Алмат Тобабергенұлы кесенесі
Алмат Тобабергенұлы кесенесі — 19 ғасырдың ақырында салынған сәулет өнері ескерткіші. Ақтөбе облысы Ырғыз кентінен оңтүстік шығысқа қарай 22 км жерде орналасқан. 1886—1888 ж. халық шебері Жыға тұрғызған, көлемі 12,70 м х 12,10 м, 7 бөлмелі, комп. жобасы мен архитектура шешімі жағынан өте сирек кездесетін құрылыс. Кесененің солтүстік-батыс, солтүстік-шығыс және оңтүстік-шығыс жақтарынындағы бөлмелерін дөңгелендіре шығыңқы қалаумен өрген. Солтүстік-батыс қабырғасының оң жақ бұрышындағы кіретін есік, оңтүстік қабырғаны бойлай аралық бөлмеден өтіп, орталық дөңгелек залға апаратын дөңестеп жабылған дәлізбен жалғасқан. Осы дөңгелек залдан мүрдеге арналған 5 бөлмеге аркалы ойықтар арқылы өтеді. Сыналай қалап, қосарлай шығарған аркалар өте әсем көрінеді. Құрылыс Алмат Тобабергенұлының отбасылық мемориалы ретінде жобаланған: өзіне және бес ұлына (Төремұрат, Мақмұрат, Қосмұрат, Пірмақан және ең үлкені Самұрат, бірақ ол Қызылорда облысының Байғожа станциясы маңында жерленген) арналған 6 бөлмеде де сағана бар. Кесене шикі кірпіштен іргетассыз тұрғызылып, екі жағынан күйдірілген кірпішпен қапталған. Оңтүстік-батыс бетінен оны үшке бөліп, әсемдеп қалау арқылы құрылысқа айрықша салтанаттылық берілгені байқалады. Осындай салтанат ортаңғы дөңгелек бөлменің ішінен де байқалады. Архивольттардың үстімен әшекейлі белдеулері бар, арасынан бірыңғай өрнекті метопалық тақталар қатары бар фриз өтеді. Алмат тамының мұншалықты күрделі композициясы мәйіт жерлеудің өте көне ғұрыптарынан хабар береді. Мұнда бұрынғы мәйітті бөлменің бір бұрышына ығыстырады да орнына жаңа мәйітті қояды. Кесене Алмат Тобабергенұлының тірі кезінде тұрғызылған. Осында әкесі және жастай өлген бірнеше баласы жерленген. Басына құлпытастар қойылған қоршаулы қорым бар.