Балқаш-Шоқпар көтерілісі
Балқаш-Шоқпар көтерілісі—Кеңес өкіметінің жаппай күштеп ұжымдастыру, байларды тап ретінде жою, зорлап астық пен ет дайындау саясатына қарсы Алматы облысының Балқаш, Шоқпар аудандарында 1930 жылдың сәуір айында болған халықтың наразылық қимылдары. 1 сәуірде Балқаш ауданының ғ1 ауылында Бұзарбай Бұланбаев, Сатбай Итемгенов, Әсет Диханбаев, Бектай Сәмбетов, ғ2 ауылында Көшербай Құрамысов, ал Шоқпар ауданының ғ2 ауылында Әбдібек Нұрабаев, Тілеуқұл Сарықбаев, т.б. белсенді азаматтар Кеңес өкіметінің жүгенсіздігін айыптайтын жиналыстар ұйымдастырып, халықты көтеріліске шақырды. Көтеріліс 2 сәуірде Балқаш ауданының ғ2 ауылында басталды. Ашынған халық аудан атқару комитетінің егін егу науқанын ұйымдастыруға жіберген өкілін тұтқынға алды. 4 — 5 сәуірде Шоқпар ауданының ғ2 ауыл тұрғындары бой көтерді. 6 сәуірде Балқаш ауданының ғ1, 2, 3, 10 аудандарының көтерілісшілері аудан орталығы Ақкөлге басып кірді. Көтерілісшілер Аңшылар одағының дүкенін бұзып, ондағы қаруларды үлестіріп алды. Жергілікті өкімет адамдарын тұтқындап, мемлекеттік мекемелерді талқандады, байларды жер аудару туралы көшпелі сот қағаздарын өртеді. 7 сәуірде Әбдібек Нұрабаевтың басшылығымен өткен жиналыста көтерілісшілер өздеріне көрші аудандардың тұрғындарын тарту туралы шешім қабылдады. Бірақ Алматыдан арнайы жазалаушы отрядтың жедел келіп жетуі көтерілістің одан әрі өрістеуіне мүмкіндік бермеді. Мемлекттік комиссияны басқарып келген ҚазАКСР-і ОАК-нің төрағасы Е. Ерназаров Ақкөлде 200 адам қатысқан жиналыс өткізді. Онда көтеріліс басшыларын ұстап беру, тоналған мүліктер мен қаруларды тапсыру талап етілді. Осыдан кейін жазалаушы отряд көтерілісшілерді жаппай тұтқындай бастады. 27 сәуірге дейін Балқаш ауданы бойынша 25 адам тұтқынға алынды. Олардың арасында көтеріліс басшыларының бірі К.Құрамысов та болды. Шоқпар ауданының көтерілісшілерінің бір тобы Іле өзенінің Балқашқа құяр тұсындағы “Желтораңғы” аралына барып тығылды. Жүрдек екі катермен келіп жеткен жазалаушылар оларды да қолға түсірді. 57 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Олардың 30-ын 1930 жылы 30 мамырда ОГПУ “үштігі” ату жазасына кесті. 20 көтерілісші 3 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімдер бойынша абақтыға жабылды.