Адам іс-әрекетінен туындаған биосферадағы жаһандық өзгерістер
Адам іс-әрекетінен туындаған биосферадағы жаһандық өзгерістер
Адам іс-әрекетінің биосфераға оң әсерімен бірге күшті келеңсіз әрекеті де бар. Қоршаған орта — ауа, су, топырақ аса қарқынды ластануда. Ауаға көмірқышқыл газдың орасан мол мөлшері шығарылуда. Соның атмосферада жинақталуынан көктемелік әсер пайда болуда. Мәселен, соңғы он жылдықта Жер температурасы 1°С-ге дерлік көтерілді. Оның мұздықтарды ерітіп, Дүниежүзілік мұхит деңгейін көтеруі, құрлықтың орасан зор аумағын су басуы мүмкін. Жылылықтың басталатынына ешкімнің күмәндігі жоқ. Алайда оның салдарына жайбарақат қараушылар көп. Климаттың жылынуы деген — бұл қуаңшылықтың әлсіреуі, ауыл шаруашылық дақылдардың түсімділігінің артуы, аштықтан құтылу.
Бүгінгі жағдай
Бүгінгі күні Жердегі температура мүлде өте жоғары емес. Ғаламшардың геологиялық тарихында температура 10-15°С-ге жоғары да болды. Ғаламшарда тіпті тарихи мерзімде жылырақ та болған. Бұған көптеген дәлелдер бар. Мәселен, бұдан 2 мың жыл бұрын Британ аралдарында жүзім өсірілді. Скандинавия аралдарында бұдан мың жыл бұрын осы заманғы шекарадан 300 м жоғары жерге дәнді дақылдар екті. Ұлы Новградта «жылы жүйекшелерге» қауын өсірді. Алматыда бұдан жүз жыл бұрын құлшыныс білдірүшілер шай ағашын өсірді. Түрлі-түрлі газдарды, әсіресе фреондарды бөліп шығарудан Жер үстіндегі барлық тіршілік иелерін өлтіріп жіберетін ультракүлгін сәуледен қорғайтын озон қабаты ішінара бұзылуда. Спутниктерден және халықаралық ғарыштық байланыстан (ХҒБ) бақылау көрсеткіштері Арктика және Антарктика үстінде озон тесігі пайда болғанын көрсетті. Атмосфераға әр алуан оксидтердің, ең алдымен күкірт және азот оксидтерінің орасан көп мөлшерде шығарылуынан қышқылдық жауындар пайда болды. Ол тек өсімдіктер әлемін ғана емес, жануарлар әлемін де жойып жібереді.
Дүниежүзілік экологиялық шаралар
Адамның іс-әрекеті себепші болған биосферадағы тез өткен алапатты өзгерістер ғалымдар мен қалың жұртшылықты заңды түрде абыржытады. Сондықтан 1968 жылы итальяндық экономист, қоғам қайраткері Аурелио Печчеидің (1908-1984) бастауымен халықаралық үкіметтік емес «Рим клубы» ұйымдастырылды. Бұл ұйымның қызметі жаһандық әкологиялық проблемаларын шешу және одан сақтандыру стратегиясын жасауға бағытталған. Дүние жүзінің жетекші елдерінің үкіметі өз елі мен өңіріндегі экологиялық проблемаларды шешу жөнінде шұғыл шараларды қабылдады. Клуб іс-әрекеті бүкіл дүние жүзінде экологиялық қозғалысқа кең серпіліс болып табылады. Әлемдегі көптеген елдерде «жасыл желекті» беделді партия — табиғат қорғаушылар бар. Дүниежүзілік ең белсенді экологиялық ұйым — «Greenpeace», ол 1971 жылы құрылған, адамзаттың табиғатқа қарсы жасаған экологиялық қылмыстарына карсы пәрменді қарекет (акция) өткізеді.
Жалпы дүниежүзілік пәрменді шаралардың бірі — Киото хаттамасының қабылдануы (Жапонияның ежелгі астанасы Киото қаласының атауымен аталған). Әлемнің көптеген елдері қол қойған бұл хаттама 2005 жылдан бастап күшіне енеді. Осы хаттамаға сәйкес оған қол қойған елдер көмірқышқыл газды атмосфераға шығаруды өз еркімен шектейді, бұл Жер атмосферасының жылыну каупін азайтуға мүмкіндік береді. Атап айтқанда көмірқышқыл газдың көктемелік әсерді түзетіні мәлім. Әлемдегі көптеген елдердің жануарлар мен өсімдіктердің көптеген түрлерінің тез жойылып кетуіне мазасыздануы биологиялық алуан түрлілік туралы Конвенцияда (Рио-де-Жанейро, 1992) атап көрсетілді. Бұл халықаралық конвенцияда тіршілік атаулының барлық байлығын жалпы күш жұмсап, қорғауға, сақтап қалуға шешім айтылады. Жердегі биологиялық алуан түрліктен айрылу — адамзаттың болашақтан айрылуына пара-пар.
Пайдаланған әдебиет
↑ Биология: Жалпы білім беретін мектептің, 9-сыныбына арналған оқулық, 2-басылымы, өңделген/ М. Гильманов, А. Соловьева, Л. Әбшенова. — Алматы: Атамұра, 2009. ISBN 9965-34-927-4