Флористикалық география
Флористикалық география, немесе флорография, негізгі екі проблеманы шешеді. Біріншісі — жекелеген түрлерді немесе біршама рангасы биік систематикалық бірліктерді (туыстарды, тұқымдастарды) жөне олардың жиынтықтарының — флорасының таралуын зерттеу. Флора деп белгілі бір территорияда тарихи қалыптасқан өсімдіктердің түрлерінің үйлесімді жиынтығын айтады.
Жекелеген территорияның флорасын зерттеу, жер бетін флоралық аудандарға бөлуге, флоралық облыстарға бөлуге және біршама бөлшектенген флоралық кеңістіктердің бірліктерін — облыстарды, провинцияларды, округтарды және т.б. бөлуге қажетті материал береді. Өсімдіктер қауымдастықтарының географиясы (география растительности) — бұл флорографияның екінші проблемасы. Оның міндеті — өсімдіктер топтарының таралуын зерттеу болып табылады. Сонымен, өсімдіктер географиясының деңгейінде екі ерекше ғылым қалыптасқан: түрлердің және басқа систематикалық бірліктердің географиясы (эйдологиялық география) және өсімдіктер қауымдастықтарының географиясы. Оларды зерттеудің негізгі тәсілі — ареалогиялық тәсіл, басқаша айтқанда түрлердің немесе өсімдіктер топтарының алып жатқан жер көлемін зерттеу.
Ареал дегеніміз құрлықтың немесе акваторияның алып жатқан жер көлемінің бір бөлігі, оның деңгейіңде осы түрді немесе өсімдіктер тобын кездестіруге болады. Алдына қойылған мақсат-міндеттерге қарай кезкелген деңгейдегі систематикалық бірліктердің немесе өсімдіктер топтарының ареалын зерттеуге болады.
Ареалды зерттеуді қөрнекті етіп көрсету мақсатында және ыңғайлы болу үшін, оны географиялық картаға түсіру қабылданған, онда зерттеліп отырған түрдің кездесетін жерлерінің барлығы белгіленеді. Әсіресе түрдің кездесетін жерінің ең шеткі пункттерін тиянақты түрде белгілейді, одан әрі бұл түрді кездестірмейді. Содан соң бұл шеткі пункттердің арасын жабық түзумен қосады, сонда осы түрдің алып жатқан жер көлемі, яғни ареалы сызылып шығады.
Ареалдың деңгейінде оны түзетін жеке түрлер (индивидуумдар) бірқалыпты орналаспайды. Бір жерлерде олар көп мөлшерде кездессе, екінші бір жерлерде аз кездеседі, ал үшінші жерлерде мүлдем кездеспеуі мүмкін. Мұны түрдің ареалдың ішінде бөлінуі, яғни оның топографиясы деп атайды. Зерттелетін түр алып жатқан, көзге айқын байқалатын жекелеген жерлерді (биотоптарды) ареалдың участог деп атайды. Ареалдың әртүрлі участогтері, дараланған кеңістіктер, олардың бір-бірінен өсетін ортасы жағынан айқын айырмасы болады және көп жағдайда онда азды-көпті дараланған осы түрдің түр ішілік формалары, экотиптері, хеморасалары және т.б. болады. Қандайда бір болмасын ботаникалық-географиялық зерттеулер, зерттеп отырған түрлердің немесе өсімдіктер топтарының (флористикалық география) ареалын анықтауға, ареалдың тарихи қалыптасуы мен дамуын (тарихи география) және ареалдың деңгейінде зерттеліп отырған түрдің немесе өсімдіктер қауымдастығының бөлінуінің заңдылықтарын анықтауға әкеліп соқтырады (экологиялық география).