Рамазан Құрманғалиев
Рамазан Құрманғалиев (1894, бұрынғы Орал облысы Орда ауданы – 1937) – әскери маман, дивизия комиссары, саяси қуғын-сүргін құрбаны. Ордадағы 2 сыныпты бастауыш училищені, 1920 жылы Орынбордағы атты әскер командирлерін даярлайтын курсты, 1930 жылы Ленинградтағы (Санкт-Петербург) әскери-саяси академияны бітірген. 1919 – 23 жылдары Қызыл Армия [2]қатарында қазақтың 1-атты әскер полкінің және түркістандық 8-дербес атты әскер бригадасының взвод командирі ретінде ақ бандаларға, Әндіжан, Ферғана облыстарында басмашыларға қарсы ұрысқа қатысқан. 1923 – 27 жылдары Бөкей губерниясында, Орал, Жетісу-Сырдария әскери аумақтық басқармасында қызмет істеді. 1930 – 32 жылдары Қазақстан өлкелік әскери комиссариаты саяси басқармасының бастығы, 1932 – 33 жылдары Қазақ АКСР-і әлеуметтік қамсыздандыру халық комиссары, 1933 – 37 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысында, Қазақ КСР-і Жоғарғы Сотында және Шығыс Қазақстан облысы сотында, Қазақ КСР-і Әлеуметтік қамсыздандыру халық комиссариатында жауапты қызметтер атқарды. Бұхар Халық Кеңес Республикасының жауынгерлік Қызыл жұлдыз орденімен марапатталған.