Башадар
Башадар — ерте темір дәуірінен сақталған Алтай сақтары қорымдарының тобы. Таулы Алтайдағы Қаракөл өзенінің солтүстік жағасындағы, Құлада ауылы маңында. 1950 жылы бірінші рет зерттеген С.И. Руденко. Қорым құрамында әр кезеңге жататын 57 ескерткіш бар. Оның ішіндегі ең ірілері: 1-ші, 2-ші және 51-ші обалар. Бұлардың әрқайсысы тастан үйіп жасалған, диаметрі 40 м, биіктігі 2 м-ден астам. Қалғандары шағындау. Қорымның жанындағы ірі плиталарды тігінен қойып жасаған тізбек қоршаудың ұзындығы 300 м. Башадарға іргелес тағы бірнеше қорымдар (Берел ескерткіштері, Пазырық қорымы, Күдергі, Қотанды, Шибе) бар. Бұлар — бір кезде Алтай тауы өңірінде өркендеген мәдениет пен өнердің куәгерлері. Мәңгі тоң белдеуде жатқан Башадар обаларынан алынған деректердің молдығы, заттардың тамаша сақталуы, зерттеу объектілерінің ғылыми сонылығы бұл ескерткіштердің сақ заманынан жеткен жәдігерлердің аса құндыларының бірі екенін көрсетті. Ашылған обалардың біріншісінің астынан 4,5 м тереңдікте, жуан қарағай бөренеден қиып салған қабірхана табылды. Оның ұзындығы 3,2 м, ені 1,5 м, биіктігі 1,2 м. Мұнда жасы 25-тер шамасындағы ер адам жерленген. Екінші обадағы қабірхана бұдан гөрі күрделірек. Ол 6 м тереңдікте. Еденінің аумағы 6,0×4,4 м. Төбесіне 8 бөрене салып, үстіне құрым киіз, оның үстіне қалыңдығы 0,5 м етіп қайың қабығын төсеген, одан соң шырша бұтақтарымен жапқан (барлығының қалыңдығы 1,5 м). Ақырында осы жабылғының үстінен қаз-қатар салынған 16 қабат бөренемен қабірді бетіне дейін толтырған. Бұған жұмсалған бөрененің саны үш жүздей. Ең үстіне топырақ пен тас үйілген. Бірінші обадағы сияқты бұл жерден де құрбандыққа шалынған 16 аттың қаңқасы табылды. Жерленген адам мүрделері шірімеген. Өйткені, олар мәңгілік мұздақта (тоң астында) жатыр және жақсылап бальзамдалған. Жерлеу алдында мүрдені өкпе-бауыр, ішек-қарнынан тазартқан, іші, дене қуыстары шөп бальзаммен толтырылып, жарған жерін тарамыспен тігіп тастаған. Кезінде мүрдемен бірге көп мөлшерде қымбат бағалы әшекейлер мен басқадай асыл дүниелер қоса көмілген. Башадар обалары сол замандарда-ақ тоналып, біршама қираған. Соған қарамастан, бізге жеткен заттай деректер мен мәліметтердің аса зор ғылыми мәні бар. Ағаш қабірханалардағы мүрделер самырсынның жуан дөңбегінен ойылып, екі жақ тұмсығын бөрінің басына ұқсатып жасалған ағаш саркофагтарға (табыттарға) жерленген. Оның жоғарғы жиектері өрнекті жұқа киізбен шырғаланып, мыс шегемен бекітілген. Саркофагтың қақпағы әр түрлі аң бейнесіндегі оюлармен бедерленген. Обалардан ер-тұрман, жүген, оның сулығы, сағалдырығы, аяқ киім сияқты түрлі заттар мен әшекей бұйымдар көптеп табылған. Оларда геометриялық, зооморфтық (әсіресе, сақтардың аң стиліндегі) нақыштар қолданылған. Ғұрып-дәстүрлері жағынан Қазақстан сақтарына жақын Башадар тайпаларының осы мәдени ескерткіштерінен кейінгі түркілердің шаруашылық, тұрмыс-салттық, мәдени-ғұрыптық дәстүрлеріне жақындықтың тамаша үлгілерін көре аламыз. Бұл орайда, ғалым С. И. Руденко: “Ежелгі Башадар тайпалары мәдениетінің кейінгі жалғастырушылары осы күнгі қазақ, қырғыз халықтары” деген маңызды пікір айтқан.