Көшпелілердегі қоғамдық қатынастар

Көшпелілердегі қоғамдық қатынастар
Мазмұны
1 Туыстық қатынастар
2 Тайпа
3 Ру
4 Әлеуметтік жіктелу
5 Басқару жүйесі
6 Қоғамдағы түрлі топтар қызметі
7 Пайдаланылған әдебиет

Туыстық қатынастар

Көшпелі қоғамдағы саяси, әлеуметтік, экономикалық қатынастар туыстық жүйеге негізделді. Қазақ қауымындағы қоғамдық-әлеуметтік қатынастар көп жағдайда туыстық қатынастармен астасып жатыр. «Туыстық жүйені ылғи да қандас туыстық» деп түсінуге болмайды. Көшпелілерде шынайы қандас, ортақ ата-тектен тараған жүйе бар да, жалпы генеалогиялық туыстық жүйе бар.

Дәстүрлі қазақ қоғамында ел, жүз, тайпа, ру, ағайын, жақын ағайын, туыс, жақын туыс, ата баласы, бір әке баласы деген туыстық атаулар бар. «Ел» деген ұғымға бүкіл қазақ халқы кіреді. Қазақтардың өз түсінігі бойынша, жүздер қандас туысқандыққа негізделген бірлестіктер. Үш жүздің арғы атасының аты — Қазақ, одан Ақарыс (Ұлы жүз), Жанарыс (Орта жүз), Бекарыс (Кіші жүз) деген үш ұл тарайды. Сол үш ұлдан үш жүзді таратады. Шежірелік бұл аңызды тарихи шындық деп қарауға болмайды. Бұл көшпелі қоғамның рулық идеологиясы туғызған аңыз. Көшпелі қоғам туыстық қағида бойынша бірігеді. Кейін отырықшы халықтарда ең жақын туыстық қағида ғана сақталып, қалған бірлестіктер аумақтық жақындық, яғни көршілік қағидаға негізделетін болған. Қазақ халқының құрамына кіретін үш жүздің баласының алыс этногенетикалық туысқандығы бар екендігін жоққа шығаруға болмайды.
Тайпа
Қазақтың әр жүзінің өзі үлкен тайпалардан тұрады. Бұл жерде бір нәрсені ескерте кеткен жөн. Қазақтар тайпа деген атауды көп қолданбайды. Оның себебі бұл сөздің бізге арабтардан келгендігінен болса керек. Бірақ ғылыми әдебиетте «ру» деген сөзді орыстың «род», ал «тайпа» деген ұғымды «племя» деген сөзбен атау қалыптасқандықтан, біз рудан үлкен, бірнеше рудың бірлестігі болып табылатын этностық құрылымды тайпа деп атап жүрміз. Әйтпесе «тайпа» ұғымы кей өңірлерде ру ұғымынан тар шеңберлі ұғым болып есептеледі.

Сонымен, тайпа дегеніміз—жүздерді құрайтын үлкен ру бірлестіктері деп түсінгеніміз жөн.

Қазақ қоғамындағы көпшілік тайпалардың атауы өте әріден белгілі. Мысалы, үйсіндер мен қаңлылар тарихи деректерде бұдан 2300 жыл бұрын аталса, найман, керей, жалайыр, қыпшақ, т.б. тайпалар тарих бетіне кейіннен, бұдан 1200 жыл бұрын шыққандығы белгілі. Аталған қазақ тайпаларының біразы басқа туыстас халықтардың да құрамында кездеседі. Мысалы, қыпшақтар, қоңыраттар, наймандар, қаңлылар туысқан өзбек, башқұрт, ноғай, татар, мажар (венгр), т.б. халықтардың құрамында бар. Бұл қазақ тайпаларының көпшілігі әріден келе жатқан этностық бірлестіктер екендігін және бұл тайпалар қандас туыстар бірлігінен гөрі этностық, этносаяси бірлестік екендігінің куәсі.
Ру

Біздің пайымдауымызша, шын қандас туыстық жүйе көбінесе 7 атадан басталып, 15—20 атаға дейін барады. Әдетте, мұндай туыстық жүйе ру деп аталады. Рудың ішіндегі жақын туыстар деп 7 атаға дейінгілер есептеледі. Жақын туыстар өзара қыз алыспайды. Балаға кішкентайынан жеті атасының кім екенін жаттатып өсірген. Бір атаның балалары жақындығы жағынан 7 атадан асқаннан кейін ғана өзара құдандалық қатынасқа түсуіне рұқсат етіледі. Оны ел ақсақалдары арнайы рәсімдейді. XVII—XIX ғасырларда кейбір рулар туыстығымыз, берекеміз бұзылмасын деп, 13—15 атаға дейін өзара қыз алыспаған. Жақын туыстар арасында қыз алыспау тәртібін рулық экзогамия дейді.

Әріден келе жатқан үлкен руларда қандас туыстықпен қатар жай генеалогиялық (шежірелік) туыстық қалыптасқан. Рулардың өсіп-өну үдерісінде олар әр түрлі тарихи себептермен (соғыс, жер ауып көшу) өзара араласып сіңісіп отырған.

Рудың өзінің көшіп-қонатын аумағы, рулық таңбасы, ортақ ұраны болған. Ұран ретінде сол рудың белгілі бір атақты адамының аты қабылданатын. Қазақ жөн сұрасқанда: «Қай рудансың?», «Қай елсің?» — деп сұраған. Мысалы, басқа тайпа арасына барғанда, алдымен қай жүзден, қай рудан, сол рудың ішіндегі қай тармақтан екенін, содан соң қай атадан тарайтынын айтқан. Мысалы: «Ұлы жүзбін, оның ішінде дулатпын, дулаттың ішінде жаныспын, оның ішінде жантумын, одан өтеміспін», — деп, бергі атасына дейін атап береді.

Қазақ ру-тайпалары өзара қатты араласқан. Бұл араласу, бір жағынан, бір-бірімен некелік қатынастар арқылы болса, екінші жағынан, ел басына күн туған соғыс, жұт, әр түрлі жұқпалы аурулардан қоныс аударудан болған. Сонымен қатар ру-тайпалардың араласуына тайпалар, рулардың бір саяси-этностық одақтар құруы әсер етіп отырған. Қазақтың «Қарға тамырлы қазақпыз» деген нақылы олардың бір-бірімен туыстас екендігін көрсетеді.

Қазақ қоғамының жүзге, руға бөлінушілігінің кейде келеңсіз, жағымсыз жақтары да бар. Өзінің шыққан тегін, аталарының шежіре тарихын әркім білуі керек. Онсыз адам тексіз, өнегесіз болып өседі. Бірақ өз шыққан тегін біле тұра, бүгінде сол ру-тайпалардан сан ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ деген біртұтас халықтың ұрпағы екенімізді ешқашан ұмытпауымыз керек.
Әлеуметтік жіктелу

XVIII—XIX ғасырлардағы дәстүрлі қазақ қоғамы әлеуметтік, таптық жікке бөлінген қоғам еді. Қазақта байлар, орта шаруа және кедейлер табы болды. Дәстүрлі қазақ қоғамында қанау бүркенішті әдістермен жүргізіліп, езгі түрінде болмағандықтан, таптық қарама-қайшылық қатты шиеленісте болған жоқ. Оның үстіне, туыстық кағидаға негізделген рулық қауым идеологиясы байларға кедей туыстарын қатты қанауға мүмкіндік бермеді, кедейдің өз туыстасының шаруашылығында жұмыс істеуі де қанау мазмұнын туыстық пиғылмен жеңілдетті.

Қазақ қауымында, басқа жұрттан келіп сіңген кірмелер, қоңсылар, аз да болса құл, күңдер болды. Қауымның бұл тобындағы кедейлерді қанау, оларға әлеуметтік қатынас рулас қауым мүшелеріне қарағанда қаталдау болды.

Қазақ қоғамындағы ең ауыр жағдай құлдар мен күңдер басында болды. Олар өз қожайындарына экономикалық жағынан да, бас бостандығы жағынан да толық тәуелді еді. Әдетте, құл мен күң байдың шаруашылығында жұмыс істеді. Дегенмен қазақ қоғамында құл мен күң деген елеулі әлеуметтік топ болған жоқ, өндірісте де олардың орны біршама төмен болды.

Қазақ қоғамындағы ханнан, ханның әулетінен кейінгі тұрған әлеуметтік топ — сұлтандар. Сұлтандар хандар сияқты тек төре тұқымынан сайланды. Төре деген әлеуметтік этностық топты Шыңғыс ханның тұқымынан тараған ұрпақтарды ғана құрады. Олардың өз ұраны, өз таңбасы болды. Олар қазақ ішіндегі ақсүйек топқа жатады. Олар қазаққа қыз бермесе де, қазақтан қыз алды. Сондықтан қазаққа тезірек сіңісіп кетті.

Төрені сағалап, паналап, басқа елден, тіпті басқа жұрттардан қазақ арасына сіңген кірмелер төлеңгіт деп аталды. Олар төренің малын бақты, жерін қорыды, сойылын соқты.

Қазақ арасындағы тағы бір әлеуметтік-этностық топты қожалар құрады. Олардың арғы тегі — арабтан шыққан, қазақ жеріне ислам дінін таратушылардың ұрпағы. Олар қара қазаққа қызын бермеді, ал өздері қазақ қыздарына өте сирек үйленді. Сондықтан да олар қазақ болып, қазаққа сіңісіп кеткенімен, генетикалық жағынан оқшау қалды.
Басқару жүйесі

Көшпелі қазақ қоғамында өзінің басқару жүйесі болды. Көне заманда қазақ жерінде сақтардың, ғұндардың, үйсіндердің, қаңлылардың мемлекеттері болды. Орта ғасырларда наймандардың, керейлердің, жалайырлардың, қыпшақтардың мемлекеттіліктері болды. XIV ғасырға дейін Қазақстан жерінде әр түрлі мемлекеттер болды, XV ғасырдан бастап Қазақ хандығы құрылды. Бұлардың барлығы да көшпелі қауымдастықтар құрған мемлекеттер. Сондықтан көшпелілерде мемлекеттілік болған жоқ, ал болса, «олар мемлекеттік басқару жүйесінің үлгісін отырықшы халықтардан алды, үйренді» деген пікірлер мүлдем қате.

Қазақ жерінде хандық басқару жүйесі қалыптасқан XV—XVIII ғасырлар аралығындағы көшпелі қоғамның билік жүйесінде елдің ең жоғарғы саяси билігін хан жүргізді. Хан өкіметінің төмендегідей өкілеттігі және қызметі болды:

Хан бүкіл елдің, жердің иесі, қожайыны, басқарушысы болып есепте лді. Қол астындағы елді, жерді қорғау — оның басты міндеті саналды.
Хан бөтен елге соғыс ашу немесе бейбітшілік жөнінде келісім жасауға құқылы болды.
Хан бүкіл қазақ елінің атынан шетелдермен келісімшарттар жасады.
Хан елдің жоғарғы сотының қызметін атқарды, біреуді өлім жазасына бүйыруға немесе кешіруге құқылы болды.
Хан бүкіл елге қатысты заңдар, Жарлықтар шығарды.

Көшпелілерде қағандар, хандар, патшалар сияқты елбасыларына бағыну, солардың маңайына топтасу, ел бірлігін сақтау ежелден қалыптасқан дәстүр. Өйткені оларда ел басқарушы адамдарға табыну дәстүрі болды. Сонау ғұндардың тәңірқұтыларынан, көне үйсіндердің күнбилерінен бастап, түркілердің қағандарына дейін ел басқарушыны Тәңірдің жердегі өкілі деп түсінді. Түркі заманының қоғамдарында қазақ хандарын да солай құрметтеді. Оларды хан сайлағанда, боз биенің сүтіне шомылдырып, ақ киізге отырғызып көтерді.

Қазақ хандарының жанында ақылшысы, кеңесшілері, төбе билері, жасақтары, іс жүргізуші мемлекеттік қызметкерлері болды. Хан жергілікті жерлерді өзінің әрбір жүздегі өкілдері — сұлтандар арқылы, үлкен тайпа көсемдері — билер, ру-тайпа ақсақалдары арқылы басқарды.

Қазақ жүздерін, үлкен тайпалар мен руларды басқаруда билер кеңесі үлкен рөл атқарды. Жергілікті жердегі билікті билер, ру ақсақалдары жүргізді.

Мемлекеттік істерді бүкіл үш жүздің билік өкілдері жиналған құрылтайда, халық жиналыстарында шешті. Ел ішіндегі істерді — ру, тайпа, жүздер арасындағы жер дауын, жесір дауын, үлкен барымталар дауын үш жүздің басы қосылған үлкен астарда да шешіп отырды.

XVIII ғасырдың бірінші ширегіне дейін, яғни қазақ жерін Ресей империясы жаулап ала бастағанға дейінгі көшпелі, жартылай көшпелі қазақ қоғамындағы саяси билік түрі — хандық басқару болды. Сонымен қатар ел басқару жүйесінде ежелден келе жатқан дәстүрлі қоғамның потестарлық билік жүйесі кең орын алды. Потестарлық билік жүйесі дегеніміз — таптық қоғамға дейінгі және таптық қоғамның бастапқы сатысында сақталатын дәстүрлі билік жүйесі. Ол бойынша елді ханмен бірге ел арасындағы беделді ақсақалдар, билер, батырлар басқарды.

Хан билігі бүкіл елге қатысты жоғары саяси билік болса, ру, тайпа көлеміндегі нақты билік сол рулардан шыққан беделді ру ақсақалдарының қолында болды. Олар ру ішіндегі, рулар арасындағы жер дауы, жесір дауы мәселелерін шешіп отырды. Ру ақсақалдары елдің дәстүрін, салтын бұлжытпай орындауды қадағалаушылар болды. Олардың билігіне: туыстар, ағайын арасындағы дау-жанжалды шешу, көші-қон жолдарын, жайлау, қыстау жерлерін анықтау, рулар арасында келіссөздер, бәтуашылық жүргізу мәселелері кірді. Ру ақсақалдарының ішінен ел ішіндегі билер сайланды. Ру ақсақалдарының өзінің кеңесі болды. Кеңеске ел ішінде өмірлік тәжірибесімен, ақылымен, білім-білігімен ерекше беделге ие болған әр кіші рудың аксақалдары кірді.[1]
Қоғамдағы түрлі топтар қызметі

Көшпелі қазақ қоғамында ел қорғаған батырлардың орны ерекше болды. Олар елін, жерін жаудан қорғады, жастарды соғыс өнеріне тәрбиеледі. Жалпы, арғы заманғы дәстүрлі қазақ қоғамында батырлардың орны ерекше болды. Оны олардың батырлар жырындағы бейнесінен байқаймыз.

Көшпелі қазақ қауымында абыздардың, жыраулардың, бақсыбалгерлердің де өз орны болды. Абыздар мен жыраулар елдің рухани мәдениетін, оның елдік идеологиясын жасаушылар болды. Олардың ақылына, сәуегейлік көріпкелдігіне ел билеушілер, тіпті ханның өзі де құлақ асып, санасты.

Дәстүрлі қоғамда ел ішіндегі ем-доммен бақсы-балгерлер, шөппен емдейтін емшілер, оташылар, сынықшылар айналысты. Олар әріден келе жатқан халық медицинасының әдіс-тәсілдерін меңгерген шипагерлер болды. Жалпы, көшпелі тұрмыстың жылжымалылығы, халықтың бір орында топтаспай, бытырап орналасуы, әр түрлі індет, жұқпалы аурудың тарауынан сақтады.

Көшпелі қауымдастықтарда сол қоғам тіршілігіне қажетті барлық мамандық иелері болды. Олар — ұста, өрімші, үйші, ерші, атбегі, сыншы, құсбегі, есепші, бақсы, балгер, т.б. Ұста темірден таға, ауыздық, шалғы, орақ, күрек-сайман соқты. Көшпелі қазақ қоғамында темір ұсталарын, олардың дүниесін, көрігін қасиетті санаған. Сірә, олар отпен, металмен жұмыс істегендіктен қастерлесе керек. Жауынгердің қару-жарағын, сауыт-сайманын соғатын темір ұсталарының қоғамдағы бағасы да жоғары болды. Өрімші тері бұйымдарынан, қайыстаң әр түрлі ат әбзелдерін өрді. Үйші киіз үйдің ағаш сүйегін жасады. Ерші ер шауып, құрады. Атбегі ат баптады, сыншы асыл тұқымды жүйрік аттың сынын анықтап, таңдады. Құсбегі бүркіт, қаршыға, лашын құстарын қайырып, аңға, құсқа салды. Бақсы-балгер ем-дом жасады. Жауырыншы жауырынға қарап бал ашты, жол кесті, болашақты болжады. Әнші, күйші халық көңілін көтерді. Шешен ел атынан дауға түсті. Барымташы елдің басқада кеткен кегін малын тартып, айдап алу арқылы қайтарды. Майрампаз елді күлдірді, ел ішінде әр түрлі күлдіргі әңгіме тудырды. Олар Еуропа елдеріндегі шуттар сияқты, әдетте, хан ордасында, үлкен байлардың қолында жүрді. Майрампаз тауып сөйлейтін, мазақтаушылық қабілеті бар адамдар болды. Олардың орынды сайқымазағын ханның өзі де ренжімей көтерді.

Қазақ жеріне ислам діні енгеннен кейін халықтың басқару жүйесінің идеологиясында қожамолдалардың рөлі артты. Сопылар мен дәруіштер де өз тәлім-тәрбиелік қызметін атқарды, халықты имандылыққа, тақуалыққа, ынсап-тәубаға шақырды. Жалпы, қазақ жерінде мұсылман діні қызметшілері халықтың әдет-ғүрып, салт-санасымен қатты санасты, соларды мұсылмандық жолмен үйлестіре отырып, өз саясатын жүргізді. Ислам діні мен оның идеологиясы жартылай көшпелі, отырықшы оңтүстік аймақтарда ықпалдырақ болды.

Сонымен, көшпелі дәстүрлі қазақ қоғамы өзінің бірнеше сатылы этностық құрылымы бар, саяси-потестарлық, әлеуметтік басқару жүйесі бар, этностың тіршілік қамын түгелдей қамтамасыз ететін нысандары бар қоғам.
Пайдаланылған әдебиет
↑ 1,0 1,1 1,2 1,3 1,4 1,5 Қазақстан тарихы: Жалпы білім беретін мектептің қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы 10-сыныбына арналған оқулық / Ә. Төлеубаев, Ж. Қасымбаев, М. Қойгелдиев, т.б. — Алматы: «Мектеп» баспасы, 2006. — 232 бет. ISBN 9965-33-633-4

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *