Патша үкіметінің отаршылдық қоныс аудару саясаты

Патша үкіметінің отаршылдық қоныс аудару саясаты

XIX ғасырдың 60-90-жылдарында жүргізілген әкімшілік реформалар қазақтардың жерін түгелдей мемлекеттің меншігі деп жариялады. Ол реформалар Қазақстанды шаруалар арқылы кең көлемде отарлап алуға берік негіз қалады. Орыс шаруаларын шикі Ресейден қоныс аудару көп жағдайда қазақтарды ежелгі атамекенінен, қонысынан жаппай қуу және ең құнарлы жерлерін күштеп тартып алу арқылы жузеге асырылды.
Мазмұны
1 Шаруаларды Қазақстан аумағына қоныс аудару себептері
2 Шаруалардың жаппай қоныс аудара бастауы
3 Шаруалардың қоныс аудару қарқынының күшейе түсуі
4 Столыпиннің 1906 жылғы аграрлық реформасы
5 Жергілікті халық жағдайының нашарлай түсуі
6 Патша үкіметінің отаршылдық саясатына қарсы қазақ халқының қарсылығы
7 Пайдаланылған әдебиет

Шаруаларды Қазақстан аумағына қоныс аудару себептері

Егер XIX ғасырдың ортасына дейін Қазақстанға көбінесе Ресейден әскери топ пен казактар ғана қоныс аударып келсе, ғасырдың екінші жартысынан бастап жағдай түбегейлі өзгерді. Ресей шаруаларын қазақ даласына бұрын-соңды болып көрмеген кең көлемде жаппай қоныс аудару ісі мемлекеттік тұрғыда қолға алынды.

Мұның бірқатар себептері болды. Біріншіден, 1861 жылы Ресейде шаруаларды басыбайлы езгіде ұстау жойылды. Шаруалар басыбайлы тәуелділіктен құтылды. Бірақ олар жаппай жерсіз қалды немесе ұлтарақтай шағын жерге ғана ие болды. Мұның өзі шаруалардың толқуын туғызды. Патша үкіметі шаруалар бүліншілігінің өрши түсуін болдырмау үшін оларды Қазақстан мен Сібір аумағына жаппай қоныс аударту шараларын ұйымдастыру жөнінде шешім қабылдады. Екіншіден, Ресей империясы қоныс аударушы шаруалар есебінен қазақ өлкесінің аумағында өзінің сенімді тірегін қалыптастыруды мақсат етті. Үшіншіден, патша үкіметі орыс шаруаларын жаппай қоныс аудару арқылы қазақтарды егіншілікпен айналысатын отырықшы өмір салтына көшіруді ойлады. Өйткені ондай жағдайда қыруар көп жер босап қалып, жергілікті халықты қатаң бақылауда ұстаудың тамаша мүмкіндігі туар еді. Төртіншіден, патша үкіметінің жергілікті халықты христиан дініне енгізу және орыстандыру жөнінде арам пиғылы да болатын. Бесіншіден, қоныс аударушы шаруалар Қазақстанды орыс империясының сарқылмас мол астығы бар алып қоймасына айналдыруы тиіс деп үміттенді. Өлкені казактар арқылы отарлау экономикалық тұрғыдан ойдағыдай онды нәтиже бермеді. Әскери қызметте жүрген казактар өлкедегі әскери гарнизондар мен шенеуніктер тобының өзін де азық-түлікпен жартымды қамтамасыз ете алған жоқ.

Оның үстіне Ресейдің жерсіз шаруаларын жаңа жерде емін-еркін тамаша өмір сүруге болады екен деген хабарлары мен хаттары ол жақта қалғандарды еліктіре елеңдетті. Мұның өзі орыс шаруаларын одан сайын жаппай қоныс аударуға қызықтыра түсті.
Шаруалардың жаппай қоныс аудара бастауы

1866 жылы Батыс Сібір бас басқармасы шаруалардың Қазақстан аумағына өз беттерінше қоныс аударуына рұқсат етті. Алғашқы қоныс аударушылар Сібірдің әр түрлі қалаларындағы мещандар және Тобыл губерниясындағы Қорған және Есіл округтарындағы шаруалар болды. Олар Көкшетау округының аумағындағы Саумалкөл деген жерге келіп орналасты. Қоныс аударушылардың бір бөлігі казак станицаларына жайғасты. XIX ғасырдың 70-80-жылдарында олар жергілікті қазақтардың жерлерін жалға алып, өз беттерінше орналаса бастады.

Қазақстанға қоныс аударғысы келген орыс шаруалары, әдетте, ең алдымен жер көріп қайтушыларды (ходоқтарды) жіберді. Олар өздеріне қолайлы деген жерлерді таңдап, қазақтардан жалға алды, жыртып, тұқым септі. Жердің құнарлы екеніне көздерін жеткізген олар ұзақ мерзімді жалға алу жөнінде келісімшарттар жасасты, өздерінің жерлестерін неғұрлым тезірек жетуге шақырып, жанталаса әрекет етті. Орыстардың елді мекендері пайда бола бастады. Кейін ол жерлер өзінің бұрынғы иелерінен тартып алынып, қоныс аударып келген орыс шаруаларының иелігіне заңдастырылып берілді. Мұндай жағдайда облыстық отаршылдық билік әрқашан орыс шаруаларының жағында болды.

Шаруаларды ішкі Ресейден Қазақстанға қоныс аудару жөнінде алғаш рет бастама көтерушілердің бірі Жетісудың әскери губернаторы Г.А. Колпаковский еді. 1868 жылы оның тікелей басшылығымен «Жетісуга шаруалардың қоныс аударуы туралы уақытша Ережелер» жасалды. Онда қоныс аударушы шаруаларға бірқатар жеңілдіктер мен артықшылықтар беру көзделді. Шаруалардың әрбір ер азаматына 30 десятинадан жер телімі бөлінді. Олар барлық алым-салық түрлерін төлеу мен міндетті борыштарды атқарудан он бес жыл бойы босатылатын болды. Қоныс аударушы шаруаларға пайыздық өсімсіз қарыз берілді. 80-жылдардың ортасына қарай Жетісуда жер тапшылығы сезіле бастады. Сондықтан жер телімдерінің мөлшерін 10 десятинаға кемітуге, әр түрлі жеңілдіктер беру мерзімін 5 жылға дейін қысқартуға тура келді.

1889 жылы «Село тұрғындары мен мещандардың қазыналық жерлерге өз еркімен қоныс аударуы туралы Ереже» бекітілді. Онда олардың қоныс аударуына Ішкі істер министрлігі мен Мемлекеттік мүлік министрлігінің рұқсаты міндетті түрде қажет болды. Ондай рұқсат патша үкіметіне «сенімді» және «елге еңбегі сіңген» құрметті адамдарға ғана берілетіні алдын ала арнайы көрсетілді. Бірақ қатардағы шаруалар бұл ережеге қараған жоқ. Олар өз еріктерімен жаппай қоныс аударуын тоқтатпады.

Шаруалардың Қазақ даласына қоныс аударуы 1891 жылдың көктемінен бастап ресми түрде тоқтатылды. Бірақ қоныс аударушылардың тасқынын тоқтату өте қиын болды. Оның үстіне, Ресейде құрғақшылық салдарынан астық шықпай қалды. Елде ашаршылық басталды. Сөйтіп шаруалардың Қазақстан аумағына өз еріктерімен қоныс аударуы одан әрі күшейе түсті.
Шаруалардың қоныс аудару қарқынының күшейе түсуі

1892 жылы Транссібір темір жолының құрылысы басталды. Ол Қазақстанның солтүстік өңірін басып өтті. Мұның өзі қазақтардың иелігіндегі жердің 4,2 миллион десятинасын қосымша тартып алуға жеткізді. Темір жол құрылысы шаруалардың қоныс аударуына неғұрлым ұйымдасқан сипат берді. Шаруалардың темір жол құрылысы аумағына (оның оңтүстігіне қарай 100 шақырым жерге дейін) қоныс аударуына Сібір темір жол комитеті де мүдделі болды.

Қоныс аударушы шаруалар адам тасуға бейімделмеген қолайсыз вагондарда тасып әкелінді. Петропавл және Омбы сияқты қалалардың темір жол торабы бекеттерінде ондаған мың қоныс аударушы шоғырланды. Олар ашық аспан астында жатты, кейде ауа райының қолайсыз күндерін де сонда өткізді. Азық-түліктің жетіспеушілігі мен дәрігерлік көмектің болмауы салдарынан адамдардың арасында ауру-сырқау көбейді, тіпті өлім-жітім де аз болған жоқ. Сондықтан да Омбы мен Петропавлда қоныс аударушылар пункттері мен аурухана барактары жедел түрде салына бастады.

1903 жылы «Сырдария, Фергана және Самарқанд облыстарындағы қазыналық жерлерге шаруалардың өз еркімен қоныс аударуы туралы Ереже» бекітілді. Ол ереже бойынша жергілікті халықтың «басы артық» жерлерін, ондағы суару жүйесі мен су көздерін қоса жаппай тартып алу көзделді. Тап сол жылы «Сібірге (Алтай округынан өзге) және Дала генерал-губернаторлығына қоныс аударушыларға үкімет атынан берілетін жәрдем түрлері туралы Ереже» бекітілді.

1904 жылы патша үкіметі «Егін егумен айналысатын село тұрғындары мен мещандардың қоныс аударуы туралы уақытша Ереже» шығарды. Бұл ереже бойынша жергілікті отаршыл өкімет билігіне шаруалардың Ресей империясының азиялық бөлігіне қоныс аударуына ешқандай кедергі келтірмей, рұқсат етуіне құқық берілді.

1904-1905 жылдары патша үкіметі Қазақстан аумағын қоныс аударушылардың бес аймағына бөлді. Олар Торғай-Жайық, Ақмола, Семей, Сырдария және Жетісу аймақтары еді. Оларды құрғандағы күктелген негізгі міндет қоныс аударушыларға арналған қор құру үшін «басы артық» жерлерді іздеп табу болды. Патша үкіметі қоныс аудару басқармаларына қазақтардың жерлерін тартып алуына және оларды ғасырлар бойы ежелгі отырған атамекенінен күштеп қуып шығуына толық ерік берді.

1870—1914 жылдар аралығында Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария, Торғай және Орал облыстарының аумағына 1,4 миллионға жуық шаруа қоныстандырылды. Олардың тең жартысына жуығы (721 мың адам) Ақмола облысына жайғастырылды. Өйткені бұл облыстың жері өте құнарлы болатын. Қоныс аударып келген шаруалар өз алдарына жеке болыстарға біріктірілді. Алғашқы кезде олар уезд бастығына бағындырылды. 1902 жылдан бастап шаруалар бастығы деген лауазымды қызмет пайда болды.
Столыпиннің 1906 жылғы аграрлық реформасы

Қазақ халқының занды құқығын мүлде елеп-ескермеудің бір белгісі қоныс аударушы шаруалар санының одан әрі арта түсуі болды. Бұл ретте жергілікті халықтың өкілдерімен алдын ала кеңесу, ақылдасу деген атымен болған жоқ. 1906 жылы Ресей Министрлер Кеңесінің төрағасы П.А. Столыпин шаруаларды Ресейдің азиялық бөлігіне жаппай қоныс аудару туралы шешім қабылдады. Шаруалар қауымын ыдырату, оларды Қазақстанға қоныс аудару жөніндегі реформа Столыпиннің аграрлық реформасы деп аталды.

Бұл реформаның көздеген негізгі бағыты қоныс аударушы шаруалар қозғалысының кеңінен етек алуын қамтамасыз ету болатын. Шаруалардың шығысқа карай атап айтқанда, Қазақстан аумағына қоныстануға құқық берілді. Ал олардың бұрынғы жерлеріне қайтып оралуына елеулі түрде шек қойылды. Шаруаларды жер телімдерімен қамтамасыз ету қазақтардан тартып алынған жерлердің есебінен құрылған отаршылдық қоныс аудару қорынан жүзеге асырылды.

Жергілікті қоныс аудару мекемелері шаруаларға хутор салу үшін 45 десятинадан, егін егуге 15 десятинадан жер бөліп беруге міндеттелінді. Жер бөлумен айналысатын мекемелерге жергілікті халықтың жерін тартып алып, олардың жеріне келімсек шаруаларды орналастыруына рұқсат етілді. Қазақстанның оңтүстік аймақтарында қазақтардың егін суару құрылыстары да тартып алынды.

Шаруаларға ең құнарлы жерлерді іздеп тауып, көріп келетін адамдарды кедергісіз жіберіп тұру құқығы берілді. Шаруалардың темір жолмен жүруге де жеңілдіктері болды. Оның үстіне, патша үкіметі шаруалардың Қазақ жеріне емін-еркін қоныс аударуын кеңінен насихаттады. Мәселен, 1907 жылы Ресейдің орталық губернияларындағы шаруалар арасында осы тақырыпқа арналған 6,5 миллион дана кітапша мен парақша таратылған. Оларда үкімет шаруаларды Ресейдін азиялық бөлігіне неғұрлым көбірек қоныс аударуға шақырды. Ол басылымдарда Қазақстан мен Сібір аумағында қалай ыңғайлы орналасуға болатыны жөнінде практикалық ұсыныстар мен кеңестер берілді.

1917 жылға қарай жергілікті байырғы халықтың пайдалануындағы 45 миллион десятина жер тартып алынды. Бұл кезде Қазақстанға қоныс аударған шаруалардың жалпы саны 1,5 миллионға жуықтап қалған болатын.
Жергілікті халық жағдайының нашарлай түсуі

Ішкі Ресейдегі шаруалардың Қазақстан аумағына қоныс аудару тасқыны мұндағы байырғы халықтың жерін жаппай тартып алуға ұласты. Қазақтар өздері ғасырлар бойы отырған ежелгі қоныстарын, ондағы қыстауларын, ата-баба зираттарын тастап, қиыр шеттегі әрі құнарсыз жерлерге көшуге мәжбүр болды. Отаршылдық саясат келімсек орыс шаруалары мен жергілікті қазақтардың арасында ғана емес, қазақтардың өз араларында да жанжалды дау-дамайлар тудырды.

Тартып алынған жерлердің ең жоғары мөлшері Қазақстанның солтүстік аймақтарындағы неғұрлым құнарлы жерлер еді. Мәселен, қоныс аударып келген шаруалар қорына деп Омбы уезінде бүкіл жердің 52%-ы, Қостанай уезінде — 54%-ы, Ақмола уезінде — 73%-ы тартып алынды.

Мұның өзі көшпелі және жартылай көшпелі шаруашылықтарды күйзелтті. Кедейленіп, қайыршыланған қазақтардың күнкөріс қамымен түрлі кәсіпшіліктерге, соның ішінде тау-кен өнеркәсібіне жұмыс іздеп кетуіне тура келді. Олар жатақтар деп аталды.

XIX ғасырдың аяғына қарай жатақтардың қалалар мен казактар поселкелеріне қарай ағылуы күшейді. Осыған байланысты патша үкіметінің жергілікті өкімет билігі Дала генерал-губернаторының алдына оларды бұрыңғы тұрғын орындарына қайтару мәселесін қойды. Жатақтар аянышты хал кешті, бір күндік ұсақ-түйек жұмыстар атқаруға жалданып күн көрді. Ондаған мың қазақтар зауыттар мен фабриктерге, кен орындарына, тұз өндіру кәсіпшіліктеріне жұмыс іздеп кетті. Қазақстанмен көршілес Томск және Тобыл губернияларының аумағында 50 мыңға жуық қазақ билет бойынша тұрып жатты. Олардың көпшілігі маусымдық жұмыстар атқаруға жалданды. Іс жүзінде Батыс Сібірдегі қоныс аударушы орыс шаруаларының малын тақыр кедейге айналып, әбден қайыршыланған қазақтар бақты. Олар өздерінің жүрген жерлерінде түтін салығын да, жалгерлік жұмыс істеу үшін жиналатын алымдарды да толық көлемінде төлеп тұрды.

Күн көру, тіршілік ету және өздерінің жерлерін аман сақтап қалу мақсатымен қазақтар отырықшы өмір салтына көшуге мәжбүр болды. Оларды бұл жағдай да құтқара алмады. Дәстүрлі бақташылықтан бірден егіншілік кәсібіне көшу оңай тиген жоқ. Қазақтардың көпшілігінде егіншілікпен айналысуға қажетті құрал-саймандар болмады, тұқымдық дән де жеткіліксіз еді. Оның үстіне, жер өңдеудің дағдылы әдістерін де білмеді.

Столыпиннің агрардық реформасы қазақтардың мал шаруашылығын дағдарысқа ұшыратты. Аймақтағы демографиялық жағдайда өзгерді. Бір жағынан, қазақтардың, екінші жағынан, шаруалар мен казактардың арасындағы қарама-қайшылық шиеленісе түсті. Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы Куропаткин былай деп мойындауға мәжбүр болды: «Қырғыздар (қазақтар. — авт.) соңғы 30 жылда, әсіресе соңғы 12 жылда барлық жағынан да қыспаққа алынды. 1904 жылдан бастап тек Жетісу облысы бойынша ғана олардан бірнеше миллион десятина жер тартып алынды».
Патша үкіметінің отаршылдық саясатына қарсы қазақ халқының қарсылығы

Бірінші орыс революциясынан кейін қазақ халқы патша үкіметі жүргізіп отырған отаршылдық саясатқа қарсы күресті күшейте түсті. Алым-салықтар төлеуден және міндетті борыштарды атқарудан ашықтан-ашық бас тартты. Отаршылдардың сенімді тірегі — әскер құрамаларына шабуыл жасау да жиілей түсті. Қазақтар мен келімсек орыс шаруалары арасындағы шиеленісті оқиғалар орын алды. Отаршыл өкімет билігінің органдары тарапынан ұлтаралық араздықты ұшықтыра түсу әрекеттері жиілеп кетті. Мәселен, 1914 жылғы 9 қазанда Жетісу облысының әскери губернаторы уезд бастықтарын жинап алып, оларға қоныс аударушы шаруалар қатарынан сенімді қарулы отрядтар құруды міндеттеді. Олар ел арасында шолғыншылық қызмет атқаруға тиісті болды. Жалпы жағдай шиеленісе қалған кезде олар өлкедегі мұсылман халқына қарсы соғысуға міндетті еді. Әскерилендірілген қарулы шаруалар қазақ ауылдарына шабуыл жасаумен айналысты. Олардың малдарын айдап әкетті. Ал ертерек келіп орналасып қалған шаруалардың көпшілігі ондай озбырлықты ашықтан-ашық айыптады. Өйткені өлкеде бұрыннан тұратын шаруалар жергілікті қазақтармен едәуір достасып, аралас-құралас байланыс орнатып та үлгерген еді. Олар бір-бірінің тілдерін, әдет- ғұрыптарын және салт-саналарын жап-жақсы біліп қалған болатын.
Пайдаланылған әдебиет
↑ Қазақстан тарихы (XVIII ғасыр — 1914 жыл). Жалпы білім беретін мектептің 8-сыныбына арналған оқулық. Қабылдинов З.Е., Қайыпбаева А.Т.Алматы: Атамұра, 2008. — 352 бет, суретті, карталы. ISBN 9965-34-816-2

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *