Мантия
Мантия. Шартты түрде мантия жоғарғы мантия (В), ортаңғы мантия (С) және төменгі мантия (Д) болып үшке бөлінеді.
Жоғарғы мантия (В) “Мохо деңгейінен” 400 км-ге дейінгі тереңдікті қамтиды. Бұл шекара неміс геофизигі Б. Гутенбергтіқ (1926) құрметіне “Гутенберг шекарасы” деп аталады. Жоғарғы мантияның орталық бөлігінде, материктердің астында — 100 км-ден 250 км-ге дейінгі, ал мұхит түбінде 50 км-ден 400 км-ге дейінгі аралықта сейсмикалық толқындардын, таралу жылдамдығы тереңдеген сайын өсудің орнына, керісінше төмендейді. Бұл жағдай мантия қабатын құрайтын заттардың балқыған _ күйде болатындығын көрсетеді. Мұндай зоналарды “астеносфера” деп атайды. Астеносфералық зоналарда вулкан ошақтары орналасады. Сонымен бірге, жер қыртысында байқалатын тектоникалық әрекеттердің көзі осы астеносфера болып саналады.
Астеносферадан жоғары аймақ жер қыртысын қоса есептегенде “литосфера” деп аталады. Бұл атауларды (астеносфера, литосфера) ғылымға алғаш енгізген американдық ғалым — геолог Дж. Баррель (1914) болды.
Ортаңғы мантия (С) немесе аралық зона 400 км-ден 1000 км-ге дейінгі аралықты қамтиды. Бұл зонаны алғаш рет орыс академигі
Б. Б. Голицын (1912) анықтайды. Сондықтан “Голицын шекарасы” деп аталады.
Төменгі мантия (Д) “Голицын деңгейінен” 2900 км-ге дейінгі аралықты камтиды. Бұл зона неміс ғалымдары Э. Вихерт пен Б.Гутенбергтің (1914) құрметіне “Вихерт— Гутенберг шекарасы” деп аталып кетті.
Мантиялық заттардың құрамында алюминий мен кремнийдің мөлшері азайып, ал темір мен магний элементтері көбейе бастайды.