Алтын адам

20 января, 2017 17:11

Алтын адам — 1970 ж. басында Есік қорғанында — сақтар тайпасының жас көсемінің зираты табылды.
Қорған қазбалары Қазақстанды 5 ғ. ЗБ мекен еткен ежелгі тайпалардың мәдениеті, өнері, діні жайлы құнды деректер берді.
Алтын адам — Алматы облысындағы Есік қаласының солтүстігіндегі Есік өзенінің сол жақ жағалауындағы темір дәуірінен сақталған сақ обасынан табылған алтын киімді сақ жауынгерінің мүрдесі (5 ғасыр). 1969 – 1970 жылы археолог Кемел Ақышев тапқан. Алтын адам киімі 4 мыңға жуық алтын әшекейлермен безендірілген. Әшекейлер барыс, бұлан, таутеке, арқар, ат, түрлі құс бейнелерін беретін «хайуанат нақышында» жасалған.

Бас сүйектің сол жағынан жаһұт тастармен әшекейленген алтын сырға табылды. Бас киімі кейінгі қазақ киімі үлгілеріне ұқсас, биік, шошақ төбелі, ұзындығы 70 см шамасында. Мойнында дөңгелек жүзік сияқты алтын алқа, іш көйлегі, көкірегінің тұсы, жеңі алтын тоғалармен өрнектелген, саусағында екі алтын жүзік, камзолы құрастырылмалы ауыр белбеумен буылған. Белбеуге аңға ұқсас бейнелер, 16 тоға жапсырылған, оң жағында қызыл қынапты ұзын семсер, сол жағында алтын пластиналар жапсырылған қынға салынған темір қанжар – ақинақ, шалбар балағы да алтын тоғалармен әшекейленген. Есік обасынан алынған археологиялық мәліметтерге қарап, бұл адамның біздің заманымыздан бұрынғы 5 – 4 ғасырларда өмір сүргені анықталды. Киім үлгісі, жерлеу рәсімі, Алтын адамның Жетісу жерін мекендеген сақтардың көрнекті елбасының ұлы немесе жас көсем, әскербасы екенін айқын көрсетеді.[3] Көне дәуірдегі материалдық мәдениет, өнер, мифология, т.б. салалардан мол дерек беретін Алтын адам сол кездегі сақтарда мемлекеттік өркениет ертеден қалыптасқанын дәлелдейді. Алтын адам – Қазақстанның азаттық символына айналды. Оның тұлғасы Алматының бас алаңына орнатылды, төбе бөркіндегі қанатты тұлпарлар бейнесі елтаңбамызға енді
²Алтын адамға² тереңірек үңілсек…

“Мәдени мұра” бағдарламасы шеңберінде Есік қорық-мұражайын ашуға байланысты былтыр күзде Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары, “Мәдени мұра” бағдарламасын іске асыру жөніндегі Қоғамдық кеңес төрағасы Мәулен Әшімбаевтың арнайы келіп, Алтын адам табылған өңірде отырыс өткізіп, жер жағдайын өз көзімен көріп қайтқанын біліп, шынымды айтсам, аса қатты қуандым. Бұл мәселе, меніңше, әлдеқашан көтерілуі керек еді. “Мәдени мұра” бағдарламасына байланысты Президент Н.Ә.Назарбаев: “Тарихи ескерткіштерді жаңғырту жұмысы ерекше ыждаһаттылықты талап етеді. Бұл – құрылыс емес, ғылыми жұмыс… Ол жұмыстардың біткеннен кейінгі тағдыры қандай болмақ? Отырар сияқты ашық аспан астында ашық-шашық тастап кетеміз бе?”, – деп, қынжыла ескерткен болатын.
Президенттің бұл сөзінен, жасыратыны жоқ, бұған дейін жүргізілген археологиялық жұмыстарға көңілі толмайтыны айқын аңғарылады. Алайда Елбасының сол ескертпесін қатаң басшылыққа алған-алмағанымыз әлі белгісіз. Академик Досмұхамед Кішібеков: “1969 жылы Алматы облысының Есік қаласына жақын жерден бұдан екі жарым мың жыл бұрын өмір сүрген “Алтын адам” табылды. Бұл, әлем ғалымдарының пікірінше, Египеттегі Тутанхамоннан кейінгі екінші үлкен ғылыми жетістікке жататын жаңалық еді”, – дейді (“ЕҚ”. 31.10.07). Бірақ, өкінішке қарай, біз әлі күнге дейін сол “екінші үлкен ғылыми жаңалыққа” лайық ұлттық шара жасай алған жоқ едік. Енді, міне, “Мәдени мұраның” шарапаты бұған да тиіп, ол шара екі жыл көлемінде жүзеге асатын болып жатса және газет: “Бұл істе әрбір ұсақ-түйекке дейін мән берілуі тиіс”, – деп, қамқор болып жатса, қалай қуанбассың!
Бірақ, соның жақсы бітуін де осы бастан жан-жақты ойластырған жөн. Ол үшін ең әуелі, меніңше, Президент айтқандай, мұның “құрылыс емес, ғылыми жұмыс” екенін есте ұстау қажет. Сондықтан, қорық-мұражайды салу жұмысымен қабат оның ғылыми-зерттеу жағын да тереңдетуге тиіспіз. Сонда ғана әлемдік мәні бар тарихи мұражайымызды өзгелерге лайықты дәрежеде танытып, өз деңгейінде дәріптей аламыз. Сол іске азды-көпті көмегі тие ме деген ниетпен бірер пікір айтпақпыз.
Президент “Мәдени мұраға” қатысты Отырарды мысалға келтірсе, мен Бесшатырды мысалға келтірмекпін. Алтын адам Іленің бір жағалауынан табылса, Бесшатыр келесі жағында жатыр. Қазір ғалымдар екеуін де сақ дәуірінің ескерткіші дейді. Бесшатырда ғалым К.Ақышевтың айтуынша, 26 шаршы километр жерді алып жатқан 31 оба бар. Соның он сегізін 1957-1961 жыл аралығында ғалым Кемал Ақышев қазып, зерттеген. “Бесшатыр қабірі өз заманында ағаштан салынған күрделі құрылыстардың бірінен саналған. Ол үш бөлімнен тұрады: дәліз, ауызғы бөлме, қабір”, – дей келіп ( “Ертедегі ескерткіштер елесі”. Алматы, 1976. 31-бет)., “Бесшатыр ескерткіші Іле аңғарын мекендеген сак-тиграхаудалар тобына жататын тайпалардың қасиетті герросы болғандығына (патшалары мен көсемдерін жерлейтін арнайы орын – Б.Н.) ешқандай дау жоқ”, – деп тұжырымдайды (Сонда, 38-бет). Алайда, ол обаларда зерттейтін қазір ешқандай кейіп те, зат та жоқ, тек ашық-шашық жатқан тастар мен топырақ қана қалған. К.Ақышев айтқан 6-обаның түбіндегі “жалпы жиынтығы 55 метр” жер асты жолын қазір ешкім көрсете де, түсіндіре де алмайды, өйткені ол арада обаның өңкиген сыртқы үйіндісінен өзге ештеңе де қалмаған. Ал студент кезінде сол Бесшатыр обаларын қазуға қатысқан, кейін Есік маңынан Алтын адамды тапқан Бекен Нұрмұханбетовтің диплом жұмысында сол 6-обаның ішкі жағын көрсететін фотосуреттер сақталған.
Ал енді өзі көрмеген, білмеген адам обаның ішкі құрылысын дәл осындай етіп қазір қалпына келтіре ала ма? Келтірген күнде де, көне бөренелерді қайдан табады? К.Ақышев бұл обаларды б.д.д.VІІ-V ғасырдан ертеректе салынған деп ұйғарады (Сонда, 43-бет). “Сақтардың тастан, топырақтан тұрғызылған кішігірім обаларының Іле аңғарындағы толып жатқан үйсіндердің обаларынан айырмашылығы жоқ”, – деп тұжырымдайды.
Осы тұжырым адамды терең ойға қалдырады. Біріншіден, бұл екі тайпаның обаларында неге айырмашылық болмайды? Оның себебі не? Екіншіден, сонда бұл обалардың қайсысы сақтікі, қайсысы үйсіндікі екенін қалай, қандай ғылыми жолмен ажыратамыз?
Біріншіден, Қытайдың “Тарихи жазбалары” мен “Ханнамада” сақтар аз айтылады да, күндер мен үйсіндер жайы біраз баяндалады. “Ханнаманың” соңғы аудармасында: “Үйсін елі ұлы күнбидің ордасы Чекүк ( бұған дейін “Шығу”, “Чигу” деп оқитын – Б.Н.) қаласында… Шығысы Ғұнмен, солтүстік батысы Қаңлы, батысы Дад-уан (бұған дейін “Даван”, “Дауан” деп оқитын, қазіргі Перғана – Б.Н.), оңтүстігі қала-мемлекеттермен іргелес. Бұл, тегінде, сақтардың ата қонысы еді, кейін ұлы нүкістер (бұрын “ұлы йуежы”, “ұлы йозы”, “ұлы йүзі” деп оқитын – Б.Н.) сақтарды талқандап, олардың ханын қуып жіберді. Сақтардың ханы оңтүстікке кетіп, Болор тауларынан әрі асып кеткен соң, бұл жерге ұлы нүкістер орын теуіп алды. Кейін кезек айналып, Үйсіннің күнбиі ұлы нүкістерді талқандады. Ұлы нүкістер батыстағы Бактрия еліне қарай жосып, Бактрия ханын бажағына айналдырды. Сонымен, Үйсін күнбиі ол жерлерді қайта басып қалды. Үйсіндердің арасында сақтар мен ұлы нүкістердің нәсілі болатындығының себебі, міне, осы”, – делініпті (“Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихының деректері”. “Ханнама. Батыс өңір” (2) тарауы. “Өнер” баспасы, 2006. 158-бет).
Осында тағы былай делінген: “Сақтар бытыраңқы қоныстанды да, бөлшектеніп, бірнеше мемлекет болып кетті” (сонда, 152, 153-бет).
Бұл оқиғалардың орын алып отырған уақыты – біздің дәуірімізге дейінгі заман. Демек, б.д.д. екінші ғасырдан бері бұл араны үйсіндер, ал оған дейін сақтар мен йүзілер, яғни нүкістер мекендеген.
Енді одан әрі тереңдеп көрелік. Қазақтың алты Арыстан тұратын халық екенін екінің бірі біледі десек, қателеспейміз. Тек, өкініштісі, сол Арыстың не қылған Арыс екенін екінің бірі біле бермейді. Білгісі келген кісіге ол соншалық қиын да емес. Себебі, кез келген шежіреші шалдан сұрасаң, Ақарыстан анау, Жанарыстан бәленше, Бекарыстан түгенше тарайды деп заулата жөнеледі. Ал оның дұрысы Ақ Арыс, Жан Арыс, Бек Арыс екеніне соны ата-бабасынан бері айтып келе жатқан шалдардың өзі де, оны естіген біз де мән бермей қайталап келеміз. Өйткені, қазақта ежелгі тарих та, деректі тарих та жоқ, бәрі аңыз деп, аузымызды қу шөппен сүртіп үйреніп кеткеміз. Және солай деп үйреткендер де молшылық. Ал енді Арыс жөнінде тарихи деректер не дейді?
Тарихи деректер Арыстың шын мәнінде тарихи тұлға екенін толық және еш күмән қалдырмай дәлелдейді. Тек “сақ” дегенді еуропалықтардың “скиф” дейтінін, ал кей ғалымның сақ пен скифті екі басқа тайпа деп санайтынын санада ұстаған жөн.
Түркі халықтарының түпкі тарихы жазылып қалған Қытайдан басқа тағы бір ел – Грекия. Олар негізінен сақ-скифтер туралы аса мол тарихи дерек қалдырған. Ондағы алдымен жүгінетініміз – “тарихтың атасы” деп әлем таныған Геродот. Ол былай дейді: “Скифтер де басқа халықтар тәрізді жатжерлік салт-дәстүрді қабылдамауға тырысады әрі олар өзге халықтардан гөрі эллиндер дәстүрінен барынша қашқақтайды. Бұл Анахарсис пен Скил тағдырынан анық байқалады. Анахарсис көптеген елді аралап, өзінің керемет ақылдылығымен көзге түсті. Қайтар жолда ол Геллеспонт арқылы жүзіп келе жатып, Кизикке тоқтайды. Нақ осы күні кизиктіктер Құдай-Ананың құрметіне салтанатты мереке өткізіп жатқан болатын. Анахарсис әйел құдайға, егер ол үйіне аман-есен жетсе, оның құрметіне кизиктіктерден көрген діни жоралардың бәрін жасап құрбандық беретіндігін және салтанатты мереке өткізетіндігін айтып ант береді. Скифияға келген соң Анахарсис құпия түрде Гилеяға барып (бұл жер Ахиллес ат ойнату алаңында орналасқан, әрқилы ағаш түрлеріне бай қалың орманды мекен), өзі Кизикте көрген діни жора салтанатын түгел жасайды… Мұны көріп қойған бір скиф дереу Савлий патшаға жеткізді. Осы жерге келіп, Анахарсистің не істеп жүргенін көзімен көрген патша оны садақпен атып өлтірді… Анахарсис скиф патшасы Иданфирстің немере ағасы, Гнурдың ұлы, Ликтің немересі, Спаргапифтің шөбересі болған. Егерде Анахарсис шынында осы патшаның әулетінен шыққан болса, оны туған ағасының өлтіргендігін бәрі біліп қойсын. Өйткені, Иданфирс Савлийдің ұлы, ал Анахарсисті Савлий өлтірген (“Қазақ тарихынан”. Геродот. Алматы, 2004. 108-бет).
“Скиф немесе жат жердегі дос” атты шығармасында Лукиан былай дейді: “Скифиядан Афиныға эллин мәдениетін аңсап келген алғашқы адам Анахарсис емес, одан бұрын келген Токсарид ақылды әрі әдемілікті ұнататын, ең жақсы мінез-құлық пен әдеп-ғұрыпты үйренуге құштар жан болатын. Өз отанында Токсарид киіз қалпақты “мұрақтылар” атты патша руынан емес, қарапайым халықтан, яғни екі өгізі мен киіз үйі ғана бар адамдар қатарынан шыққан. Бұл Токсарид аяғында Скифияға қайтып орала алмай, Афиныда өлді” (“Қазақ тарихынан”. Лукиан “Таңдамалы” кітабынан. Алматы, 2004. 133-бет). Лукиан одан ары былай дейді: “Жат жерге келген әрі өзі варвар Анахарсис, әрине, алғашқы кезде ештеңеге түсінбегендіктен,.. не істерін білмеді: …өз тілін түсінетін ешкімді кездестіре алмай, енді тек Афиныны бір көріп шығып, кемеге қайта мініп, Боспорға кері жүзіп кетуге, одан әрі онша алыс емес Скифиясына, үйіне оралуға нық шешім қабылдаған болатын. Осындай жағдайда жүрген Анахарсис кенет қаланың “құмырашылар” бөлігінде, нақ бір қолтығынан демеуге келген құдайдай, осы Токсаридке тап келеді. Токсаридті ең алдымен өзінің отандық пішіміндегі киім елең еткізді; содан кейін әрине, ол Анахарсистің өзін таныды, өйткені ол текті әулеттен шыққан және атағы жер жарған скиф болатын” (сонда, 134-бет). “Токсарид Анахарсиске скифше былай деп тіл қатты:
– Жаңылмасам, сен Даукет ұлы Анахарсис боларсың?..
– Ал сен, бейтаныс жан, мені қайдан білесің?
– Мен де сол өңірден шыққанмын, – деп жауап берді ол, – менің атым Токсарид. Алайда сен танитындай текті тұқымнан емеспін.
– Неге білмеймін, мен Токсарид туралы естігенмін, – деді Анахарсис… – Ендеше, біліп қой, – деді Анахарсис, – мен сені ұстаз тұтып, сенің Грекияға деген құштарлығыңнан от алып, оны көруге құмарттым” (сонда, 135-бет).
Ал Диоген Лаэртский “Атақты философтардың өмірі, ілімдері мен нақыл сөздері туралы” кітабының “Анахарсис” деген тарауында былай депті: “Анахарсис – скиф, Гнурдың ұлы және скиф патшасы Кадуидің бауыры, анасы жағынан эллин, сондықтан екі тілді біледі. Ол скифтер мен эллиндердің қарапайым тұрмыстағы және соғыс кезіндегі салты туралы 800 жол өлең жазған. Жат жерді кезген Анахарсис скифтерге оралды, туғандарын эллинше өмір сүруге үйретпек боп,.. алайда дегеніне жете алмай, қауырсын жебеден ажал тауып, өзі өлсе де, сөзі қалды мәңгілік” (сонда,168-бет). “Кеме табанындағы тақтай қалыңдығы төрт-ақ елі екенін естігенде, ол: “Кемедегілер мен өлімнің арасы төрт-ақ елі”, – депті… Тірілер мен өлілердің қайсысы көп деген сұраққа ол: “Теңізде жүзіп жүргендерді қай жағына қосамыз?” – деп, қарсы сұрақпен жауап қайтарыпты” (сонда, 169-бет).
Геродот б.д.д. 484 жылы, яғни Анахарсистен кейін бір жарым ғасырдан соң дүниеге келген, ал Лукиан біздің дәуіріміздің ІІ ғасырында, Диоген ғылымға VІІ ғасырда ғана белгілі болған адам, сондықтан олардың да жазуында азды-көпті ауытқулар болуы заңды. Мәселен, Геродот пен Диоген Анахарсисті Гнурдың ұлы десе, Лукиан Даукет ұлы дейді. Алайда, гректердің Анахарсисті соншама заман бойы бірінен кейін бірі жазып, айтып, үлгі етіп құрметтеп келгеніне таң қаласың.
Геродот айтып отырған Геллеспонт қазіргі Дарданел бұғазы, Кизик сол теңіз жағасындағы қала, ал Гилея дегені қазіргі Полесие, Днестрдің бойы болса, онда Геродот өмір сүрген біздің дәуірімізге дейінгі V ғасырда скифтер Қара теңіз бойында өмір сүріп жатқан болып шығады. Олай болса, олар бұл араға одан да ертеректе, б.д.д. V ғасырдан бұрынырақ келуі де мүмкін.Сонда сақтар б.д.д. V ғасырдан бұрын Қара теңіз бойын да, Жетісуды да бірдей мекендеп келген бе? Қытай жылнамалары сақтардың бір кезде шығыстан батысқа және оңтүстік-батысқа қарай жылжығанын жазады да, сол жылжудың дәл қай кезден қай кезге дейін жүзеге асқанын анықтап айтпайды. Ал мына грек оқымыстыларының жазғаны сол олқылықтың орнын толтырып тұр ғой. Ендеше, Жетісудағы б.д.д. V ғасырға жататын обаны сақ көсемінің обасы деу күмәнді емес пе?
Енді осы сақтар мен Анахарсис туралы өзіміздің қазақ шежіресінен де пікір қаузап көрелік. Алдымен Қазыбек бек Тауасарұлының атасы Матай жазып кеткен Ата шежіреге жүгінейік.
“Арыстың өз аты Анарыс болған деседі. Шешесі еркелетіп Арыс атап кетіпті. Ол ілімді Еуропа елдерінде алып, көп ғұмырын өткізіп, өз еліне келгенде, он екі-ақ жыл тұрыпты. Ол артына пәлсафа қалдырған. Жазба Майқы заманына дейін келген екен. Сол замандағы бір жер сілкіністе ол топырақ астында қалған. Арыс ақын да, ахун да адам болған. Еуропада көрген өнегесінің жақсы жақтарын өздерінің патшалығына кіргізуге ұмтылған. Ол өзінің туған ағасымен осы жөнінде келісе алмай мерт болған… Оның көп өлеңі сақталған екен, ол да жер сілкінгенде құрыған. Арыс Еуропаны өз туысқаны Тоқсары диуанамен бірге аралаған. Патшаның қандай болуы керектігін айтамын деп, туысқанына жақпаған” ( “Түп-тұқианнан өзіме шейін”. Алматы, 1993. 36-бет).
Осы салыстырулардың өзінен де гректердің Анахарсис деп отырғаны біздің Арыс бабамыз екені аңғарылады. Дегенмен, анықтай түсу үшін тағы бір қосымша дерек келтіргеннің артықтығы болмас. 2004 жылы “Аруна” баспасы бір топ автор жазған “Древний Казахстан” атты кітап шығарды, оның сараптамашысы – тарихшы, академик Болат Көмеков. Сонда: “Сақтар – қазақ халқының бабасы”, – деп және Анахарсистің өмір сүрген уақыты б.д.д. 620-555 жыл деп көрсеткен (30-31-бет). “Анахарсис (Анарыс)” деген тарауда: “Анахарсис, Анарыс-сакский ученый. Жил в V11-1V вв.н.э. В истории известен как “Скиф Анахарсис”, – деп көрсеткен (сонда, 46-47-бет). Осыдан кейін Геродот жазып кеткен Анахарсистің Қазыбек бек айтып отырған Арыс-Анарыс бабамыз екеніне қайтіп күмәндануға болады? Ал бұдан кейін сақтардың қазаққа баба тайпа екенін қалай мойындамассың? Тарих дегеннің өзі осындай-осындай дәлелдердің басын біріктіргеннен барып құралмай ма?
Ата шежіре бойынша Жұманнан Арыс, Арыстан Ақ, Пан, Жан, Бол, Бек, Бал деген алты ұл туып, содан алты арыс қазақ тараған. “Алғаш аталған екі ұл жылқы кезегіне кетіп, Тәңір тауының түбінде мұздап дүние салыпты. Ақ алтаудың үлкені екен. Одан бала қалыпты. Пан үйленбеген, одан тұяқ болмапты. Жетісуда қаңтардан кейінгі айды қазақтар ақпан немесе екі ағайынды дейді. Ағайынды Ақ пен Пан өлген ай, әйтпесе, ағайынды екі жігіт өлген ай екі ағайынды атанған”, – дейді (“Түп-тұқианнан өзіме шейін”. Алматы, 1993. 36, 37-бет). Ал қазір бүкіл қазақ “екі ағайынды” дегенді ұмытып, бұл айды ақпан деп атап жүргеміз жоқ па?
Сонда Анахарсис деп жүргеніміз өзіміздің Арыс бабамыз болса, ол біздің шамалауымызша, б.д.д. 612 жылы Тәңір таудың түбінде туып, 547 жылы Днестрдің бойында өлген болса, онда сақтар б.д.д. VІІ ғасырға дейін Жетісу жерін мекендеп, б.д.д. VІ ғасырда Қара теңіз бойына ауған болып шықпай ма?
Оның үстіне Жетісуда тек сақ обалары ғана сақталғандай сөйлейміз, ал бұл араны он ғасырға жуық мекен еткен Үйсін мемлекетінен де бір белгілер қалуы тиіс емес пе? Қарап отырсақ, ғалым Әбдеш Төлеубаевтан өзге Үйсін обасын нақты зерттеген ешкім жоқ, барлық ғалым тек сақ обаларын ғана зерттеп келген болып шығады. Сөйте тұра сақ пен үйсіннің адам жерлеу әдісі ұқсас деген тұжырым жасай салады. Әрине, үйсін сақтың ұрпағы болса, екеуінің әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі неге ұқсас болмасын?! Қазір жасы 80-нен асып отырған қарт ұстаз, бірнеше кітап жазған сауатты, Кеген өңіріндегі Жалаулы деген жерде туып-өскен Әділхан Зықаев деген ағамыз: “Біздің жас күнімізде осы қорған деп жүргендеріңді үлкен кісілер “Үйсін оба” немесе “Үйсін төбе” деуші еді”, – дейді. Осындай атадан балаға жалғасып келе жатқан сөзді елемей-ескермей, “үйсін обалардың ішінде жатқандар – сақтар” деуіміз қалай болады?
Сөз орайы келіп тұрған соң, айта кетейік, біздің кейбіріміз: “Ғұн дегенді қазақ тарихшылары шығарып алып жүр, ондай халық жоқ, оның өз аты сиуңну”, – деп, ал әр елдің тарихшылары бірі “хун”, екіншісі “ғұн” немесе “гун”, үшіншісі “һұн” деп әрқайсысы әртүрлі атап жүрген халық та сақтың ұрпағы, оның дұрыс аты “құн” болуы мүмкін екенін де осы арада ескерте кеткеніміз жөн сияқты. Себебі, біріншіден, алғашқы дыбысы “ғ”-дан басталатын ежелгі атау сөз қазақ тілінде жоқ десе де болады, ал “ғашық”, “ғайбат”, “ғарыш”, “ғалам” секілді сөздер араб тілінің ықпалымен бертінде пайда болған, сондықтан бұл тайпаның өз аты “ғұн” емес, “құн” болу керек, себебі “қ” дыбысы ежелден айтылып келе жатқан ата дыбысымыз. Екіншіден, жоғарыда айтылған Ата шежіре: “Жан деген кісіден Ар, Құн деген екі бала болыпты… Қазіргі Арғын деп жүргеніміз – осы екі ұлы адамның алты баласынан тараған ұрпақ. Олардың бірігіп Арғын аталуы Алтайға ауған заманнан қалған”, – дейді”. (“Түп-тұқианнан өзіме шейін”,1993. 46-бет). Үшіншіден, “Арқұн” сөзін “Арғын” деп үндестік заңына сәйкес өзгертіп айту – ұлттық дағдымызға тән құбылыс. Төртіншіден, 1253-1255 жыл аралығында Моңғолияға келіп қайтқан Г.Рубрук: “Бұл жерде аргон деп аталатын халық бар, ол екі рудан тұрады: аргон тендук руынан және Мухаммедке табынатын, өзгелерден гөрі көрікті және ақылдырақ, көбіне саудамен айналысатын тендуктерден”, – дейді ( “Қазақ тарихынан”, Алматы, 2004. “Шығыс елдеріне саяхат”, 1993. 85-бет). Рубрук ол аймақтың атын Сендук (Тендук) деп көрсетеді. Ал ол атау Мәшһүр шежіресіндегі Сүйіндік, Бегендік, Шегендік дейтін аталарды еріксіз еске түсіреді. Бесіншіден, қытай тарихында үйсінге көмектескен гүн тайпасын Ата шежіре аргын деп атайды. Осыларды ескерсек, арғындар құн тайпасының тікелей ұрпағы екеніне күмән қалмайды. Алтыншыдан, Ата шежіренің таратуы бойынша, Құн да, Арғын (Арқұн) да Арыс бабамыздың Жан деген баласынан тараған, яғни Жан Арыс тұқымы болып табылады. “Ежелгі Үйсін елі” кітабында Шадыман Ахметұлының: “Ат үстінде садақ тартуды ғұндар сақтардан үйреніпті”, – деп дәлелдейді бірсыпыра ғалымдар”, – деген пікірі де бұл ойымызды дәлелдей түседі (4-бет). Соғыс өнерін ағайын ағайыннан үйренбегенде, кімнен үйренеді? Жетіншіден, б.д.д. 530 жылы Кир патшаны жеңген сақ-массагет Томирис парсылармен Аракс өзенінің бойында соғысады. Өзеннің аты Арыстан тараған Ар мен Ақтың үрпағы мекендеген соң солай аталған болар деп ойлауға да қақымыз бар емес пе? Сегізіншіден, Геродот: “…скифы называют амазонок “эоропата”, что по-эллински означает мужеубийцы; “эор” ведь значит муж, а “пата” убивать”, – дейді (“История”. Ленинград, 1972.219-бет). “Эор” дегеніміз екі жарым мың жылдан кейін де әлі “ер” аталып, күйеу дегенді білдіреді, ал “пата” сөзі “опат” дегенді еске түсіреді. Ал оны арабтан енген сөз деп жүрміз. 2,5 мың жыл бұрын арабтар сақ тіліне қалай әсер етеді? Әлде Мұрат Аджи айтып жүргендей, о баста түріктерден араб тіліне, одан өзімізге қайта енген сөз бе? Әлде “қарасы батты”, “күні батты” дегендегі “батты” сөзінің арғы төркіні “пата” дегенге ұқсас айтылды ма екен? Қалай болғанда да, б.д.д. V ғасырда сақтар әйелдің күйеуін “ер” десе, қазақтар бүгін де “ер” дейді. Өстіп о заманда да, бұ заманда да бір тілде сөйлеген елді бір-бірінен бөлек ел деуге қайтіп тарихшылардың аузы барады?
Осыншама сәйкесіп тұрған деректерді көзге ілмеу тарихқа мән бермеумен бірдей емес пе? Ал егер көзге ілсек, Арыс-Анахарсистің сақ екеніне, ал біздің тікелей сақтың ұрпағы екенімізге қандай күмән қалады?
Сонымен, сақ, құн, үйсін – үшеуі де бір тұқымнан тараған ұрпақ болса, әрине, олардың әдет-ғұрпы да, салт-дәстүрі де, оның ішінде өлікті жерлеу рәсімі де бірдей болуы заңды. Ендеше, Есік обасынан табылған Алтын адамды сақ деп кесіп айта алмаймыз. Бұл күмәнімізді күрделендіре түсетін тағы мынандай жағдайлар бар.
Алдымен, Есік маңындағы Алтын адам арнайы ғылыми жұмыс нәтижесінде емес, кездейсоқ табылды. Сондықтан ол үстірт зерттеліп, Бесшатырдағыдай ең құрымаса обаның ішкі құрылысын елестетуге көмектесетін қарапайым фотосуреттер де түсірілген жоқ. Бесшатыр обаларына, ішкі-сыртқы кейбір ұқсастықтарына бола сақ дәуіріне жатқыза салынды. Ешкім ол арадан табылған заттарды Тарбағатайдың теріскейіндегі ескерткіштерді зерттеген ғалым Әбдеш Төлеубаев құсап екі бірдей шет елдің ғылыми лабораториясына жіберіп, қай ғасыр, қай заманның ескерткіші екенін арнайы анықтап жатпады.
Екіншіден, Есік обасынан екі адамның мәйіті шыққан. К.Ақышев ол жайында: “Бізге Есік қорғанындағы екі бейіт бір мезгілде пайда болған деген ой келді, себебі, екі бейіттің де үстіне үйілген топырақ бір, оған көмілген адамдар сүйегі де топырақтың астында жатыр, олай болса, олар не бір семьяның адамдары, не жақын қандастық қатынастары бар адамдар… Біздіңше, орталық бейіттегі жерленген адамның қырынан жерленген адамға қарағанда қоғамдық орны жағынан маңыздырақ екендігі даусыз”, – дейді (“Ертедегі ескерткіштер елесі”. Алматы. 1976. 13-бет). Ал мұны қазақтың қарапайым тілімен айтсақ, бірі хан да, екіншісі – ханзада.
Үшіншіден, Қытай елінде шыққан “Ежелгі Үйсін елі” кітабы: “Күнбидің он неше ұлы бар. Басқа ұлдарына қарағанда ортаншы ұлы Датлұқ … Датлұқтың ағасы мұрагер ханзада болып тағайындалған еді… Оның Семзеу деген ұлы болған, дүниеден ерте қайтқан мұрагер ханзада көзі жұмыларда Күнбиге: “Үйсін тағының мұрагері Семзеу болсын”, – деп тілек қойған еді… Күнби дүниеден көшкен соң, оның тағына Семзеу отырды. Семзеу деген – лауазымы. Өз аты – Күнсүй би. Күнби – ханның атағы, өз аты Лапкөк еді”, – дейді (Үрімжі. 2005. 249, 250, 251-бет). Дәл осы кітаптағы “Үйсін туралы жалпы шолу” деген мақаласында Нығмет Мыңжанұлы: “Үйсін Елжау бидің он ұлы болған… Күнбидің тақ мұрагері ерте қайтыс болып кетіп, оның Жөнші (Күнсүй) би деген баласы жетім қалады… Жөнші биді… Елжау би тақ мұрагері етіп бекітеді”, – деп жазады (17-бет). Ал жоғарыда айтқан Ата шежіре: “Жалпы, Елсау атамыз бес әйелінен 23 бала көріп, соның оны тіреп тұра қалыпты… Нулы атамыз әкесі Елсаудан бұрын жастай жиырма екі жасында кетіпті… Нулыны қатты ардақтап, Үш Қарашқа қойыпты. Осыдан кейін-ақ Елсаудың да денсаулығы болмапты… Елсау би дүние салып, осыдан 1980 жыл бұрын (б.д.д. 104 жыл – Б.Н.) қайтқан соң, оның көзінің тірісінде-ақ таққа отырған Санжар – Жөнше нар қытай қыздарына құмарлау болып”, – дейді (Қ.Тауасарұлы, “Түп-тұқианнан…”.1993. 43-бет). Бұл үш пікір де бір жерден тоғысады. Тек Н.Мыңжанұлы Семзеу таққа Күнби өлген соң, Қазыбек бек Күнбидің көзі тірісінде-ақ отырды дейді және 22 жастағы Нулыны Үш Қарашқа жерлегенін, әкесінің де ұзамай дүние салғанын айтады. Ал Үш Қарашымыз сол Есік қаласының үсті. Бас Қараш Асы жайлауының батыс бетінде, Орта Қараш пен Кіші Қараш Түрген өзенінің бойындағы сайда. Осының бәрін біріктіре қарасақ, Алтын адамымыз Нулы ханзада, ал “орталық бейіттегі” “қоғамдық орны маңыздырақ” адам Елсау Күнбидің өзі болып шықпай ма?
Төртіншіден, 2005 жылы 14 желтоқсанда сол кездегі Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелдиев: “Біз енді тарихи қателікті түзетуіміз керек. Есік қорғанынан табылған Алтын адамды біз осыған дейін сақ, оның ішінде сақ-тиграхауд деп келдік қой. Қытайдың жылнамалық деректері мен ондағы ғалымдардың тарихи мәліметі бұл Алтын адамның үйсін, үйсін қоғамының адамы екенін бұлтартпай дәлелдейді… Алтын адам – …үйсін бекзадасы!” – деген мәлімдеме жасаған болатын (“Жас Алаш”, 15.12.05.)
Бесіншіден, Алтын адамның үйсін ханзадасы екенін алғаш жорамалдаған жазушы Тұрсын Жұртбаев болатын. “Осы арада Кемел Ақышев қазған Есік қорғанындағы “Алтын киімді ханзада” сол Ұлы Күнбидің ұлы емес пе екен деген ой ұшығы қылт ете қалады. Оның жас мөлшері жиырманың ар жақ, бер жағы деп айтылып жүр”, – дейді ол өзінің “Дулыға” атты екі томдық тарихи зерттеулерінде (Алматы, 1994.1-том. 292-бет).
Ғылымдағы бір қателік, дер кезінде түзелмесе, кейін дәлелденуі өте қиын көп қателікті тудырары даусыз. Алтын адамның үйсін емес, сақ болып және сақтың қазаққа қатысы жоқ халық боп қалуын қалайтын, ол табылған жерді қазақ жері дегісі келмейтін ішкі-сыртқы күштердің бар екеніне біз көз жұмып қарамауға тиіспіз. Тарих ғылымдарының докторы, қытай тілін жетік білетін ғалым Нәбижан Мұқаметханұлы “Үйсін мемлекеті жөнінде” атты мақаласында: “Демек, қазір қытай тарихшыларында өзінің және өз елінде қалыптасқан ұстанымды негізсіз өзгерту байқалады”, – деуі бізді қатты сақтандыруы тиіс (“Жас Алаш”, 04.03.04). Бұған ежелден аталып келе жатқан “ғұнды” бір кезде “сиуңну” деп, “йүзіні” “жу-жы” деп, қазір “нүкіс” деп, Елжау деп оқылып келген Күнбиді Лапкөк, Мөде-Мүдені Бақтұғ деп, тағы басқа толып жатқан атауды жаппай өзгертіп жаза бастағаны да дәлел. Соның бәрін көре-біле тұрып біздің жайбарақат жүріп жатқанымыз ғылымға мән бермеушілік екені сөзсіз.
Сонымен, Есік қорық-мұражайының ғылыми негізін дұрыстап жасау үшін, алдымен сол Алтын адаммен бірге табылған бір-екі затты басқа екі мемлекетте бір-біріне қатыссыз жағдайда ғылыми-техникалық әдіспен қай заманның дүниесі екенін анықтайтын зерттеу жасату қажет.
Сонан соң Есік қорық-мұражайының құрамына бірінші кезекте көне Талғар қаласының орнын емес, Есік қорғанының қасындағы Рахат ауылының тепсеңінде жатқан қала орнын қосып, алдымен соны ашқан жөн. Себебі, оны ертедегі Үйсін мемлекетінің астанасы Шығу қаласының орны деген ғылыми болжаулар бар. Егер ол қаланың Шығу екені дәлелденсе, онда Алтын адамның үйсін екені де өз-өзінен дәлелденеді. Алтын адамды тапқан Бекен Нұрмұхаметов Есік маңындағы “Патшалар қорғанында” бұрын 600-700 оба бар еді, қазір 60-70-і ғана қалды дейді. Ал 600-700 обаға ел билеушілері құрығанда 6-7 ғасыр бойы жерленуі тиіс. Соншама уақыт бір жерге басшыларын жерлеген ел соншама уақыт сол араны тұрақты мекен етуге де тиіс. Біз әңгіме етіп отырған обадан табылған хан мен ханзада да, сөз жоқ, сол көне қалада өмір сүрген адамдар. Ал оны археологиялық жолмен дәлелдеу – өте мәдениетті елдің үлесі. Біз сол үлесті үнемі болашаққа сырғыта бермеуіміз керек.
Ата шежіредегі: “Ел астанасы Үш Қараш астындағы Шығу қаласы еді”, – деген сөз де (“Түп-тұқианнан өзіме шейін”. 45-бет) шындық пен болжамның арасын біржола анықтап, осындай ғылыми-археологиялық зерттеуді жедел түрде жүргізуге шақырады.

Авторы: Бексұлтан НҰРЖЕКЕҰЛЫ, жазушы.

0

Автор публикации

не в сети 10 месяцев

Орманбекова

11
Комментарии: 1Публикации: 136Регистрация: 20-12-2012

Читайте также:

1 отклик

Добавить комментарий

Войти с помощью: 
Авторизация
*
*
Войти с помощью: 
Регистрация
*
*
*
*
Войти с помощью: 
Генерация пароля