ТҮЙІНДРУ
Әр істі бастау қандай қиын болса, аяқтау сондай қиын.
Виктор Шкловский әдеби ‘қауымға кеңінен таныс теориялық зерттеу-лерінің бірін қалай бастаудың бабын таппай қиналып, бұл реттегі жауапкершілік жөнін былай білдіріп еді: “Көне риторика үлгісіне бақсақ, заттың тақырыбын тұжырымдайтын қысқа кіріспеден бастауға болады. Кейде кешегі өткен жайларға қайырыла сөйлеген жөн деседі; кейде өзіңнің жаза білмейтініңді әңгімелеу орынды, кейде тыңдаушымен кеңесу қонымды, кейде ұстазыңның мықтылығы мен өзіңнін, осалдығыңды мойындаудан бастаған дұрыс деседі”*.
Ал аяқтау бұдан да жауаптырақ.
Александр Твардовский совет классикасынық асыл қазынасына қосылғай керемет кітабын басынан емес, бел “ортасынан бастап, аяқсыз бітіргенін” өлеңмен айтты. Бұл тегін айтылмаған: өмір қандай шексіз болса, өнер де сондай шетсіз,— бұлар жайлы сөз ешқашан бітпек емес.
Осы еңбектің басқы тарауларының бірінде біз сөз өнері туралы тұңғыш толғамдар бұдан бес мың жыл бұрын туа бастағанын айттық. Аристотель тұсында теориялық толғам эстетикалық трактатқа айналды. Содан бергі он-сан ғасыр бойына сөз өнерінің табиғаты күллі әлем көлеміңде тексерілген үстіне тексеріліп келеді,
* В. Шкловский, Көркем проза, толғаныстар мен талдаулар, М., 1961, 5-бет. ,
бірақ ешкім талдап түгесе алар емес және көркем сөз құпиялары қазыла қопарылған сайын тереңдей түседі.
Бір есте болатын нәрсе — әдебиеттің теориясы оның тарихы мен сынынан гөрі басқаша: қазақ әдебиетінің тек өзіне ғана тән тарихы мен сыны бар, бірақ өз алдына жеке-дара теориясы жоқ. Орыс пен ағылшын, неміс пен француз, өзбек пен қырғыз… бәрінде де солай. Әдебиеттің теориясы нәсіл таңдамайды, ұлтқа бөлінбейді, ел-елдің бәріне бірдей ортақ.
Бұл айтылған жайлар біздің алдымызға екі түрлі қиын талап қояды: біріншіден, біз өзімізге дейінгі әдебиет теориясын толғайтын еңбектерді қолдан келсе түгел, келмесе — түгелге жақын оқып, танып, біліп алуы- мыз керек; екіншіден, өз еңбегімізді солардың ешқайсысына ұқсатпай, тек өзімізше ғана жазуымыз керек.
Қиындық мұнымен бітпейді. Әдебиет теориясын әшейін әріпшіл ежіктеуге айналдырып алмау үшін, оны көркем творчествоның психологиясымен тығыз байланыстыра білу қажег. Ал “творчествоның психологиясы әлі толық туып үлгірмеген ғылым” (Б. Мейлах).
Қиындық мұнымен де бітпейді. Әдебиет теориясын бірыңғай құрғақ қисынға, жасаңды заңға айналдырып алмау үшін, оны жазушының шеберлігімен тығыз байланыстыра білу қажет. Ал шеберлік шексіз, оның ұшы-қиырын табу қиын, өйткені әр суреткер “бар ғұмырын тек шеберлік жолына сарп етіп өтеді” (К. Федин), сонда да шеберлік шегіне жете алмай кетеді.
Бірақ осы қиындықтардың бірде-біріне қарамастан, әлгідей үш нәрсе-нің (әдебиеттің теориясы, творчествоның психологиясы, жазушының шеберлігі) басын бір жерге біріктіре отырып, қайткен күнде де орасан ірі және іргелі үш нәрсені—1) көркем әдебиеттің болмысы мен бітімін, 2) әдеби шығарманың сыры мен сипатын, 3) әдеби дамудың мағынасы мен мәнін — өзімізше парықтап, ғылми сипатта зерттеп шығу қажет болды. Қазақ әдебиет тануының теориялық проблемаларын тек осы ретпен талдап, тексеру мүмкін еді.
Біз, мүмкіндігінше, солай еттік.
Алғашқы тарауда баса назар аударғанымыз — әдебиеттің эстетикалық бітімі. Сөз өнері жайлы тұтас ұғым оның осынау ең қиын құпиясын ашып, қастерлі табиғатын нәзік танытуы шарт деп білдік, Бүл ретте сурет-кердің өзі хақындағы сөз бен әдебиеттің қондырмалық сипаты туралы әңгімені де қолдан келгенше қонымды байыптау қажет болды.
Қазақ әдебиетшілері жалпы әдемілік туралы ілімнің, оның ішінде әдеби-теориялық ойлардың туу, даму тарихын, әдебиет танудың кезең-кезеңдерін әзірге өз алдына арнайы, кең әңгіме ете қойған жоқ. Академик Қ. Жұмалиев өзінің айтылмыш оқулығында тек Аристотель атын атап қана тынады. Дұрысында, бұл мәселе — аса арналы жүйе, желілі тарих. Ал әдемілік жайлы Маркс — Ленин іліміне дейінгі жалпы көркемдік дамуда біздің ұлы ойшылдарымыздың (Шоқан, Ыбырай, Абай) айрықша үлесі бар екені даусыз.
Кезекті тарау осы жайларға арналды.
Сөз өнері туралы синтезден анализге, керісінше, анализден синтезге көшкен жағдайдағы нағыз нақты һәм затты әңгіме әдеби қаһарман хақында болатыны мәлім. Тағы бір тараудың өзекті толғамдары мен талдаулары осы жүйеде жасалды.
Одан кейінгі күрделі мәселе — әдеби туындының өз сыры мен сипаты. Бұл тұстағы кең арна — әдебиеттегі мазмұн мен пішін. Ал көркем әдебиеттің тілінің жайы — “ылғи буырқанып, теңселе тербеліп жатқан теңіз” (Л. Леонов). Бұл “теңізге” түскен кісі оның бетінде қал-қымай, тереңіне сүңги жүзуге міндетті. Ол үшін тілдегі ажарлау, құбылту, айшықтау атаулының бәрін кәдімгі әдебиет теориясы мен тәжірибесін нық байланыстыра отырып талдау шарт.
Өлең туралы сөз — үлкен сөз. Бұл мәселеге тек ақындық нәзіктікпен ғана бару ләзім. Ал әдебиеттегі тек пен түр, бет пен бағыт дегендер әрқашан тың, нұсқалы пайымдауларды қажет етеді.
Осылардың бәрін туған әдебиетіміздің әр жанрдағы шын мәніндегі шынайы шығармаларын іріктей отыра талдап, бірақ бір ғана қазақ әдебиетінің шеңберінде қалып қоймай, көп ұлтты совет әдебиетінің, қажет жағдай-да, күллі әлем әдебиетінің биік тұрғысынан парықтап, тұжырымдап шығу шарт.
Біз, мүмкіндігінше, солай еттік.
Зейнулла Кабдулов
ОСНОВЫ ТЕОРИИ ЛИТЕРАТУРЫ
Учебное пособие для вузов
На казахском языке
Редактор М. Жамантаева. Худ. редактор В. Логинов. Художник
Я. Мельниров. Технический редактор Р. _Кашкарова. Корректор
М. Иргебаееа.
Сдано в набор 25/ҮІ-1970 г. Подписано к печати 8/Х-1970 г. Формат 84ХІ081/;;?. Объем 11,875 п. л. (19,95), уч.-изд. л 20.628. Тйраж 4600 экз. Цена 66 коп. Изд. А° 69.
г Алма-Ата, издательство <ІА^ектеп”, ул. Карла Маркса, 99а.
Заказ № 900. Полиграфкамбинат Главполиграф-прома Госкомитета Совеьа. Министров КазССР по печати, г Алма-Дта, ул. Пастера, 39.