Ерте темір дәуірі
Ерте темір дәуірі. Темір дәуірі — тас пен қола дәуірлерінен кейінгі үшінші ірі археологиялық кезен. Оның бірінші кезенін ерте темір дәуірі деп атап кеткен.
Мазмұны
1 Тарихы
2 Шаруашылығы
3 Қоғам
4 Қазба жұмыстар
5 Сатылар
5.1 Бірінші саты
5.2 Екінші саты
5.3 Үшінші саты
6 Мәдениет
7 Дереккөздер
Тарихы
Бастаулары осы металды қолданумен сәйкес келетін адамзат тарихының маңызды кезеңі осылай аталды. Б. з. б. I-мыңжылдықтың басынан осы заманға дейінгі кезеңді алсақ, темір адамзаттың заттық мәдениетінің негізі болып келді. Өндірістік технология саласындагы барлық мәнді ашылымдар аталмыш металмен байланысты болды.
Темір ерекше металл. Оның балқытылу температурасы мысқа қарағанда жоғары. Темір табиғатта таза күйде кездеспейді. Оның балқытылуының баяулығынан шикізаттан темірді айыру оңайлыққа соқпайды.
Қазақстандағы ерте темір дәуірінің басы б.з.д. VIII — VII ғасырларына жатады.
Шаруашылығы
Ерте темір дәуірінің басталуымен Евразия кеңістігіндегі далалык этностар өмірінде шынайы ғаламат өзгерістер басталды. Бұл дәуірде шығыстағы Монғолиядан батыстағы Дунайға дейінгі далаларды мекендейтін бақташы, бақташы-егінші тайпалардың жайылымдар мен су көздерін пайдалануды маусымдық шектеудің күрделі де қатаң жүйесіне негізделген малшылық шаруашылықтың жылжымалы түрлеріне көшуіне тура келді.
Жана және кейінгі жана заманның евроцентристік ғылымы дала жағдайында мал шаруашылығын өрбітудің бұндай айрықша түрлерін «көшпелі «жартылай көшпелі» шаруашылык деп атады.
Мал шаруашылығын жолға қоюдың жаңа түрлеріне көшу далалық табиғат жүйесінің ерекше жағдайларында өмір кешкен қола ғасыры тайпалары экономикалық дамуының нәтижесі болып табылады. Шаруашылықтың бұл түрінің негіздері қола дәуірінің соңғы кезінде, беғазы-дәндібай заманында қаланды. Мамандардың пікірінше, малшылықтың жылжымалы түріне ауысуына дала тұрғындарының тек ішкі дамуы ғана емес, ауа райының біртіндеп өзгеруінің салдарынан даланың құрғақтануы (аридизация) да ықпал етті. Сол заманда бұл ауысу онтайлы, үлкен прогрессивті мәндегі көрініс еді, ол даланың табиғат қорларын барынша толық пайдалануға мүмкіндік берді.
Қоғам
Ерте темір дәуірі басталысымен, Евразия далаларында ірі тайпалық бірлестіктер қалыптаса бастайды. Олардың мүдделерінің қақтығысы, айналасындағы отырықшы-егінші халықтармен қарым-қатынастарының өзіндік түрлері қоғамның белгілі дәрежеде әскериленуіне әкеп соқты. Тарихи сахнада гректер мен парсылар скифтер, сактар, савроматтар деп атаған тайпалар пайда болды. Этникалық туыстығының, даму деңгейі мен өмір салтының ұқсастығының өзара тығыз байланыстылығы нәтижесінде бірұдай, етене жақын мәдениеттер құрылды. Скиф-сақ заманында тайпалардың материалдық мәдениетінде қару-жарақтың, ат әбзелдерінің айрықша түрлері пайда болды, «скиф-сақ аң стилі» деген атау алған өзіндік өнер кең таралды. Кей ретте ерте темір дәуіріндегі қоғам тұрғындарының бұл материалдық мәдениетін «скифтік үштік» (ат әбзелдері, қару, аң стилі) деп те атайды.
Ерте темір дәуірінің далалық тұрғындары ерекше қарқынмен дамыды, металл өндірісі, сауда айырбасы гүлденді. Тайпалық одақтардың ат төбеліндей бай шоғыры: патшалар, әскери мансап иелері пайда болды. Үлкен «патша» обалары, яғни қайтыс болған ауқатты адаммен бірге өзінің құндылығымен мәнді болып саналатын бұйымдар — қару-жарақ, ат әбзелдері, әшекейлер бірге
Қазіргі заман ғылымында ерте темір дәуіріндегі далалық тұрғындар қоғамының ерте мемлекеттік дәрежеде тұрғандығы туралы пікірлер айтылуда Біздің заманымыздан бұрынғы 1-мыңжылдықта өмір кешкен дала халықтарының даму дәрежесін пайымдай отырып, сібірлік ғалымдар «Дала өркениеті» деген атауды ұсынды.
Қазба жұмыстар
Осы кезеңге кіретін Орталық Қазақстанның ескерткіштері тасмола археологиялық мәдениетіне жатады. Қазақтың белгілі археологы М.Қ.Қадырбаев, бұл мәдениеттің хронологиялық мерзімін б.з.д. VII — III ғасырларымен негіздеп, оның дамуын екі кезенге бөлген. Тасмола мәдениетінде тән археологиялық ескерткіштері «мұртты» қорған деп аталады. Бұл күрделі ғұрыптық – жерлеу кешендері тастан қаланып, әдетте үш негізгі бөлшектерден: үлкен, кішкентай қорғандар мен ұзындығы 60-тан 200 метрге дейін жететін жартылай доға тәріздес жолдардан құрастырылған. Бұл «мұрттар» қорғанмен жанасып, үнемі шығысқа қарай бағытталған. Үлкен қорғанның астында, тереңдігі екі метрге жететін шұңқырда қайтыс болған адамның мәйіті жерленген. Кішігірім қорғаныда жылқы қаңқаларының қалдықтары, қыш ыдыстардың сынықтары кездеседі. Кейде тек қана қөмір түріндегі және күйдірілген топырақтың ізі байқалады.
Мұртты қорғандар не үшін салынған? Бізге мұртты қорғандардың астрономиялық жағынан тағайындалу туралы тұжырым белгілі. Биолог және археология (энтузиасты) П.И. Мариковскийдың пікірі бойынша, мұртты қорғандар ежелгі обсерваториялар болған, жұлдызды аспан, күн мен айды бақылап, жыл мезгілін аңықтау үшін пайданылған. «Мұртты» кешендер астрономиялық болжамдар үшін пайдаланылуы мүмкін, бірақ бұл оның құрылысында маңызды болмаған. Кейде осындай қорғандар бір-бірінен бірнеше шақырым қашықтықта орналасқан, кейбір обаларда екі мұртты қорғандар болған. Аспанды бақылау үшін бір обсерватория бар кезде екіншісін тұрғызудың қажеті қандай? М.К. Қадырбаевтың пікірі бойынша тастан қаланған мұртты кешендер жерлеу ғұрыптарына арналып салынған және тасмола тайпаларының күнге табынушылығын айқындады.
Қазіргі уақытта шартты болса да, «мұртты» обалардың негізгі ауқымы анықталды. Бүгінгі таңдағы мәліметтерге жүгінсек, Қазақстан аумағында 300-ден астам ескерткіштер анықталған. Аталмыш мәліметтер жыл сайын толықтырылуда. Негізгі ауқымы Орталық Қазақстан мен Солтүстік Қазақстанды (Көкшетау) сондай-ақ бүгінгі Шығыс Қазақстан облысының батыс бөлігінің далалы алқаптарын (Абыралы, Шыңғыстау, Шұбартау) қамтиды. Қазақстандағы мұртты обалардың жалпы санынын 80 % астамы осы аумақта шоғырланған.байланысты. Обалардың екінші бір анағұрлым шағын бөлігі (20% аздауы) Жетісу, Шығыс, Батыс, Оңтүстік Қазақстан жерлерінде, соның ішінде, көпшілігі Шығыс Қазақстан аумағанда орналаскан. Жалпы «мұртты» обалар таралымы туралы сөз қозғағанда әкімшілік-аумақтық түсініктен гөрі географиялық ұғымдарға жүгінген жөн: негізінен, жалпы «мұртты» обалардың таралым аясы Қазақтың ұсақшоқылығы аймағымен сәйкес келеді.
Жалпы алғанда тасмола мәдениеті обалар материалдары негізінде зерттелген куйінде калып отыр.
Бұл мәдениетке сипаттама беруші мәліметтер танымал үш бөлікті құрайды:
а) қару-жарақтар;
б) ат әбзелдері;
в) ғұрыптық заттар, әшекейлер, тұрмыс бұйымдары.
Тасмола коғамында кола кұю ісінін үздік шеберлері болды. Материалдық мәдениеттін жетекші категорияларынын бәрі дерлік қоладан жасалған. Сонымен катар, темір бұйымдар (пышақтар, сулықтар, тоғалар) 1-сатының (б.з.б. VII-VI ғ.) өзінде-ақ пайда болган.
Сатылар
Бірінші саты
Ерте сатының (б. з. б. VII-VI -ғ.) екі қанатты ұңғылы және біршама ұзындау үш қанатты шыбықты жебе ұштықтары генетикалық тұрғыдан алғанда беғазы-дәндібай мәдениетінің жебелерінен бастау алады. Осы кезге сабы қырлы, басы саңырауқұлақ іспетті қанжарлар, құрама жауынгер белдіктері тән. Ат әбзелдеріне ауыздықтар, үш саңылаулы қола немесе сүйек сулықтар жатады. Ғұрыптық заттардан артқы беті ілмекті дөңгелек қола айналар, жалпақ қысқалау 4-6 тұғырлы тас құрбандық ыдыстары ұшырасады. Аталмыш мәдениет қолөнеріне алтыннан жасалған жолбарыстың пішіндері, таутекенің қола мүсіндері, қабан мен бұлан бедерленген қола айналар, шиыршықталған қабан тәрізді мүйіз қапсырмалар жатады. Ернеуі сәнді көлемді айнаның сабы қабан пішінінде құйылған. Ерте кезеңнің соңына қарай «хайуанаттық шытырман» деп аталып кеткен стильде дайындалған көп фигуралы композициялар пайда болды. Солардың бірі, мүйіз қапсырмадағы көрініс — алыстағы Туваның «алдыбел» ескерткіштеріне ұксап келеді. Табылған зергерлік бұйымдар сіркелеу, бедерлеу әдістерімен көркемделген.
Екінші саты
Екінші сатыда (б. з. б. V-IV-ғ.) заттық мәдениет кейбір өзгерістерге ұшырады: үш қанатты ұңғылы қола жебе ұштары қалыптасты, айналар көлемі кішірейді, темір бұйымдар жиі қолданылды.
Үшінші саты
Үшінші корғантас сатысымең (б. з. б. III-I-ғ.) тасмола мәдениеті аяқталады. Бұл кезде мәдениеттің кейбір ерте элементтерінің сақталуымен қатар (жебенің ұштары, ауыздық, жапсырмалар, т.б.) әсіресе жерлеу ғұрпында (қабір ішіндегі жануарлар бастары салынған құрбандық орын) бірқыдыру жаңалықтар көрініс берді.
Мәдениет
Ерте темір дәуірінің Тасмола мәдениеті Қазақ ұсақшоқылығының барлық аумақтарына тән. Зерттелген ескерткіштер бойынша. мәдениеттін батыс шегі Ұлытау таулары аумағын. онтүстігі Солтүстік Бетпакдала мен Солтүстік Балқаш өнірін қамтыса, шығысы — Шідерті. Баянауыл далаларын бойлай одан ары онтүстікке таман Шұбартауға дейін созылады. Дәл осы шекте Тасмола мәдениетінің бізге белгілі, яғни зерттелген обалары жатыр. Келешекте осы мәдениет ескерткіштері табылуы ықтимал (Шыңғыстау жоталарына дейінгі далалы өңір) аумақтар бар.
Бұл ұланғайыр өңірде ерте темір дәуірінің тайпалары шашыраңқы орналасты. Тұрғындардың негізгі бөлігі таулы өңірлерде шоғырланды. Орталық Қазақстан бойынша ескерткіштер таралуының, яғни тайпалар қоныстануының әркелкілігі оның батыс және шығыс аймақтары аралығында байқалады.
Тасмола тайпалары мекендеген ерте темір дәуірінде шаруашылықтың жаңа прогрессивті түрі кеңінен тараған. Бұл ІІІ мыңжылдыққа созылып, дала тұрғындарының ең негізгі кәсібіне айналған. Көшпелілер даланың барлық жерін игеріп, өзінің күшті көшпелі орталықтарын құрды, олар келешек көшпелі империялардың бастамалары болып қаланған.
Дереккөздер
↑ Қазақстан Тарихы. Т. 1. — А., 1996.