жатып, болма — әсемпаз болма, болсаң — өнерпаз болсаң болып колданылган.
Сөйтіп, жеке тұрып сұраққа жауап бере алатын және өз алдына сөйлем мүшесі бола алатын толық мағыналы етістіктер негізгі етістік деп аталады. Өз алдына жеке тұрып сөйлем мүшесі бола алмайтын, толық мағынасы жоқ, тек негізгі етістіктер мен есім сөздермен тіркесіп қана қолданылатын етістіктер көмекші етістіктер деп аталады.
Қазақ тілінде етістіктердің біразы әрі негізгі, әрі көмекші етістік мәнінде қатар жұмсала береді. Жоғарыда берілген сөйлемдерде жатып, болма, болсаң дегендер көмекші етістік болса, қонақтар жатып қалыпты, сен үйде болма, үйде болсаң, жұмыс істе деген сөйлемдерде олар — негізгі етістіктер. Керісінше айтқым келеді, таудан асып барады т. б. дегенде келеді, барады — көмекші етістік те, айтқым, асып — негізгі етістіктер.
Қазақ тілінде тек төрт етістік бар. Олар: е (еді, екен, емес) , жазда, ет, де (деп, десе, деген, дер). Бұлар тек қана көмекші етістік мәнінде ғана қолданылады, негізгі етістік болып жұмсалмайды, өйткені бұлар — лексикалық мағынасынан бүтіңдей айырылып қалған етістіктер. Мысалы: Оны әлі күнге өз ырқынан шығарған емес (М. Ә.). Асан қуанып жұмыртқаны алайын деп еді (Ы. А.). Тәңрі қоскан жар едің сен, Жар ете алмай кетіп ең (А.).