Ертедегі темір дәуірі тайпаларының шаруашылығы
Ертедегі темір дәуірі тайпаларының шаруашылығы
Мазмұны
1 Ежелгі металлургия
2 Зергерлік өндіріс
3 Қыш өндірісі
4 Пайдаланылған әдебиет
Ежелгі металлургия
Темір дәуірінен қалған ескерткіш
Қазақстан аумағында тау-кен ісі мен металлургия қола дәуірінен бастап дамыды. Осы кездегі кен орындарының көпшілігі ерте темір ғасырында да кен өндіруді тоқтатқан жоқ. Ежелгі металлургия орталықтары — Орталық және Шығыс Қазақстанда болды. Орталық Қазақстандағы мыстың орасан үлкен кен орындары — Жезқазған маңында, қалайы — Атасу мен Ұлытауда болса, Шығыс Қазақстандағы мыс пен қалайының бай кен орындары Қалба мен Нарын жоталарында кездеседі.
Темір өндірісі біздің заманымызға дейін VIII—VII ғасырларда пайда болған. Металлургияның дамуы мыс пен полиметалл, алтын мен күміс кен орындарын игеру кезінде кендерден металдарды балқытып алу шеберлігіне байланысты алынған.
Ежелгі металлургтер көптеген әр түрлі құралдарды пайдаланды. Тау-кен өндірісінің тас құралдарына келсек, бұл кен мен тау жыныстарын қопаруға арналған салмағы 40 кг-ға дейінгі қуатты шой балғалар, кен кесектерін уатып-ұсақтауға арналған ірі тас балғалар, салмағы 10 кг-ға дейінгі сына пішіндес тас қайлалар немесе кенді уатуға арналған шоттар. Одан әрі кен шикізаттарын уақтап-балқытуға арналған анағұрлым жеңіл түрдегі қол балталар, балғалар мен келсаптар пайдаланылды. Құралдардың едәуір бөлігі кенді қоспалардан тазартып, сұрыптауға арналды.
Әрі қарай металды кеннен балқытып алу кезеңіне келейік. Кеннен алдын ала балқыту арқылы қоспа алынды. Балқыту үшін шахта пеші пайдаланылды. Оның құрылысы дөңгелек немесе тікбұрыш пішінді шахта болып келеді де, жоғары жағына кен қоспасы мен отынды толтыра салып, ал төменгі бөлігіндегі тесік арқылы ауа үрлейді. Ауаны жіберу екі нұсқа арқылы жүзеге асырылады: 1) отқа төзімді саздан жасалған түтік арқылы; 2) шеңберлі түтік арқылы. Ежелгі мыс балқыту өндірісінде кен балқыту «тигель» өдісі арқылы жүзеге асырылды (тигель — отқа төзімді материалдан металл қорытуға арналып жасалған ыдыс), өйткені пешке балқыған мыс тигельде жиналды. Бұлайша балқыту 450 -қа дейінгі температурада өте қарапайым түрде жүзеге асырылды. Алынған мыс төменгі сапалы әрі құрамында басқа металдардың қоспалары болды. Мұндай мысты «алғашқы мыс» деп атайды.
Металлургия өндірісін жетілдіру қорытпаларды алуға мүмкіндік берді, бірінші кезекте қола қорытпасы алынды. Қола дегеніміз—мыс пен қалайының қоспасы екені бізге мөлім. Алайда Қазақстан аумағында табылған қоладан жасалған бұйымдардағы қалайының мөлшері бірдей емес. Бұл кен орнындағы қалайының шоғырлануына да байланысты болды. Қоланың құрамында қорғасынның, құшаланың (мышьяк), никельдің және сурьманың қоспалары кездеседі.
Ерте темір ғасыры кезеңінде Қазақстандағы тайпалар темір өндіруді игерді. Шеберлер құю технологиясының түрлі әдіс-тәсілдерін меңгеріп, техникалық өңдеу арқылы бұйымдарға кез келген пішін бере алды. Жыртқыш аңдардың бейнелері салынған ат әбзелдері, таналар мен тоғалар құюшы шеберлердің қолымен жасалған. Қазақстан аумағындағы тұрақтардан табылған заттар мен құралдар үш топқа бөлінеді: қару-жарақ, ат әбзелдері және әшекей бұйымдар.
Зергерлік өндіріс
Зергерлердің өнері қоладан жасалған бұйымдарда ізін қалдырған. Бастапқыда бұлар әйелдер тағатын әшекей — қоладан жасалған моншақтар мен маржан алқалар, шомбал білезіктер, айналар ретінде кездессе, одан әрі алтынмен қапталған қола бұйымдар — салпыншақ алқалар, қолаға құйылған алтын сырғалар пайда болды. Зергерлік істе құю, соғу, шекіме, өрнек салу тәсілдері кең таралды.
Кейінгі қола дәуірінде зергерлер сақиналар, қайыс белдік қапсырмаларын, дөңгелек сырғалар, үзбе алқалар, иірілген алтын жіпті алқалар, білезіктер жасады.
Ерте темір дәуірінде зергерлік бұйымдарды жасау технологиясы жетілдіріле түсті. Ертедегі көшпелілер қалың табақ алтынды (0,6 мм), сондай-ақ алтын түйіршіктерін илеу және-дәнекерлеу техникасын меңгерді. Сонымен қатар мәнерлі алтын жолақшалармен көркемделген темір әшекейлер, мәнерлі тағалар және алтын мен күмістен жасалған көркемдігі жоғары бұйымдар табылған.
Зергерлік бұйымдар үшін пайдаланылған қорытпалардың құрамындағы алтын жоғары сапалы екендігі анықталды. Алтынның серіктері, яғни қатар қолданатын элементтер күміс пен мыс болып табылады. Күмістің болуы оның табиғи алтынның құрамында болуымен түсіндіріледі. Ал табиғи алтын құрамында мыстың болуы шеберлердің жасаған бұйымдарына қалаған түсті берудегі ұмтылыстарымен түсіндіріледі.
Алтын кенінің құрамындағы кең таралған қоспа элементтердің бірі — қорғасын, ол алтынның қасиетін төмендетеді. Құрамында қорғасыны мол алтын морт сынғыш келеді. Ежелгі шеберлер бұйымдарға қорғасынның шамалы ғана мөлшерін қосып жасаған.
Жалпы алатын болсақ, ерте темір және қола дәуірлерінің зергерлерінің алтыннан жасалған бұйымдарының қасиетін арттыру үшін түрлі қорытпаларды қолданғандары туралы айтуға болады.
Қыш өндірісі
Қоныстар мен обаларға қазба жұмыстарын жүргізген кезде алынған негізгі материал — қыш. Ең бастысы, қыштан жасалған бұйымдар шаруашылық пен тұрмыста және кейде жоралғылық мақсат үшін пайдаланылатын ыдыс түрі болған.
Қыш бұйымдарды жасаудың технологиялық тәсілдері шикізатты даярлап-іріктеуден, қыш қамырын даярлаудан, қалыптаудан, бетін өңдеп, содан кейін оны күйдіруден тұрады. Шикізатты даярлап-іріктеу үшін сүйек және тас құралдар пайдаланылды. Қыш-құмыра шикізаттарын даярлау үшін келсап пен ірі қара малдың жауырындары, сондай-ақ уатқыштар қолданылған. Қыш құмыраның құрамына қоспалармен бірге (темір, тас, пирит, слюда, әк) сазбалшық, құм, органика (құстың саңғырығы, көң) кіреді. Сазды көбіне минерал текті созылмайтын материалдарды бекіту үшін пайдаланған. Дамыған қыш өндірісінде саз ең бастапқы шикізат болып табылады.
Шеберлер бұйымдарды қалыптау кезінде ыдыстардың түбін басып-жаныштау үшін көлемі әр түрлі жұмыр тастарды пайдаланды. Ал ыдысты жасайтын құрал ретінде тұғырық айналып тұратын үстелше, яғни станок — айналмалы қондырғыны қолданды. Ыдыстардың қабырғаларын тегістеу үшін жұмыр тастар, ағаш пышақтар пайдаланылды. Ал қышты тұрмыста қолданылатын аузы кең пештерде, сондай-ақ балқыту пештерінің түтін шығаратын мұржаларында күйдірген. Лаулаған отқа да күйдірген кездері болды.
Қыш өндірісі отырықшылық жағдайдағы аумақтарда өзінің «гүлдену» кезеңіне жетті. Атап айтар болсақ, Сырдария мен Арал маңы аймақтары, Орталық Азиямен шекаралас жерлерде мықтап дамыған. Мұны осы аумақтағы қала қазындыларынан табылған ыдыс-аяқтан бастап, құрылыс материалдарының алуан түрлілігі айғақтайды. Мөселен, біздің заманымызға дейін VII—V ғасырлардағы Сырдарияның төменгі жағын мекендеген тайпалардың ыдыстарынан: тостақтар мен тостағандарды, шыны ыдыстарды, құмыраларды, саптаяқтарды, имек тұмсықты ыдыстарды бөліп атауға болады.
Орталық Қазақстан аумағында көшпелілік өмір салты жағдайында қыш-құмыра өндіру ісі үй тұрмысының қажетіне байланысты шеберлерге тапсырыс беру арқылы жүзеге асып отырған.
Пайдаланылған әдебиет
↑ Қазақстан тарихы: Жалпы білім беретін мектептің қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы 10-сыныбына арналған оқулық / Ә. Төлеубаев, Ж. Қасымбаев, М. Қойгелдиев, т.б. — Алматы: «Мектеп» баспасы, 2006. — 232 бет, суретті. ISBN 9965-33-633-4