Аландар
Аландар, Яньцай — көшпелі тайпалар бірлестігі. Б.з.б. 1 мыңжылдықтың соңы мен б.з. 1 мыңжылдықтың басында Батыс Қазақстан мен Солтүстік Кавказ даласын мекендеген. Аландар этногенезінің алғашқы кезеңі Орта Азия мен Қазақстанның ішкі аудандарымен байланысты. Аландар тайпаларының топтасуы туралы алғашқы дерек қытай (“Ши цзи”) жазбаларында көрсетілген. Бұл дерек бойынша б.з.б. 1 ғ. Каспий мен Арал теңіздерінен Орал жоталарына дейінгі кең алқапты көшпелі Яньцай мекендеп, 100000-ға жуық әскер шығара алған. “Кіші Хань династиясы хроникаларында” (“Хоу Хань Шу”) б.з. 1 ғ-дың соңы мен 2 ғ. басында Яньцай аты Алания болып өзгертілгені жазылады. 1-мыңжылдықтың басында Аландардың бір бөлігі батысқа қоныс аударады да, басым бөлігі Арал мен Каспий теңіздері аралығындағы байтақ далада өмір сүре береді. Мұны сол өңірдегі этнотопонимдер растай түседі. Мысалы, Маңғыстау мен Үстірттегі қамалдар — Қоңыралан, Сүмбетеміралан, Алаңқала т.б. Аландар мәдениеті (“кейінгі сарматтар”) Арал-Каспий теңіздерінің солтүстігіндегі қорған ескерткіштері бойынша зерттелген. Одан Аландардың қой, жылқы өсіргендігін айғақтайтын заттар табылған. Солтүстік Кавказ Аландарының (осетиндердің ата-бабалары) көшпелі мал шаруашылығынан егіншілікке ойысқаны байқалады. Қаласы Алания.