СӨЗДЕГІ СУРЕТ
Образдың қазақшасы — көркем бейне. Бұл — кеңірек ұғым. Біз осыған қарай келе жатырмыз және кейін бұл мәселеге жеке тоқталамыз. Одан бұрын, образ деген терминнің мына бір қырын біліп алу шарт.
Ең қарапайым мағынасында образ — суретті сөз.
Күлімсіреп аспан тұр,
Жерге ойлатып әр нені.
(Абай
Осы жолдарды оқығанда біздің маңымызда әдеттегі жансыз табиғат емес, әлде бір тіршілік тыныстап, көз алдымызға кәдімгідей қимыл, құбылыс елестеп кетеді. Аспан жай тұрған жоқ, езу тартып, “күлімсіреп” тұр. Жер жай жатқан жоқ, әлгі бір жадырап, жайнап күлген аспанның қылығына елтіп, бір түрлі “ойланып” жатыр. Осының бәрін біз көзімізбен көріп, көкірегімізбен сезінетін секілдіміз.;
Аспан күлімсіреп тұр дегенде Абай, әрине, аспанныц ашық, нұрлы екенін айтып отыр. Бірақ аспан ашық деген сөздің әсері аспан күлімсіреп тұр дегендей болмас еді. Өйткені алдыңғысы әшейін хабар, ауызекі айтыла салған сөз ғана да, соңғысы — сөзбен салынған сурет. Бұл әрі нақты, әрі затты. Бұл — бедерлі бейне, көркем образ. Сөз зергерлері көркем сөз арқылы бұлайша өрнек төгіп, айшық жасамаса, әдеби шығарма да тумас еді. Бұл ретте образ тіпті тар мағынасының өзінде әдеби тілдің жалпы сөйлеу тілімізден, сондай-ақ көркем әдебиеттің жалпы “әдебиет” атаулыдан айырмашылығын да, артық-шылығын да қоса танытып тұр.
Әдеби шығарма, оның ішінде өлең арқылы жасалған көркем бейне, болмаса, мысалы, даланың селеуі, шеңгелі мен шиі дәл мынадай тірілікке, әрекетке ие бола алмас еді:
Елсіз жер… еңіреген інгенде күй,
Селеулер жел оятқан билеген би.
Аулақта қорқақ қоян зар тыңдаған,
Түқырып қала берген шеңгел мен ши.
(I. Жансүгіров.)
Жансыз табиғатқа жан бітірген ғаламат сурет! Қең дала күйге толы. “Еңіреген інгеннің” қасіретін, “зар тыңдаған қоянның” қайғысын өз алдына қойғанда, өлі ұй-қыдан елгезек “жел оятқан селеудің биін”, әрі назға, сазға елтіп, әрі ойға, мұңға батып, тым-тырыс “тұқырып қалған шеңгел мен шидің” күйін қараңыз…
Лириканы әркім өзінше ұғып, оңаша тұшынбаса, оны ежіктеп түсіндіріп жату ағат. Өлеңге қара сөзбен комментарий беру келіспейді.
Тек мынаны білу керек: көркем әдебиеттің оқыған адамды баурап алар, оның жан дүниесін жұлқып-жұлқып қалар құдіретті күші осынау образдылығында жатады.
Образдылық — суреттілік, сөздегі сурет. “Әр сөз,— дейді Потебня,— қалай болғанда да, өзінің поэтикалық шығарма қалпын бастан кешіреді” *. Бұған қарағанда, әр сөздің түп төркіні — зат, сурет, образ. Орысша защита деген сөз бар. Қазақшасы — қорғау. Осында не тұр? Әшейін бір ұғым ғана. Ал осының байырғы тегіне қарасақ,Стоять за щитом деген бейнелі сөзден шыққанын білеміз. Қалқалап тұрды қалқанды деген тіркес, шынында да, біздің, көз алдымызға образ, сурет болып елестейді. Дәл осы секілді, қазақ сөздерінің қай-қайсысы да, Потебня айтқандай, бір кезде өзінің бейнелі “қалпын бастан кешіргені” даусыз. Тастау деген сөз тасқа байланысты қимылдан, тонау — тонға байланысты әрекеттен, қолдау— қолға байланысты бейнеден, бүйрек — бүйірге байланысты суреттен шыққан. Айталық, тулау деген өз әлгі ; қорғау, деген сияқты әншейін бір ұғым ғана. Ал осының түп төркінін байқасақ, жылқының әбден торалып, семіріп, тусырауы екен. Ту жылқы жалына қол апартпайтын мінезсіз, асау болатын көрінеді. Сөйтіп, тулау деген ұғым да затты, нақты бейнеден шыққан.
Осындай түп төркіні бейнеден, суреттен шыққан әр сөз өз ара қатар түзеп, тіркес құрағанда, бір түрлі бір қиял жетпес қызық айнаға айналып, оның бетіне ақиқат шындықтың өзгеше айшық-өрнегі, сурет-сәулесі түсетін тәрізді. Образдылық осылай пайда болады.
Гималай — көктің кіндігі.
Гималай — жердің түндігі.
(7. Жансүгіров.у
Бұл — метафора тәсілімен жасалған сурет: екі нәрсе қатар қойылып, бір-біріне (силлогизмдегідей бағындырылмай) баланады, өз ара “сәуле түсіріседі”, сол арқылы оқырманның көз алдына үшінші нәрсенің суреті жайылады, Байқап қарасақ, образдылық дегеннің өзі әр сөзге оның о бастағы заттылығын қайтып беретін секілді, сөйтіп, затты сөзді нақты суретке айналдыратын тәрізді. Бұл — аса қызық процесс және, П. В. Палиевский айтқандай, дәлелдеуге келмейтін, анықтауға көнбейтін ** аса қиын процесс.
* А. А. Потебня, Сөз теориясы жайлы лекциялардан, Харьков, 1894, 114-бет.
** Әдебиет теориясы. Өзекті мәселелерді тарихи тұрғыдан тал дау, М., 1962, I т., 80-бет.
Григорович өзінің жасаң кезінде “Петербург шар“ маншысы” деген очеркін Достоевскийге әкеліп, оқып берген екен. Тәжірибелі жазушы оның “Бес тиын бақыр жерге түсті де, дөңгелеп кетті” деген сөйлемін ұнатпай, “Бұлай емес, бұлай емес, тіпті де бұлай емес. Түу, тым дымсыз, кебіртек жазасың екен…” деп ренжіп отырып, өз қолымен былай жөндеп беріпті: “Бес тиын бақыр та-кыр жерге ыршып түсті де, сылдыр қағып, секіре дөңгелеп кетті”. Сөз өнерін зерттеуші ғалымдар ішінде осы жайтты мысалға алмаған адам кем де кем шығар. Міне, бұған біз де соғып өтіп отырмыз. Мұндағы мақсат — көркем шығарма үшін бәрінен бұрын суреттілік керек екенін ескерткен үстіне ескерту. Шынында да, Достоевскийдің қосқан сөздері Григоровичтің сөйлемін суретке айналдырып, қимылға көшірген: “сылдыр қағып, секіре дөңгелеген” бақырды кәдімгідей көзбен көруге болады. Онын, үстіне, “Бес тиын бақыр… сылдыр қағып, секіре дөңгелеу” үшін құмдақ не шөптесін жер емес, “тақыр жерге ыршып түсуі” керек екені де дәл. Демек, образдылық үшін сөзбен салынар сурет нақты болумен қатар, мешинше шын және дәл болуы шарт.
Бір ескеретін нәрсе — суреттіліктің жөні осы екен деп, сөйлем ішін эпитетпен, теңеумен, метафорамен сықай беру — жөнсіз. Чехов бір жолы Горькийге мынадай кінә тақты: “Сіздің тіліңізде оқырман үғымына қиын,
оны жалықтыратын анықтауыш сөздер сондай көп. “Көгалда кісі отыр”
деп жазсам, түсінікті, ап-анық, ойды бөгейтін оқшау ештеңе жоқ. Керісінше, “Ұзын бойлы, қушық кеуделі, дегенмен дембелшелеу келген жирен сақалды кісі жаяу жүргендер аяқтарымен таптап, жапырып кеткен көк жасыл шөп үстінде жан-жағына жасқана және үрейлене қарап, дыбыссыз отырды” деп жазсам, ыңғайсыз, олпы-солпы, ұғымға ауыр, тіпті, ми айналдырғандай бірдеңе болып шығар еді” *.
Бұл талаптың дұрыстығын дәлелдеп жату артық. Суреттілікке байланысты айтқан пікірлерінде сөз зергерлерінің бәрі қаламгер атаулыға дәл осындай талап қойған. Мәселен, Серафимович “анықтауыш сөз, яки эпитет затты не құбылысты бұрынғыдан гөрі таза, айқын, бедерлі, әсерлі ету үшін амалсыз қолданылғанда ғана жақсы” болатынын ескертсе, Алексей Толстой
“сөзге құ-.
А.П. Чехов, Шығармалар, М., 1957, 12-том, 340—341-беттер
нар, күш дарыту орнына әшейін шұбар түс беретін эпитеттерден қорқу” керектігін айтқаи. Алексей Толстой мұнымен де қоймайды, суреткерден көркемдегіш сөздер-ге (эпитет, теңеу, метафора т. б.) көп үйір болмауды та-лап етеді; әсіресе эпитеттен сақтандырады, “эпитет — масқара, тұрпайы нәрсе” дейді. Бұл, әрине, субъективті пікір. Бұған бас шұлғи беру қиын. Бірақ осы шошынуда себеп те жоқ емес.
Пушкин заманынан бұрынырақ болған бір беллетрист бір жолы өзінің бір геройының кескінін суреттеп отырып, оның өңі “бөздей бозарып кетіпті” деп тұқғыш рет жазғанда, оқырман қауым мұншалық қонымды әрі соны теңеуге таң-тамаша қалыпты. Содан былай қарай бұл сөз тіркесін кез келген адам сан рет қолданып, әбден “жауыр” еткен екен, сөздің өзі де “бөздей боззрып кетіпті”.
Сондай-ақ біздін, көркемдегіш сөздеріміздің көпшілігі баяғы бабалар дәуірінен бері қарай мың мәртебе қолданылып келеді. Олар әсіресе ауыз әдебиетінде тұнып тұр. Және олар ауыз әдебиетінің шығармаларына жара-сьш-ақ қалады. Мысалы, Қыз Жібектің, портретін жыр сүйген жүрт жатқа біледі:
Қыз Жібектің ақтығы Білегінін, шырайы
Наурыздын, ақша қарындай Ай балтаның сабындай
Ақ бетінің қызылы Төсінде бар қос анар
Ақ тауықтың қанындай, Нар бураның. санындай
Екі беттің ажары Оймақ ауыз, кұмар көз
Жазғы түскен сағымдай, Іздеген ерге табылды-ай!..
Ғажап емес пе? Мұндай керемет сүлу, жан тебірентер әсерлі сурет күллі дүние жүзінің фольклорлық туындыларын түгел шарласақ та сирек ұшырасады.
Ал енді осынау көркемдеу тәсілін, қазіргі профессионал қаламгерлеріміздің бірі айнытпай қайталап, өзінің көркем шығармасындағы сұлу әйелдің “ақтығы ақша қардай, бетінің қызылы тауықтың қанындай, ажары сағымдай, білегі балтаның сабындай…” деп шүбатып отырса, әрине, күлкі болар еді. Алексей Толстойдың “масқара, тұрпайы нәрсе” дейтіні де осылар,
Бұдан туатын байлау: біз әдебиет теориясының мәселелерін толғаранда, көркем бейне, сурет жайын да, тілдің, сөздің толып катқан сыр-сипатын да талай байыптаймыз. Дау жоқ, орынды қолданылған эпитет, теңеу, метафора дегендерге де талай тұшынамыз. Алайда
бұл біз ұнатқан нәрселердің бәрі әдебиетте қайта қолданылсын деген талапқа тірелмейді. Әдебиет теориясын білу — әдеби шығарма жазуға рецепт алу емес, сөз өнерінің құпиясын тануға кілт табу. Бұл есте болғаны жөн.‘
Сөз өнеріндегі сұлу нәрсе — қайталанбайтьш нәрсе. Суреттіліктің сұлулығы да суреттің сонылығында, жаңалығында жатар болар.
Мұндай сұлулыққа қалай жету керек?
Деталь арқылы жету қажет.
Деталь деген не?
Детальдың не екенін сөздіктен, тіпті энциклопедияның өзінен іздеп әуре болудың қажеті жоқ: орысша-қазақша сөздікте “деталь — бөлшек” деп аударылса, Үлкен Совет Энциклопедиясында көркемөнердегі детальдың өзі — “бүтіннің кішкене бөлшектерінін бірі, егжей-тегжейі, жеке нәрсесі” деп түсіндіріледі. Бұл анықтамалар, әрине, көркем шығармадағы детальдың сырын ашып, сипатын таныта алмайды.
“Теңіздің қасиеті тамшыдан танылады” деген қанатты ұғым бар. Ауа райын байқау үшін далаға шығу шарт емес, алақандай әйнектен қарап аңғаруға болады. Бұл ретте, Юрий Гагариннің ұшы-қиырсыз ғарышта маңып жүріп, “күллі жер-жиһанды, тіпті шыққан күн мен күндізгі жұлдыздарға дейін түп-түгел қол айна бетіндей ғана иллюминатордан көргенін” * еске алу да артық болмас еді. Бұл арқылы айтқымыз келетіні — деталь да, жоғарыдағыдай, теңіз қасиетін танытар тамшы, ауа райын аңғартар кішкене терезе немесе күллі жер-жиһанды көрсетер шағын иллюминатор секілді, бір алуан кесек көріністі немесе күрделі шындықты ұтымды танытар бірер соны сөз, немесе тың сурет-дерек қана. Әдебиеттегі деталь — суреткердің шабытгы еңбегінің нәтижесі, аса сирек ұшырасатын сәтті табысы. Мұнда азғана сөз айқын суретке айналады да, шалқар шындықты танытады, көл-көсір мағынаға ие болады, сол арқылы оқырманды қызық сезімге бөлеп, қызықтыра жетелеп әкетеді.
Естимін, шымшық торғай шықылықтап,
Жырлайды ықылықтап, сықылықтап
Сеземін шоршып ұшып қонғанын да,
Кіршктей қанаттары жыпылықтап
(Ж Молдағалиев )
* Өмір парақтары, Жинақ, М, 1964, 60-бет.
Бұтақтан бұтаққа секіріп жүрген шымшық торғайдың ықылықтап, сықылықтап жырлағаны өзіміз күнде байқап жүрген көрініс болған соң, көп мән бере қоймай, өлеңді жосылтып оқып келе жатыр едік, соңғы жолдын, тұсында дір етіп тоқтап, көз алдымыздағы соны суретке қадала қалғандай болдық: бір ұшып, бір қонып, тыпыр-тыпыр етіп жүрген әлгі шымшықтың қанаттары кірпіктей жыпылықтап тұр. Кірпіктей жыпылықтайды. Қандай дәл сурет! Солай, аумайды: кірпіктей жыпылықтайды!Торғай канатының осы құбылысына кішкене құстың бүкіл сыртқы тұрқы, ішкі құлқы барлық діріл-тынысымен түгел сиып тұрғандай. Міне, шымшық торғай: кірпіктей жыпылықтайды. Осы қимыл әрі таныс, әрі бейтаныс; әрі тың, әрі тосын. Ақынның торғай жайлы түйсігі оның айрықша белгісін танытар бір ғана деталь арқылы оқырман көкейіне дір етіп қонды да қалды.
Ә. Нұрпейісовтың “Ымырт” романында балықшы Еламан теңіз жағасынан үйіне келе жатып, өз есігінің алдында қаңтарулы тұрған бәйгі күреңге көзі түседі де, оңаша үй ішінде әйелімен бірге отырған қонақ — өзінің көптен күткен қайын атасы Сүйеу емес, Ақбаланың ашына жігіті Тәңірберген екенін біліп, жар кемердің жиегінде төбеден ұрғандай сілейіп тұрып қалады. “Сол сәтте,— деп аяқтайды жазушы бұл көріністі,— әлдеқайдан сары қаншық жүгіріп кеп, балық исі шыққан киімін иіскеді. Онан сары қаншық мұп-мұздай тұмсығымен бұнын. қолын жалап алды. Еламан бойын жиып ала қойды…” Бұл арада сары қаншықтың бар қимылы — түп—түгел деталь. Үй ішіндегі екеудің Еламан көзінен таса қимыр-қылығын да, Еламанның, сең жүрген теңіздей, алай-дүлей өз көңіл күйін де оқырманға бұдан артық шебер, ұтымды ұқтыру қиын.
Сол күнгі кеште Тәңірберген қонақ боп, аттанып кетеді де, үйінде енді әдеттегідей ерлі-зайыпты екеуі оңаша қалады. Еламанның Ақбала қасында — жар төсегінде жатқандағы хал-күйін автор тағы да ұзартпай, шұбатпай, сарабдал, сараң деталь арқылы дірілдетіп әкеп, дәл жеткізеді: “Денесіне әйелінің денесі тиіп кетсе де, жылан тәрізді сұп-суық боп қарып, түні бойы бүйірінің бір жағын мұздатып шықты”. Әрі әсерлі, әрі әсем шындық! Оқыған адамның өз бүйірі мұздап қоя бергендей.
Қағаз бетіндегі қарапайым сөздерді сырлы суретке айналдырар, сол арқылы суреттеліп отырған құбылысқа
эмоциялық жылылық, эстетикалық күш дарытар деталь дегенщіз, міне, осындай болады.
Көркем шығарма бір-бірше сіресе тұтасып тұрган ылғи ғана детальдан құралады десек, ағат айтқан болар едік. Әр детальды қабылдау үшін оқырманға, белплі дәрежеде, дайындық керек. Бүл ретте, деталь кейде ав-торлық баянның суретке айналған түйші секілденіп те кетеді. Қалай болғанда да, әйтеуір, деталь — затты шындықтың бір қыры арқылы бар сырын түтас, түгел және бірден, шапшаң танытатьш нақты штрих.
Жоғарыда Чехов әдейі мысал ретінде ұсынған тәп-тіштеу — суреттелер шындықты деталь арқылы ұтымды көрсету емес, ұтылу — шұбалаң көп сөзділік. Осының өзі — тәжірибе жүзінде жиі ұшырасатын жай. Асылы, көркем шығармада әр нәрсенщ айрықша белгілерін сипаттағанда, соны не үшш, қандай мақсатпен суреттеп отырғаны автордың есінен шықпауға тиіс. Бұл, бір жағынан, суреткерді ұсақ-түйекті жіпке тізе беретін көп сөзділіктен сақтандырса, екінші жағынан, әр штрихтың мәнін арттырып, әр детальдың әсерін күшейтеді. “Егер қазір маған стакан бірдеңе ішуге арналған ыдыс ретінде керек болса,— деп жазды Ленин,— оның формасы нағыз цилиндр сияқты ма, жоқ па және ол шынында да шыныдан жасалған ба, жоқ па, оны білу маған мүлде қажет емес, бірақ оның есесіне түбінде жарығы болмағаны қажет, бұл стаканды қолданғанда ернімді жараламайтын болғаны, т. с. қажет. Ал егер маған стакан бірдеңе ішу үшін емес, шыныдан жасалған цилиндрдің қандайы болса да жарайтын жұмысқа қолдану үшін керек болса, онда маған түбінде жарығы бар стакан да, тіпті мүлде түбі жоқ стакан да жарай береді т. т.” *.
Ә. Нұрпейісовтың әлгі романында мынадай бір штрих бар: “Аулына келген кісіге баласынан бұрын итін мақтайтын Абыралы әулетінің ежелгі бір әдеті еді”. Бір-ақ сөйлем. Осы сөйлемге бүтін бір рулы бай ауылдың қашаннан келе жатқан парықсыз, дарылдақ, даңғаза мінезі сиып кеткен. Бұл мінезді түрліше деректермен дәлелдеп, он үш бетке шұбата созуға да болар еді, бірақ Нұрпейісов олай етпеген, он үш сөзбен тұжырған да, нақты ұғымды затты детальға айналдырған; сөзін үнемдеп, қысқа қайырған. Ал сөз үнемдеу — өнердің, ұлы за-
* В. И. Ленин, Шығармалар, А., 34-т., 83-бет.
ңы болганда, қысқа жазу — тек таланттыға тән қасиет екені белгілі.
Детальдың басты бағалылығы — дәлдігінде. Дәлдік деген не? Дәлдік — шындыққа жанасымдылық. Әдетте, осылай түсіндіреміз. Жоқ, бұл жеткіліксіз. Сөзбен жасалған суретке көз алдыңызда жан бітіп, тіріліп түрегелсе, сіз оны жансыз сурет емес, тура жанды нәрседей қабылдасаңыз, кітап беті қатар түзеген әріп қана емес, қым-қиғаш қимылға айналып кетсе, сіз бұл қимылға енжар қарамай, еліге тербеліп қалсаңыз,— детальдың дәлдігі сол!
Ғ. Мүсірепов өзінің “Талпақ танау” деген әңгімесінде “Сары атан ойлай алса, әрине, атанша ойлар еді…” деп, өзі де жымия күліп, өзгелерге де езу тартқызып, біраз отырады да (шынында, түйенің қалай ойлайтынын кім білген!!), енді бірде былай сілтеп кетеді: “Сары атанның арбасында іркілдеп жатқан екі үлкен шошқа да түк ойламастан келе жатыр. Бауырындағы жеті то-райы анасының болжыраған боз емшектерін қомағайлана түрткілеуден басқа еш нәрседен хабары жоқ. Көздері кілбиген ақ кірпік балапандарда жалпақ тұмсықтарымен анасын керуден басқа ой барлығы байқалмайды. Сөлекеттеу де қолбаң, надан жаратылған жануарлар секілді. Анда-санда талпақ танаулардан жалпы түрде жабыла бір қорсылдап қойып, бұрынғы душпан елі-не тәуекел етіп, тартып келеді…” Осы түста сіз тілдегі дәлдікке назар аударсаңыз, орнын тапса, ойнамайтын сөз жоқ екенін көресіз. “Іркілдеп жатқан шошқа” — сондай дәл,— іркілдеп деген бір сөз семіз шошқаны көз алдыңызға әкеп, аяғыңыздың астына былқ еткізіп тастай беретін тәрізді. “Болжыраған боз емшектер” ше? “Кілбиген ақ кірпік” көздер ше? Ақыр аяғында жазушы “сөлекеттеу де қолбаң, надан жаратылған жануарлар секілді” дегенде жападан-жалғыз отырып, мырс етіп күлгеніңізді аңдамай қаласыз да, маңыңызда кісі жоғы есіңізге түсіп, ұялғаннан әрең тыйыласыз. Бірақ маңы-ңыз кісі орнына “талпақ танаулардан жалпы түрде жабыла қорсылдаған” әлгі жануарларға қайта толып кеткендей болғанда, енді кісі жоғына да қарамастан қар-қылдай жөнелмеске шараңыз жоқ. Мұншалық күшті әсерді тек шебер қолдян туған суретті сөздер ғана әкелер болар.
Сөз… “Таяқ еттен өтсе, сөз сүйектен өтеді” дейді қазақ,. Бұдан өткір не бар? Шығыс халықтарының ұғымында “мәңгі жасайтын нәрсе — қаһанныд өзі де, Қоқанның бөзі де емес, данышпанның сөзі”. Бұдан мықты не бар?..
Владимир Маяковский сөздің кен рудасы секілді екеній айтқан-ды. Тек, сол руданың нағыз асылын аршьш ала білу керек. Әр сөйлем емес-ау, әр сөз үшін құдды зергерше еңбектену қажет. Әр сөз үшін! Кейде ауыр еңбекпен табылған “бір ғана сөз бүкіл бір парағыңды өзін. қалаған табиғи түске бояп бере алады,— дейді Леонид Леонов,— тек ол үшін жазушы сөз химиясын игеруге тиіс” *.
Сөз химиясын игеру!..
Образға тек қана осы жолмен баруға болады.