15-18 ғасырлардағы қазақ ауыз әдебиеті

15-18 ғасырлардағы қазақ ауыз әдебиеті
Мазмұны
1 Жыраулар
2 Қорқыт Ата
3 Асан қайғы
4 Ақындар шығармашылығы
5 Қазтуған Сүйінішұлы
6 Сыпыра жырау
7 Шалкиіз жырау
8 Доспамбет жырау
9 Бұқар жырау
10 Пайдаланылған әдебиет

Жыраулар
Қазақ әдебиеті тарихында қазақ поэзиясының дамуы үш кезеңге бөлінеді:

Жыраулар кезеңі (XV ғасыр — XVIII ғасырдың бірінші жартысы.
Ақындық кезең (XVIII ғасырдың екінші жартысы — XIX ғасырдың бірінші жартысы).
Айтыс кезеңі (XIX ғасырдың екінші жартысы — XX ғасырдың басы).

Жыраулар мектебінің белгілі өкілдері — Қазтуған, Асан қайғы (XV ғасыр), Доспамбет жырау (XVI ғасыр), Шалкиіз жырау (1465—1560 жылдары), Жиембет жырау, Марқасқа жырау (XVII ғасыр), Ақтамберді жырау (1675—1768 жылдары), Тәтіқара ақын (XVII ғасыр), Үмбетей жырау (1706—1778 жылдары), Бұқар жырау (1693—1787 жылдары), Шал ақын (1748—1778 жылдары), Жанақ ақын (1770—1856 жылдары), т.б. жатады. М.Әуезов жырау деген атакка ие болған шығармашылық өкілінің өз ортасында ерекше салмағы бар қоғамдық тұлға екендігін айта отырып, оның негізгі функциясы елеңшілік емес, елге басшылық жасап, басалқы айту болатын олар хан қасындағы қалың елдің ішінен қосылған қариялар кеңесінің өкілдері деген тұжырым жасайды.

Жыраулар шығармашылығының ақындық поэзиядан негізгі ерекшелігі — жыраудың тек үлкен эпостарды жырлайтындығымен ғана емес, елдің іргелілігі үшін ақылгөйлік, көрегендік, даналық сөздер айтатын көсемдік табиғатымен тікелей байланысты.

XVIII—XIX ғасырлардағы жыраулар поэзиясында еліміздің тарихы көрініс тапқан. Тек ауыз әдебиеті шығармаларын тарихи дереккез ретінде қарастырғанда, біз бірінші кезекте әрбір тарихи деректің дәлдігімен қатар тарихи оқиғалардың желісін іздейміз.
Қорқыт Ата

Қорқыт — бүкіл түркі өркениетіне ортақ ортағасырлық тұлғалардың бірегейі. Қорқыт — әулие, ақын, жырау, сазгер, қобызшы болған. Қорқыт туралы аңыз-әңгімелер бүкіл түркі халықтарында кездеседі. Ол оғыздардан шыққан, руы — баят, әкесінің аты Қарақожа делінеді. Шешесі қыпшақ руынан.

Қорқыт қазіргі Қызылорда облысы, Қармақшы ауданының, жерінде, Сырдың бойындағы ортағасырлық, Жаңакент деген қалада VIII—IX ғасырларда дүниеге келген. Бұл оғыз тайпаларының Сырдың ортаңғы, төменгі ағысында өмір сүрген кезі болса керек.

Қорқыттың сегіз қырлы күмбезді, қазақтың киіз үйі тәріздес мазары Қызылорда облысы, Қармақшы ауданына қарасты темір жол станциясына жақын Сырдария өзенінің жағасында болған. Оны 1898 жылы қазақ фольклоры мен этнографиясы мұраларын жинаушы Ә. Диваев суретке түсірген екен. XIX ғасырдың соңында мазардың қалдықтарын Сырдың суы шайып кеткен. 1978—1980 жылдары осы маңайда Қорқытқа арнап ескерткіш орнатылды. Бұл ескерткіш қылқобызға ұқсатып жасалған, желдің әсерінен езінен-езі ызыңдап, қобыз үнін шығарып тұрады. Ескерткіштің авторы — белгілі сәулетші, этнограф Бек Ыбыраев.
Қорқыт ата кітабы.

Қорқыт туралы жазба дерек IX—X ғасырларда пайда болып, XV ғасырда хатқа түскен. Қорқыт ата кітабы, Қорқыт жөнінде қазақ ғалымдары — Ә.Марғұлан, М.Әуезов, Ә.Қоңыратбаев, т.б. зерттеген.

«Қорқыт ата кітабын» дүниежүзілік әдеби, тарихи мұраның алтын қорына жатқызуға болады, ол түркі тілдес халықтардың ортақ мұрасы болып есептеледі.

Қорқыт 95 жыл жасаған, оғыз-қыпшақ заманындағы төрт-бес хандықты басынан еткізіп, солардың бәрінде бас уәзір болған деген дерек бар.

Қазақтың Қорқыт туралы аңыз-ертегілерінде ол әулие, қобыз күйінің атасы, мәңгілік өмір іздеген адам болып суреттеледі.

Қорқыт қобызды алғаш жасаған және сонымен күй тартқан адам екен. Қорқыт жырында қобыздың қандай заттардан және қалай жасалатыны былай суреттеледі:

Қарағайдың түбінен
Қайырып алған қобызым.
Үйеңкінің түбінен
Үйіріп алған қобызым.
Ақ қайыңның безінен
Қағып алған қобызым.
Әзегінен қара емен
Ойып алған қобызым.
Қыл құйрығын тұлпардың
Ішек қылған қобызым.
Таутекенің мүйізін
Тиек қылған қобызым.

Қорқыт аңыз бойынша, желмаясына мініп алып, өзінің, елінің өмірін тілеп жүргенде көз жеткізгені — өзекті жанның бөрінің де ерте ме, кеш пе, бұл өмірден озатындығы. Содан қазақта Қайда барсаң да Қорқыттың көрі деген нақыл қалған. Ақыры Қорқыт:
“ Өлімді тоқтатса, тек өнер ғана тоқтатар ”

, — деп, Сырдың суына кілем жайғызып, бірнеше күн мен түн бойына отырып, өзінің Өмір деген күйін тартқан екен дейді.

Қорқыт күні-түні тоқтамай күй тартқанда, өлім де бір сәт тоқталыпты деседі. Күні-түні күй тартып әбден шаршаған Қорқыт бір сәт қалғып кетеді. Сонда судан бір қарашұбар жылан шығып, Қорқытты шағып алыпты-мыс. Бұл аңыз-жырдан біз не ұғамыз?

Біріншіден, Қорқыт — шамандық дін өкілі.
Екіншіден, бұл аңызда адам баласының мәңгілік өмір жөніндегі арманы жатыр.
Үшішіден, өмірді ұзартса, артында қалатын өнері ғана ұзартады деген идея жатыр.

Қазақ музыкасында Қорқыттан қалған күйлер — Қорқыт күйі, Қорқыт сарыны, Қорқыт толғауы, Тәңірі биі. Бұл күйлерде Қорқыт өзінің қасиетті ата-бабаларын еске түсіреді, олардың ерлігін асқақтата толғайды, ізгілікке үндейді.

Қорқыт дәстүрін қазақ арасында жалғастырған XVIII—XIX ғасырлар күйшілері — Жанақ, Нысанбай, Найман-бала, Қанқожа, Жұмағұл, Құлыншақ, Базар жырау, т. б. Соңғы дәуірде жалғастырғандар — Қойлыбай, бағаналы Балақай бақсы, Досжан, Шоман деген кісілер.

Қорқыт дәстүрін XX ғасырдың басына дейін тамаша жалғастырушылардың бірі Ықылас Дүкенұлы қобыз даусымен Шу, Қаратау, Сарысу бойы, Бетпақдаланы күйге бөледі.
[өңдеу] Асан қайғы

Толық мақаласы: Асан қайғы Сәбитұлы

Асан қайғы — XIV ғасырдың екінші жартысында Еділ бойында дүниеге келген ақын, философ, аңыз кейіпкері, үнемі халық қамын, елінің болашағын ойлап жүретіндіктен, замандастары оның Асан атына «қайғы» деген сөз қосып, Асан қайғы атап кеткен. Алтын Орданың ыдырау дәуірінде өмір сүрген Асан қайғы, алдымен, Сарайда, кейін Қазанда Ұлұғ-Мұхаммед ханның ықпалды билерінің бірі болған.

Егде тартқан шағында Дешті Қыпшаққа қайтып оралады, өмірінің соңғы кезеңі жаңа құрылған Қазақ мемлекетінде, Жәнібек пен Керей хандардың төңірегінде өтеді. Асан қайғы — кептеген нақыл сөздердің, афоризм, философиялық толғаулардың авторы. Бұлардың бізге жеткен жұқаналарынан көне заманға тән кейбір суреттерді, қазақ халқының құрылу кезеңіндегі белгілі тарихи оқиғалардың елесін танимыз.

Асан қайғы қазақ руларының Әбілхайыр ұлысынан бөлінуіне қарсы болмағанымен, атамекен Дешті Қыпшақтан кетуге наразылық білдіреді. Жәнібек пен Керейді оңтүстік жаққа емес, батысқа — Жайық, Жем бойына қоныстануға үгіттейді. Алайда Ордадан бөлінген рулар Шу, Сарысу бойына орналасқан соң, ел іргесі берік, ағайын арасы тату болуы жолында күреседі.

Асан қайғы, ең алдымен, хандық үкіметті күшейту, елдің қорғаныс қабілетін арттыру қажет деп санайды. Жәнібек ханды:
“ Уақытша табысқа мастанып кеттің, қазақ халқының болашағын жете ойламайсың ”

, — деп сөгеді.

Ш.Уәлиханов көшпелі ноғай-қазақ ұлысының философы деп атаған Асан қайғы туыстас руларды бір орталыққа бағынған мемлекет етіп ұйымдастыру, Қазақ хандығын нығайту жолында елеулі еңбек етті. Біздің заманымызға жеткен толғауларынан оның өз дәуірінде болып жатқан тарихи өзгерістерді байыбына жете түсінгені, Алтын Орданың орнында пайда болған ұсақ хандықтардың бөрінің де құрып бітетінін болжай алғаны көрінеді.
[өңдеу] Ақындар шығармашылығы

Қазақ халқының XV—XVII ғасырлардағы рухани мәдениеті әткен замандар мәдениетімен, оның ең құнды дәстүрлерімен сабақтас болды. Ауыз әдебиеті мазмұны жағынан барынша байып, жетілді. Тарихи өлең-жырлардың негізгі тақырыбы — қазақ халқының жоңғар басқыншыларына қарсы күресі болды.

XV ғасырдың соңы — XVII ғасырдың бас кезі қазақ халқының өз алдына дербес хандық құрып, феодалдық мемлекеттің іргетасын қалап, нығая бастаған кезі. Осы кезден қазақ халқының ұлттык, мәдениетінің езіндік бет-бейнесі айқындала бастады. Ол, әсіресе халықтың әдебиетінен, қолөнерінен және әдет-ғұрпынан байқалады. XVI ғасырдың мәдени мұрасы — кейбір жазба ескерткіштерінің таза қазақ тілінде жазылуы соның дәлелі («Құтты білік», «Ақиқат сыйы», «Жылнамалар жинағы», т. б.).

XV—XVII ғасырларда өмір кешкен ақын-жыраулардың поэзияларынан халықтың ой-ерісін, салт-санасын, тілек-мақсатын айқын аңғарамыз. Олар толғауларында халықтың небір нәзік сырларын, келер ұрпаққа айтар өсиетін, мұң-мұқтажын, қуаныш-сүйінішін, қайғы-қасіретін аша білді. Біз оны XV—XVII ғасырларда емір сүрген қазақ даласының қоғамдық-саяси, әлеуметтік ой-пікірлерінің көшбасшысы болған жыраулар: Доспамбет, Сыпыра, Қазтуған, Асан қайғы, Бұқар жырау толғауларынан байқап білеміз.
[өңдеу] Қазтуған Сүйінішұлы

Толық мақаласы: Қазтуған Сүйінішұлы

Қазтуған Сүйінішұлы — халық аңыздарында қолбасы, батыр делінеді, әскери ақсүйек тұқымынан шыққан. Туып-өскен жері — Еділ бойы. XV ғасырдың орта шенінде жаңа құрылған Қазақ хандығына қоныс аударады.

Жорық жыршысы, халық эпосын жасаушылардың бірі Қазтуған жырау артына өмір, болмыс туралы, атамекен, туған ел жайлы және әскери тұрмысқа қатысты сан алуан жырдан құралған мол мұра қалдырды. Бұлардың дені сақталмаған.

Алайда бізге жеткен санаулы шығармаларының езі-ақ Қазтуған Сүйнішұлының әдебиет тарихынан белгілі орын алуына негіз бола алады. Қазтуған Сүйінішұлының поэзиясы номадтық жауынгерлердің санасын, танымын көрсетеді, оның болмыс, тіршілік, өзін қоршаған, шырышы бұзылмаған табиғат туралы түсінігінен елес береді. Жырау киялының ұшқырлығы, кендігі, суреттеу тәсілдерінің байлығы мен өсемдігі орта ғасырларда қазақтың ақындық өнерінің жоғары дәрежеде әрі езіндік сипатқа толы болғанын танытады.

Ұлттық бояуы ашық, ершіл романтикаға суарылған толғаныстары көркем тіркестерге өте бай Қазтуған Сүйінішұлы жырлары әлденеше ғасырлар бойы қазақ ақындарына үлгі, өнеге мектебі болған. Қазтуған Сүйінішұлының Мадақ жыры, Туған жермен қоштасу тәрізді шығармалары қазақтың көне поэзиясының таңдаулы нұсқаларының қатарына жатады.

XV ғасырдың екінші жартысында ез қарауындағы руларымен бірге Еділден ауып, Қазақ ордасының құрамына өтеді. Елге аландаған, Еділді қимай артына қарайлаған мына өлеңі сол кезде туса керек:

Алаң, алан, алаң жұрт
Аққала ордам қонған жұрт.
Атамыз біздің бұ Сүйініш
Күйеу болып барған жұрт.
Анамыз біздің Бозтуған
Келіншек болып түскен жұрт.
Қарғадай мынау Қазтуған
Батыс болып туған жұрт.
Кіндігімді кескен жүрт…
Қайран да менің Еділім!
Қайран да менің Еділім!
Сыпыра жырау

Сыпыра жырау — XIV ғасырда Батыс Қазақстан еңірін жайлаған түркі тайпаларының ортасынан шыққан атақты жырау, ноғайлы-қазақ эпосының негізін салушылардың бірі. Сыпыра жырау шығармалары біздің заманымызға жетпеді, алайда оның кезінде Дешті Қыпшақтағы ең атақты сөззергері болғаны, мол мұра туғызғаны байқалады.

Сыпыра жырау ел қамын жеген дана қария кейпінде қазақтың ескі батырлар жырының бірталайында бой көрсетті. Мысалы, Ер Тарғында Сыпыра жырау туралы: Бұл — өз өмірінде толғау айтып, тоғыз ханды түзеткен кісі еді делінеді. «Телағыс» жырында Сыпыра жырау ноғайлы ішінде шыққан өзара қырқысты өршітпей, жеке басының беделімен, жырының күшімен жауласушы жақтарды бітістіреді. Ал Едіге жырында ол жүз сексенге келген жұрт қамқоры, халықтың ақылшысы.

Көптеген эпостық жырларда Сыпыра жырау айтыпты деген әр түрлі мазмұндағы толғаулар ұшырасады. Эпос кейіпкері Сыпыра жыраудың прототипі — тарихи Сыпыра жырау екендігі жырланған. Қайткенде де, Сыпыра жыраудың өз тұсындағы және өзінен соңғы сахара сөз өнеріне елеулі ықпал еткенін аңғарамыз. Белгілі Мұрын жырау өзін Сыпыра жыраудың мұрагері санаған. Ал қарақалпақ елінің фольклор зерттеушілері Сыпыра жырауды қарақалпақ эпосының негізін салушы деп біледі.
Шалкиіз жырау

Шалкиіз жырау қазақ жыраулық поэзиясының атасы саналады. Шалкиіз Тіленшіұлы 1465 жылы Жайықтың шығыс бетінде дүниеге келеді. Жыраудың әкесі сахараның беделді, бай адамы болды. Шешесі Кіші жүздің ұйытқысы болған, Сыртқы Орда деп аталатын ұлыстың билеушісі Мұса бидің қызы екен. Шалкиіз мұсылманша білім алған, оның 1490 жылға дейінгі өмірінен дерек жоқ. Тек 1490 жылы ноғайлы әміршісі Темір бидің жанында болғаны белгілі. Кейбір зерттеушілердің пайымдауларына қарағанда, осы кезде жырау бірде әскер қатарында, бірде әміршінің елші, нөкерлері қатарында Қырым, Терістік Кавказ, Дон бойын тегіс аралап шыққан.

Темір өлгеннен кейін нағашылары Мұса ұрпақтарының маңайында болады. Кейін бұл топтан бөлініп, Қазақ ордасына біржола өтеді. Шалкиіз 95 жасқа жетіп қайтыс болған деп шамаланады.

Шалкиіздің Алаштан байтақ озбаса, Темір биге арналған толғаулары; Жапырағы жасыл жаутерек, Ер Шобан, т.б. толғау-жырлары бізге жеткен. Жыраудың мына бір тіркестері бүгінгі күнге де уәзипа:

Айырдан туған жампоз бар,—
Жүгін нарға салғысыз.
Арғымақтан туған будан бар,—
Күнінде көрінім жерді алғысыз.
Жаманнан туған жақсы бар,—
Адам айтса нанғысыз.
Жақсыдан туған жаман бар,—
Күндердің күні болғанда
Бір аяқ асқа алғысыз.

Темір биді қажылық сапарынан тоқтатуға арналған өлеңінде: Құдайға құлшылық ету тек Меккеге барумен өлшенбейді, — дей келіп, былай түйеді:

Жығылғанды тұрғызсаң,
Жылағанды уатсаң,
Қисайғанды түзетсең,
Төңіріңнің үйі көбені,
Сұлтан ием,
Қарсы алдыңнан жасапты.

Доспамбет жырау

Толық мақаласы: Доспамбет жырау

Доспамбет жырау — 1490 жылы Азау қаласында туып, 1523 жылы Астрахан маңында қаза болған көне қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі және жорық жыршысы. Қазақ халқының қалыптасу кезеңінде өмір сүрген жыраудың руы — кіші ноғайлы. Өз заманындағы жорықтарға, Қырым, Ноғайлы, Қазан хандықтары арасындағы ұрыстарға қатынасқан. 1523 жылы Астрахан жорығы кезінде Доспамбет жырау бастаған шолғыншылар тосқауылға ұшырайды да, жырау ауыр жараланып, қайтыс болады.

Доспамбет жырау мұрасының дені жоғалған. Ел аузында, жекелеген қолжазбаларда сақталған бірлі-жарым туындылары XIX ғасырдың бас кезінде әр түрлі жинақтарға енді. Кеңес өкіметі тұсында Алдаспан антологиясында (1971 жылы) оның табылған шығармалары толық жарияланды («Қалаға қабылан жаулар тигей ме», «Қоғалы көлдер, құм, сулар», «Айнала бұлақ басы тең…» т.б.). Жауынгер жырау туындыларының рухы ескілігіне, көркемдеу әдістерінің көнелігіне қарамастан, көңілге әсер етерлік терең, тілі мағыналы. Кейінгі Бұқар мен Махамбет жырларынан Доспамбеттің әсері аңғарылады.

Доспамбеттің «Қоғалы көлдер, кұм, сулар», «Азау, Азау дегенің», «Айналайын Ақ Жайық», т. б. өлеңдері белгілі.

Айналайын, Ақ Жайық,
Ат салмай өтер күн қайда?
Еңсесі биік боз орда
Еңкеймей кірер күн қайда?
Қара бұлан терісін
Етік қылар күн қайда?
Күдеріден бау тағып,
Кіреуке киер күн қайда?
Күмбір-күмбір кісінетіп
Күреңді мінер күн қайда?

Бұқар жырау

Толық мақаласы: Қалқаманұлы, Бұқар жырау

Бұқар жырау

Бұқар жырау(1693—1787 жылдары). Оның туған жері — Жиделі Байсын өлкесі. Дәл туған жылы белгісіз, мөлшермен, XVIII ғасырдың соңғы ширегі. Руы — арғын. Б9кар жырау 1702 жылы Бұхарадағы Кекілташ медресесін бітіріп, бірнеше тілде еркін сөйлейтін дәрежеге жетеді. Әсіресе парсы, араб тілдерін жетік үйреніп шығады. Медресе бітірген соң Түркістандағы Қожа Ахмет Йасауи мешіт-медресесі имамының шақыруымен сонда барып, Түркістан медресесінде дәріс береді.

Бұқар жырау мен Тәуке ханға байланысты мынадай бір аңыз бар:
“ Тәуке хан мемлекет шаруасын Шығыс дәстүрімен жүргізіп, күз бен

қыста мемлекет ішіндегі ғалым, білімдар адамдарды, діндарларды, сал-серілерді хан ордасына шақырып алып, кеңес құрады екен. Ел сыйлыларынан халық жағдайын, жұрт аузынан сыр тартып, біліп отырады екен. Қайтарда бәріне сый-сияпат беріп, үлкен қошемет керсетеді екен. Сондай бір жиында қонақтар ас ішіп болғаннан кейін, хан бір сауал кояды: «Дүниеде не нәрсе өлмейді, соны тауып беріңдер», — дейді. Сонда біреулер: «Тау өлмейді», енді біреулер: «Су өлмейді», енді бірі: «Аспандағы жұлдыз өлмейді», — дейді. Төрде піл сүйегінен жасалған биік тақта отырған патша «таптың» демеген соң, жұрт тосылып қалады. Сонда ширығып отырған Бұқар: «Алдияр тақсыр, мен тауып берейін», — деп сөйлеп кетеді:

Асқар таудың елгені —
Басын мұнар шалғаны.
Көктегі бұлттың өлгені —
Аса алмай таудан қалғаны.
Ай мен Күннің өлгені —
Еңкейіп барып батқаны.
Айдын шалқар өлгені —
Мұз болып тастай қатқаны.
Қара жердің өлгені —
Қар астында қалғаны.
Өлмегенде не өлмейді —
Жақсының аты елмейді,
Ғалымның хаты өлмейді.

Сонда тақта маңғаз отырған хан Тәуке иығына жамылған қамқа тонын шешіп, Бұқардың иығына жапқан екен

дейді.

Бұқар жырау өмірінің ең жауапты кезі — Абылай ханның бас кеңесшісі болған кез. Бұл бір киын, «Ақтабан шұбырынды», ел басына күн туған, елдің елдігі сыналатын кезең еді. Осынау ел тағдыры шешілер ауыр кезеңде жырау ханға дұрыс бағыт беріп, даналықтың, үлкен сұңғыла-сәуегейліктің үлгісін көрсеткен.

Бұкар жырау шындықты бетке айтатын батылдығымен де дараланады. Бірде Абылай көршілес орыс еліне қарсы жорық ашпақ болғанда, Бұқар жырау оның немен тынатынын болжап, халық үшін қатерлі жаугершілік жолынан сақтап қалады.

Абылайдың асып-тасқанын, жөнсіздігін көргенде, оның хан болып туа қалмағанын есіне салатын:

Ей, Абылай, Абылай!
Сені мен көргенде,
Тұрымтайдай үл едің,
Түркістанда жүр едің.
Әбілмәмбет патшаға
Қызметші болып тұр едің —
Қалтақтап жүріп күнелтіп,
Үйсін Төле билердің
Түйесін баққан құл едін…

Бұқар жырау орыс отаршылдарының қазақтың шұрайлы қоныс, шүйгінді жерлерін біртіндеп басып алып, сол жерлерге бекіністер сала бастағанын көргенде, олардың бұзық пиғылдарын жұрттан бұрын сезіп, содан сақтануға шақырған.

XVIII ғасырдағы жыраулардың ен, көрнекті өкілдері, жорық жыршылары Тәтіқара мен Үмбетей жыраулардың толғауларындағы ел бастаған батырлардың ерліктері өлеңмен өрілген шежіре деп қарауға болады. Мысалы, Үмбетей жырау мен Бұқар жыраудың Қанжығалы Бөгенбай батыр туралы жырында Бөгенбайдың, Қаракерей Қабанбай, Шақшақұлы Жәнібек, Қаз дауысты Қазыбек, Қу дауысты Құттыбай сынды батыр-билермен бірге тізе қосып, жаудан қазақ жерін азат еткендігі жырланады.

Бұқар жыраудың Абылай ханға арналған толғауында Қабанбай, Бөгенбай, Жәнібек, т.б. батырлардың есімдері аталады.
“ Қабанбай батыр» жырында ел үстінде жатқан батырдың көңілін сұрайтын Бұқар жырау оны қайнар бұлаққа, дүлділ пыраққа теңей келіп: «Құрбандығыңа арғын мен үйсіннің, керей мен алшынның әрқайсысынан жүз кісі айттым, соның басы әзім болайын ”

, — деп жылайды. Бұл жерде жырау Қабанбай сынды ердің халық перзенті екендігін, оның халқы үшін бағасының қандай екендігін көрсетуге тырысқан.
Пайдаланылған әдебиет
↑ Қазақстан тарихы: Жалпы білім беретін мектептің қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы 10-сыныбына арналған оқулық / Ә. Төлеубаев, Ж. Қасымбаев, М. Қойгелдиев, т. б. — Алматы: «Мектеп» баспасы, 2006. — 232 бет, суретті. ISBN 9965—33—633—4

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *