Тараздың көне моншалары

Тараздың көне моншалары

Көне деректерге сүйенетін болсақ, Тараз қаласы Талас өңіріндегі саяси мәдениеттің ірі орталығы болған республикадағы ежелгі қалалардың бірі. Онда көптеген елдің көпестері, мемлекетаралық іспен шұғылданған елшілер, әртүрлі діни ағымды таратушы миссионерлер мен жол кезбелер, тарихшылар болып кеткен. Соңғы кезде көне қала жұртындағы археологиялық қазба жұмысы барысында ірі қоғамдық ғимараттардың тұғырлары мен қабырғаларын безендіруге пайдаланған көптеген ою-өрнегі бар бедерлі тақтайшалардың табылуы Таразда сәулетті сарайлар мен қоғамдық ғимараттардың болғандығын растайды. Оған қазба барысында қала датқасының сәнді-сарайлары мен халық бас қосатын қоғамдық көпшілік үйлерге қойылатын тамаша өрнектері бар бірнеше қоладан жасалған шырағданның табылғандығы да дәлел бола алады. Міне осындай сәулетті сарайда 568 жылы Византияның елшісі Земарахты Түркі қағаны Дизабул (Естеми) салтанатты түрде қабылдап, өзара келісім шартқа қол қойғандығы тарихтан белгілі.
Бүгінде тарихымыздың діңгегі болған Тараз қаласының жұртынан бізге жеткен қоғамдық үйлердің бірі — Ортағасырлық моншалар қалдығы. Егер тарихи деректерге сүйенентін болсақ, көне қалалардың әрқайсысында ең кемінде 5-6 монша болған. Ал біздің Тараз қаласының жұртынан екі монша табылды. Зерттеу барысында моншаларды салуда қаланың санитарлық тазалық жағы ескерілгендігі және соған орай олардың қаланың сыртқы қорғаныс дуалдарының ішкі жағына орналастырылғандығы анықталды.
Талас өзені ағысы деңгейінің төмендігі, биіктеу жерден табылған су құбырлары моншаларға қажетті судың өзеннен арнаулы шығыршақ арқылы су сақтайтын қоймаға құйылып, ары қарай көлбей қойылған су құбырларымен ағызылғандығын айғақтайды. Кейде қос моншада жеткілікті мөлшерде су болмай қалған кезде суды қабырғалары тастан өрілген құдықтан алатын да кез болған.
1939 жылы көрнекті археолог А.Н.Бернштам көне қаланың шығыс-терістік жағындағы бұрышынан моншаны қазды. Монша — көлемі 13,60×12,40 және 50-50×6,5 келетін күйдірілген кірпіштен тұрғызылған 6 бөлмеден тұратын болып шықты. Бірінші киім шешетін бөлмеден екі орындық пен пештің калдығы табылды. Ал моншаның оңтүстік-батыс бөлмесінде 1,75×4 м жуынатын астау, еденнен сыртқа су ағатын қуыстары болған.

Қазба жұмыстары нәтижесіне қарағанда үш бөлменің қабырғалары геометриялық өрнектермен, ал екі бөлменің қабырғалары мен жуынатын астау сегіз бұрышты өрнекті сары бояумен, оның айналасы қара бояумен көмкерілген, ал алтыншы бөлменің кабырғалары ақ, қызыл, сары бояулы тақталармен қиылыстырылып, кейбір жерлерде шөп тәрізді өрнек те қолданылған. Төбеден түскен қалдықтарға карағанда монша көп күмбезді болған, Моншаның еденінен Х-ХІ ғасырлардағы 17 көне тиын ақша, өте жақсы сақталған шырағдан табылды.

Археолог А.Н.Бернштам моншаның қабырғаларындағы геометриялы, шөп тәрізді ою-өрнектердің Айша-бибі кесенесіндегі өрнектермен ұқсастығын айта келіп, оны XI ғасырдағы Қараханидтер дәуірінен қалған жәдігер деп тұжырымдайды.
1970 жылы Орталық базарда жабық базар құрылысын салу үшін жер қазу жұмысы жүргізіліп жатқанда, ол арадан қабырғалары қызыл кірпіштен қаланған құрылыс табылды. Соған сәйкес жер қазу жұмыстары тоқтатылып, археологиялық қазба жұмыстары басталды. Нәтижесінде көлемі 10,5х10м, төртбұрышты, қабырғаларының биіктігі 1,5 м-ге жуық, қалыңдығы 90 см күйдірілген кірпіштен қаланған, төрт бөлмеден тұратын екінші моншаның орны табылды. Аумағы басқалардан үлкендеу көрінген 1-ші бөлме шешінетін орын болып шықты. 2-3 бөлмелер жуынуға, буға түсуге немесе массаж жасауға арналған. Ал төртіншісінен аумағы онша үлкен емес ыстық су құятын астаудың орны табылды. Ең қызығы қазба барысында табылған аумағы кішкене қыш құбырлардың көпшілігінің өзегінде онымен ыстық су жүргендігін дәлелдейтін ақ дақтардың іздері сақталыныпты, 2-3-ші
бөлмелердің астында жылу жүретін жолдар бар. Олардың үстін жалпақ тастармен жауып, әк қосқан ерітіндімен сылап тастаған.

Мұның өзі моншаға келгендердің аяғы астында жылудың болуына, терлеп-тепшіп рахаттануына мүмкіндік туғызған. Еден астындағы жылу құбырлары қабырғаларының нақышына келтіріліп, әсем әрі берік қалануы олардың осы уакытқа дейін бұзылмай сақталуына мүмкіндік туғызған. Терістік жақтағы пештің орны бұзылып кеткен. Шамасы осында жағылған оттың жылуы еден астындағы қуысты бойлап, негізгі қабырғамен аралығындағы аумағы үлкен құбыр арқылы сыртқа шығып кетіп отырған. Моншада ыстықтың көп сақталуы үшін оттың жүретін қуыстардың астына қиыршық тастар төселген.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *