Несие жүйесінің ұғымы, құрылымы

Несие жүйесінің ұғымы, құрылымы. Нарықтық экономикада несие-банк жүйесі маңызды роль атқарады.

Ол арқылы кәсіпорындардың, ұйымдардың және халықтың ақшалай есеп айырысулар мен төлемдері жүргізіледі, ол уақытша бос ақшалай қаражаттарды, халықтың жинақтары мен табыстарын жұмылдырады және белсенді түрде жұмыс жасайтын капиталға айналдырады, сондай-ақ көптеген түрлі несиелік, сақтандыру, делдалдық, инвестициялық, сенім, кеңес беру және басқа да операцияларды орындайды.
Өндіріске қатысты алғанда, екінші кезекте саналатын несие жүйесі оған тұрақты және елеулі ықпал етеді. Ол бірнеше дүркін ақшалай қорлардың ауқымын кеңейтіп, өндіріс тиімділігінің өсуін колдай отырып ақшалай қаражаттардың бір саладан екіншісіне қайта құйылуын қамтамасыз етеді.
Несие жүйесінің ролі мен маңызы келесідей бірқатар көрсеткіштермен сипатталады: несиелік жұмсалымдардың жалпы көлемі, кәсіпорындар мен ұйымдардың негізгі және айналым капиталын қалылтастыруға банктегі қарыздардың үлесі, жалпы төлем айналымы және т.б.
АҚШ несиелік қатынастардың даму дәрежесі бойынша, шаруашылықтың өндірістік және өндірістік емес сферасын банк сферасының қамтуы, несиелік мекемелердің көп түрлілігі мен көп тараптылығы жағынан, қаржы капиталы талаптарының қуаттылығы бойынша әлемнің басқа да елдерін артқа қалдырады. Американдық несие жүйесінің ауқымы туралы кейбір мәліметтер төмендегідей көрсеткіштерді беруі мүмкін. Несиелік мекемелер арқылы қолма-қолсыз ақша жолымен жүзеге асырылатын жылдық төлем айналымының басым бөлігі 80-жылдардың басында 60-65 трлн доллар1 сомасында бағаланған.
Американдық шаруашылықта пайдаланылатын ақшалай капиталдың орта есеппен 3/4 бөлігі несие жүйесі арқылы өтеді. Несиелік мекемелер арқылы жұмылдырылған ақшалай қаражаттардың орташа жылдық саласы 1989 жылы 700 млрд долларды2 құраған.
Несие жүйесінің өз қызметтерін орындауы барысында несиелік қатынастар туындайды. Уақытша бос ақшалай қаражаттарды жинақтап, оны қайтару және ақы төлеу шартында қайта бөлуге байланысты несиелік мекемелермен әр түрлі субъектілер арасындағы экономикалық байланыстар несиелік қатынастардың мазмұнын анықтайды.
Бірақ, несиелік қатынастар мазмұны тек қана ақшалай капиталды жинақтап, оны заңды және жеке түлғаларға уақытша пайдалануға берумен ғана тұрмайды. Несиелеу процесінде ұлғаймалы ұдайы өндірістік айналымы үшін төлем құралдарының қосымша массасы құралады. Төлем айналымының аса ауқымды ағыны төлем төлеушілер мен мекемелер және соңғылары мен алушылар арасында экономикалық қатынастарды қалыптастырумен қатар, несиелік қатынастар мазмұнын толықтыра отырып несие жүйесі арқылы өтеді.
Несие жүйесінің елдегі ақша айналымын реттеудегі, заңды және жеке тұлғаларға әр түрлі қызметтер көрсету барысындағы қалыптасатын экономикалық қатынастарды да несиелік қатынастар мазмұнына жатқызуға болады.
Несиелік қатынастар екі жақты сипатқа ие және шаруашылық субъектілері үшін де, сондай-ақ несие жүйесінің мекемелері үшін де бірдей қажет. Ақшаны несиелік мекемелерде сақтау — несиелік ресурстарды құруды білдірсе, ал оларды экономика және халық қажеті үшін орналастыру -несие беруді білдіреді.
Екі жақты қатынас: шаруашылық ұйымдары мен несие жүйесі, несие жүйесі мен халық, мемлекет пен несие жүйесі, несиелік мекемелер, әр түрлі елдердің несиелік мекемелері арасында болуы мүмкін.
Жоғарыда түсіндіргеніміздей, несиелік қатынас негізінен ақшалай формада несие экономикалық категориясының қызмет етуі барысында жүзеге асырылады. Несиелік қатынастардың сыртқы көрінісі несие формасын сипаттайды. Ол несиелік қатынастардың мәні және ұйымдастырылуын синтездейді. Несиелік қатынастар формасы мен мазмұны диалектикалық бірлікте болады. Несиелік қатынастар формасы олардың мазмұнына сәйкес келіп және оның дамуын ынталандыруы тиіс. Өндірістік қатынастардың өзгерісі несиелік қатынастар мазмұны мен несие формасының өзгеруіне әкеледі.
Несие екі формада болады: тауарлық және ақшалай. Тауар несиесі коммерциялық несиенің бірінші негізін білдіреді. Шаруашылық жүргізуші субъектілердің бір-біріне қарыз беруі барысында, аталған несие формасында ақшалай формада қайтарылады. Өйткені, алушы субъект несие беруші тауар несиесін алғанын куәландыратын вексельді, сондай-ақ салынған мүлік туралы парақты немесе басқадай құжаттарды береді. Бұл тұста несиелік қатынастар субъектілеріне -шаруашылық жүргізуші субъектісі және банк жатады. Несиелік қатынастардың мазмұнындағы өзгерістер нәтижесінде тауар формасындағы несие ақшалай формаға қайта ауысады. Сөйтіп, тауар формасы негізінде несиенің ақшалай, ең бастысы банктік формасы пайда болып дамиды.
Несиелік қатынастар мен несие формаларының және несиелік мекемелердің жиынтығы кең мағынадағы несие жүйесі ұғымын құрайды.
Ал несие жүйесі тар мағанасында — бұл несиелік есеп айырысу қатынастарын ұйымдастырушы, елдегі ақша айналысын реттейтін және басқа да қаржылай қызмет көрсететін несиелік мекемелер торабы болып табылады.
Басқаша айтқанда, несие жүйесі банктік және басқа да мекемелердің жиынтығын — несиелік операцияларды жүзеге асыру және олардың құқықтык формаларын ұйымдастыруы арқылы сипатталады. Несиелік қатынастарды ұйымдастыруда: банктік және банктік емес институттар шеңберінде екі жүйені бөліп қарастырады. Соған сәйкес несие жүйесінің екі негізгі буыны қалыптасады: банктік және мамандандырылған несие-қаржы мекемелері.
Экономиканың әрбір экономикалық-тарихи даму кезеңіне несие-ақшалай қызмет көрсетудегі қажетгіліктерге толық жауап беретін несиелік істі ұйымдастыру типі, өзіндік несие жүйесінің құрылымы сәйкес келеді. Мысалы, жоспарлы-орталықтандырылған КСРО экономикасыңда Мембанктің жетекшілігімен ұйымдастырылған несие жүйесінің құрылымы қызмет етсе, нарық экономикасы үшін монополиясыздандырылған банктік және банктік емес мекемелерден құралатын несие жүйесі қажет.
Бірлескен несие жүйесінің күрделі, көп буынды құрылымы болады. Егер де несиелік мекемелердің өз клиенттеріне көрсететін қызметтерінің жіктелуін негізге алатын болсақ, онда қазіргі несие жүйесінің үш маңызды элементін бөліп қарастыруға болады:
• Орталық (эмиссиялық) банк;
• коммерциялық банктер;
• мамандандырылған несиелік мекемелер: (сақтандыру,
жи нақтық, ипотекалық, сенімгерлік (трастовый) және
т.б.).
Функционалдық мамандануына, шаруашылық буындарға несие-қаржылық қызмет көрсету көлемі мен санына сәйкес банктік жүйе несие жүйесінің ядросы, ал несиелік институттардың қызметін реттеуші бірегей орган — Орталық банк болып табылады.
Орталық банк — бірінші деңгейдегі мемлекеттік банк, сондай-ақ кез келген елдің ол мемлекеттік, халықтық немесе ұлттық банк деп аталуына тәуелсіз эмиссиялық, ақша-несие институты болып табылады. Орталық банк — бұл «банктердің банкі».
Ол заңды және жеке тұлғалармен операциялар жүргізбейді, оның клиенттеріне — коммерциялық банктер және басқадай мекемелер, сондай-ақ үкімет ұйымдары жатады.
Банктік мекемелерге қатысты Орталық банк тікелей әрекет ету және реттеу, бақылау мен қадағалау қызметтерін атқарады. Несиелік жүйенің қалған буынына Орталық банк несиелік және ақшалай операциялар, рыноктың әр турлі секторлары, несие-қаржы қызметтерінің өзара байланыстарында байқалатын жанама әрекет етеді.
Коммерциялық банктер қарыз капиталы нарығының әр түрлі секторларында қызмет ететін көп қызметті мекемелер болып табылады. Олар кәсіпкерлік тәжірибесінде белгілі бір көптеген қаржылық операцияларды орындайды. Коммерциялық банктер кез келген елдің несие жүйесінде әдеттегідей негізгі, базалық буын ролін атқарады.
Олар үкіметтің, іскерлер мен миллиондаған жеке тұлғалардың салымдарын шоғырландыра отырып, қаржы жүйесінің орталығы болып қала береді. Коммерциялық банктер қарыздық және инвестициялық операциялар арқылы өздерінің әр түрлі қорларына қарыз алушылардың қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Мамандандырылған несие мекемелері (оларды парабанктік деп атайды) нарық экономикасындағы несие жүйесіне қажетті маңызды буын болып табылады. Бұл мекемелерсіз экономиканың әр түрлі салаларында және тұрғындарға көрсетілетін несие жүйесінің қызметтері толық болмас еді.
Парабанктік мекемелер көбінесе белгілі бір клиенттер типіне немесе бірер негізгі қызмет түрлерін көрсетуге бағытталады. Олардың қызметтері нарықтың кішігірім сегменттеріне ғана қызмет көрсетуге жұмылдырылады.
Мұндай мекемелер екі жақты бағыныштылықта болады: бір жағынан, олар несиелік және есеп айыру қызметтерін жүзеге асырумен байланысты болатындықтан да Орталық банктің соған сәйкес талаптарын басшылыққа алады. Екінші жағынан олар, қандай да бір қаржы, сақтандыру, инвестициялық немесе басқа да операцияларға мамандана отырып, тиісті ведомстволардың реттеу әрекеттеріне ұшырайды.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *