Несиенің функциялары
Несиенің функциялары. Алдын ала сұрақтың терминологиялық жағына тоқталамыз. «Функция» түсінігі ғылымда және тәжірибеде кең түрде қолданылады.
«Функция» латынша. «functio» «атқару», «жүзеге асыру» деген мағананы білдіреді. Философиялық сөздікте «функцияның» анықтамасы былайша беріледі: «Берілген қатыныстар жүйесіндегі қандай да бір объекті қасиеттерінің сыртқы көрінісі. Мысалы, сезім органдарының функциялары, ақшаның функциялары, мемлекеттің функциялары және т.б.» Жаратылыстану ғылымында функция деп қасиет, жүмыс,тәуелділікті түсіндіріледі.
Күнделікті тұрмыста функция әрекет ретінде анықталады.
Экономикалық теорияда функция деп құндық категориялар мәнінің көрінісі түсіндіріледі. Демек, несиенің функциясы деп оның мәнінің ерекше көрінісін түсіну орынды, алайда несиенің функциясы — оның мәні емес, тек осы мәнінің көрінісі. Біз қарастыратын несиенің кез келген көрініс оның функциясы ретінде ерекше.
Несиенің функцияларын қарастыру үшін келесідей ғылыми амалдар орынды. Біріншіден, бәрінен бұрын функция да несиенің мәні сияқты объективті сипатта. Функция кредитор мен қарыз алушы арасында несиелік қатынасқа түсе отырып орындайтын белгілі бір «жұмыстың» көрінісін сипаттайды. Екіншіден, несиенің функциясын талдау кезінде тағы да бір жағдайды ескеру керек: несие өзінің қозғалыс процесінің әрбір кезеңінде барлық функцияларымен емес, олардың біреуімен немесе бірнешеуімен өз мәнін көрсетеді. Демек, әрбір кезенде несие өзінің қозғалысының белгілі бір сатысында болады, сондықтан өзінің мәнді көріністерінің барлық жиынтығын бірден көрсете алмайды. Мысалы, ақша төлем құралы функциясында бір мезгілде айналыс құралы функциясын немесе қор жинау функциясын атқара алмайды. Несие де сол сияқты. Үшіншіден, функция — бұл қатып қалған емес, өзгермелі категория. Несиенің мәнінің өзгеруімен қатар оның көрінісі де өзгереді. Төртіншіден, функция несиенің біртұтас процесс ретіндегі ерекше көрінісін білдіреді.
Бұл функцияның жеке кредиторға немесе қарыз алушыға емес, жалпы несиелік қатынасқа жататындығымен түсіндіріледі; несиенің көрінуі, тек егер ол тең дәрежеде несиелік мәміленің екі қатынасушысына да қатысты болса ғана, оның функциясы ретінде анықталуы мүмкін.
Мұнан басқа, функция несиенің барлық формалары мен түрлерінің ерекше көріністерін сипаттауы керек. Коммерциялық несиенің, банктік несиенің жеке бөлектенген функциялары жоқ. Функцияны несиенің формалары немесе түрлері емес, оның экономикалық категория ретіндегі мәні тудырады. Несиенің теориясында оның келесі функциялары бөлініп шығарылады: қайта бөлу, нақты ақшаларды несиелік операциялардың ауыстыруы.
Кредитор мен қарыз алушы арасында несиелік қатынас айырбас процесінде уақытша босаған құнның қарыз алушыға берілуі жолымен қайта бөлу сатысында пайда болады, сонан соң бұл құн өзінің алғашқы иесіне қайта оралады. Осыған байланысты несиенің қайта бөлу функциясын көрсету керек. Бірінші жағдайда кредитор қарыз мәмілесі арқылы қарыз алушыға тауарлы — материалдық құндылықтарды бере алса, басқа жағдайда ақшалай қаражаттарды береді, бірақ екі жағдайда да беру объектісінің формалары әр түрлі болғанымен оның мазмұны біреу — құн қайта бөлінеді. Осылайша, қайта бөлу функциясының көмегімен құн қайта бөлінеді.
Қайта бөлу қандай белгілер бойынша жүретініне байланысты мынандай түрлерге бөлінеді: аумақ аралық, салааралық, салаішілік және шаруашылықаралық. Қайта бөлудің барлық түрлерінде берілген құнға меншік иесі өзгермейтінін ескерте кету керек. Берілген құнға меншік иесі кредиторда сақталады.
Егер несиелік қатынасқа кредитор мен қарыз алушы ретінде олардың орналасқан жерлеріне тәуелсіз әр турлі занды тұлғалар түсетін болса, құнның қайта бөлінуін аумақаралық деп айтуға болады. Салаішілік қайта бөлу салалық банктерден несие алған кезде орын алады. Егер құн бір саланың өкілі болып табылатын кредитордан, басқа саланың кәсіпорны болып табылатын қарыз алушыға берілген жағдайда несиенің көмегімен салааралық қайта бөлу орын алады.
Егер кредитор бір шаруашылық субъектісінің уақытша бос ақшалай қаражаттарын тартып, оны басқа субъектілерге қарызға беру көзі ретінде пайдаланылса, онда құнның шаруашылықаралық қайта бөлінуі орын алады.
Несие арқылы ресурстардың қайта бөлінуін әр түрлі деңгейде қарастыруға болады. Несиелік қатынастардың субъектілері деңгейінде құнның жеке шеңбер айналымында және айналымында тауарлы-материалдық құндылықтардың да ақшалай қаражаттардың да қайта бөлінуі жүреді. Халық шаруашылығы деңгейінде құнның жиынтық шеңбер айналымында оның қозғалысы несие арқылы жиынтық ұлттық өнім мен ұлттық табыстың қайта бөлінуіне ұласады. Несиенің қайта бөлу функциясы құнның жалпы қайта бөлінуін емес, уақытша босаған құнның қайта бөлінуін козғайды.
Сонымен қатар несие арқылы жүзеге асырылатын қайта бөлу, өткізу процесінің жалғасы болуы да мүмкін. Коммерциялық несие кезінде тауар өндіруші өз өнімін сатып алушыға төлеуді кейінге қалдыру шартымен сатады, яғни несиелік негізде. Алайда, мұндай кейінге қалдыру үшін тауар өндірушіде оның өнімін төлеу кезіне дейін бос ресурстары болуы керек. Немесе оларды ұдайы өндірістің басқа субъектілерінен (банктен) уақытша пайдалануға алу керек. Екі жағдайда да шаруашылықтың әр түрлі буындарында жасалып қойған нәрселер қайта бөлінеді.
Несиенің қайта бөлу функциясының төменде берілгендей ерекшеліктері бар:
• біріншіден, несиенің. көмегімен тек материалдық игіліктердің, өндіріс құрал жабдықтарының және тұтыну затының, яғни бір жыл ішінде өндірілген жалпы ұлттық өнімнің құны ғана бөлініп қоймайды, сонымен қатар елдің экономикасының дамуының алдыңғы кезендерінде жасалған құн да қайта бөлінеді;
• екіншіден, несиенің қайта бөлу функциясы құнның жалпы қайта бөлінуін қозғамайды, уақытша босаған құнның қайта бөлінуін сөз етеді;
• үшіншіден, қайта бөлу функциясының мәнділігі уақытша босаған құнды уақытша пайдалануға беру процесі болып табылады;
• төртіншіден, несиенің көмегімен уақытша босаған құнның берілуі нарықтық экономикаға тән
делдал банктердің және басқа несиелік мекемелер-дің қатысуымен жүзеге асырылады.
Несиенің тағы бір функциясы ретінде нақты ақшалар-дың орнын несиелік операциялардың басуы болып табылады. Тауар шаруашылығында нақты ақшалардың орнын несиелік операциялардың басуы үшін қажетті жағдайлар жасалған. Қарызға берілген құнды тауарлы-материалдық құндылықтар, қызметтер, өзара талаптарды есептеуді аяқтау, аккредитивтер ашу, тұрғындардың тұтыну тауарларын алуы үшін шоттарды төлеуге пайдалану, қолма-қол ақшалай төлемдерді қысқартуға, ақша айналымының құрылымын жақсартуға, төлем айналымын ұлғайтуға мүмкіндік береді, осылайша айналыс шығындарын азайтады. Қазіргі тауар шаруашылығында қарызға берілген құнның шаруашылық айналымына енуі ақшаның жалпылама орнын басу функциясын орындамайды, ал экономикалық айналымда олардың уақытша орнын басу функциясын орындайды. Қарыз алушының алған және шаруашылық, айналымына енген қарызға берілген құн ақшаға тән “жұмысты” орындай бастайды (тауарлы-материалдық құндылықтарды алу үшін жалақыны төлеу және және т.б. пайдаланылады).
Накты ақшалардың орнын несиелік операциялар басуының келесідей алғышарттары бар:
• біріншіден, банктік жүйенің дамуы және төлем айналымын ұйымдастыруда оның ролінің жоғарылауы;
• екіншіден, экономикада төлем міндеттемесі немесе талабы бар төлем құжаттарының дербес айналысы;
• үшіншіден, Орталық банктердің несиелік ақшаларды эмиссиялауы.