Мұхаметжан Тынышбайұлы

Мұхаметжан Тынышбайұлы (1879-1937) — қазақтың көрнекті саяси және қоғам қайрат­кері, алаш қоз­ғалысының негізін салушылардың бірі, Алаш Орда үкіметінің мүшесі және оның төрағасының орын­басары, тарихшы-ғалым, қазақ­тан шыққан тұңғыш теміржол қатынас­тарының инженері.

1879 жылы мамырдың 12 бұрынғы Жетісу облысы, Лепсі уезі, Мақаншы-Садыр болысында (қазіргі Қабанбай ауданы) дүниеге келген.

1889-1900 жылдары Верный ерлер гимназиясында оқып, оны үздік бітіріп шығады. Верный гимназиясын алтын медальмен тәмамдады. Жыл сайын кластан класқа І-ші дәрежелі марапатпен көшіп, үздік үлгірім, өнегелі тәртібімен ұстаздарының ықыласына бөленеді. Гимназияны бітіргенде педагогикалық кеңестің шешімімен ол ғылымда, әсіресе, математикада үздік жетістікке жеткені үшін Алтын медальмен марапатталады.

Жиырма жасар Мұхаметжанның Жетісу әскери губернаторының кеңсесіне тілмаш болып орналасуына жол ашады. Бірақ оқуға ынталы жас жоғары білім алуға ұмтылып, император Александр І атындағы Петербург теміржол транспорты институтына түсуге тілек білдіреді. Бұл жолы да тағдыр оған күле қарайды. Өзінің мұғалімі, гимназия директоры М.В.Вахрушевтің көмегімен қазынадан 360 сом жылдық стипендия алып, Петербургке аттанады.

1900-1906 жылдары Сән-Питербортегі І Александр атын­да­ғы жол қатынасы инженерлерін даярлайтын институтта оқып, мұнда да ол ерен қабілетімен ұстаздарын таңқалдырып, институтты үздік бағамен бітіреді.

Институттың соңғы курсында жүргенде 1905 жылғы төңкеріске қатысады. Сол жылы өткен автономистерінің съезіне қатысып, онда «Қазақтар және қоғамдық қозғалыс» деген тақырыпта баяндама жасайды, өз халқының мұңын жеткізіп, Министрлер комитеті атына өтініш жолдайды. Онда қазақтарды басқарудың басты принциптерінің қазақтардың мүддесімен сай келмейтіндігін ғылыми тұрғыдан негіздеуге күш салады және басқарудың әскери жүйесінен азаматтық жүйеге көшуді талап етеді. Жас саясатшының бұл талабының атақты «Қарқаралы петициясы» талабымен үндесіп жатуы — халқым деген қазақ азаматтарының әр жерде жүріп, бір мақсатқа қызмет еткенін айқын көрсетеді.

1905 жылдың аяғында Оралда өткен Қазақстанның бес облысының делегаттар съезінің жұмысына қатысады. Осы съезде болашақ «Алаш» партиясының сұлбасын құруға ниет жасалған болатын.

Институт қабырғасында оқып жүрген кезде-ақ ол туған халқы­ның, мұңын мұңдап, жоғын жоқ­тап баспасөзде уытты мақалалар жариялайды және әр түрлі жиын­дарда сөз сөйлейді. Осындай бір жиында 1905 жылы 19 қарашада өткен автоном­шы­лар одағының 1 съезінде ол баян­дама жасайды. Онда ол былай өткір сөйлейпті: Қа­зақтардың жер мәселесі — сөзсіз аса маңызды… Үкіметтің нені көз­деп отырғаны түсінікті: бірінші­ден, … қазақтарды дербес ұлт ре­тінде жою және бүкіл өлкені орыс­тандыру; екіншіден, қазақтарды … қауқарсыз тобырға айналдыру; үшін­шіден, …ежелгі атақонысы­нан айыру… қандай қанқұйлы, зы­миян мақсат?! Жалпы М.Тынышбаев 1905-1907 жылдары Ресей империясының қоғамдық саяси өміріне белсене араласа бастайды. 1907 жылы Ресей ІІ-ші Мемлекеттік Думасына Жетісу облысынан депутат болып сайланады. Қазақ депутаттарының Дума трибунасынан Столыпиннің аграрлық саясатын сынаған үндері естіледі, әсіресе Бақытжан Қаратаевтың жасаған баяндамасы үлкен шу тудырды. Мұның аяғы 1907 жылдың 3 маусымдағы заң бойынша «еркіндікшіл» Дума таратылып, қазақтардың Мемлекеттік Думаға өз өкілдерін сайлау құқығынан айырылуымен тынады.

ЖОО бітірген соң Орта Азия өңірі мен Жетісу теміржол құры­лысында инженер болып қызмет істейді. 1916 жылғы көтеріліс туралы Түркістан генерал-губернаторына берген түсініктеме нұсқасында оны кеңінен толғап, отаршылдық зорлық-зомбылық қимыл-әре­кеттеріне қысқаша шолу жасауы — тобықтай түйіндеп айтылған зор ғылыми еңбек болып табылады. Ақпан төңкерісіне дейін Мұхаметжан өзінің темір жол инженері мамандығы бойынша Орта Азияда, Жетісу облысында біраз жыл қызмет етеді.

1917 жылғы Ақпан төңкерісінен өзге қазақ зиялылары сияқты ол да үлкен үміт күткен еді. Сондықтан да ол бұл кезде бел шеше қызмет етіп, қоғамдық-саяси қайраткер ретінде тез танылады. Сол жылы көктемде Уақытша үкіметтің Түркістан комитетінің мүшесі, сонымен қатар осы үкіметтің Жетісу облысындағы комиссары болып тағайындалады.

1917 жылы қазан айында Том қаласында өткен Жалпы Сібірлік съезге өзге алаш қайраткер­лері­мен бірге қатысып, Сібір кеңесінің құрамына енгізіледі. Сол жылғы желтоқсанда өт­кен Жалпықазақтық съезде Алаш­орда үкіметінің мүшелігіне сайланып, кейін Алашорда үкі­метінің төрағасының орынбасары ретінде көптеген заң актілеріне қол қояды.

Алаштың арысы Әлихан Бөкейхановтың төңірегіне топтасқан ұлттық-демократиялық интеллигенция өкілдерімен бірге М. Тынышбаев та жалпыұлттық «Алаш» партиясын құруға тікелей араласады.

1911-1918 жылдары темір жолдың Урсатьев-Әндіжан бөлімшесінде бастық, бас инженер болып қызмет атқарды. Одан кейін Жетісу темір жол бөлімшесінің Арыс-Әулиеата құрылысын басқарды.

1917 жылы шілдеде өткен Жал­пы қазақтық съезде Жетісу об­лысынан Бүкілресейлік Құрыл­тай жиналысына депутаттыққа ұсынылады.

1917 жылғы желтоқсан айында жарияланған Алаш автономиясы үкіметінің он бес мүшесінің бірі болады, «Алаш автономиясы аумағындағы уақытша жер пайдалану туралы Ереженің» жобасын қабылдауға қатысады.

1918 жылы бүкілтүркістандық ІV-ші мұсылмандар съезіне қатысып, онда жарияланған Түркістан («Қоқан») автономиясының премьер-министрі болып сайланады.

1919 жылы Бүкілодақтық Атқару комитеті бүрынғы алашордалықтарға кешірім жариялағаннан кейін, ол Түркістан өлкесінің Семей халық ағарту комиссариатында жауапты қызметтер атқарады.

Түркістан автономиясын Кеңес өкіметі күшпен талқандағаннан кейін М. Тынышбаев Алашорда қайраткерлерімен бірге сол кезде бірінен соң бірі құрылып жатқан көптеген әр түрлі үкімет­термен (Уақытша Сібір үкіметі, Уфа директориясы, Колчак үкі­меттері сияқты) келіссөздер жүр­гізіп, хат-хабар жазысады, азамат соғысы жылдарында қызылдарға қарсы күреседі. Бірақ одан күткендей нәтиже болмайтынын көргеннен соң 1920 жылдан бастап, Кеңес өкіметінің жағына шығып, «буржуазиялық маман» ретінде Ташкентте, Қызылордада, Алматыда әр деңгейдегі шаруашылық мекемелерінде еңбек етеді.

1924 жылдан бастап қазіргі Абай атындағы ҚазҰПУде оқытушы болды.

1925-1926 жылдары жаңа ас­тана Қызылорда қаласын көрік­тендіру жүйесінің бас инженері болып тұрғанда қаланы сумен қамтамасыз ету жолын және көптеген жаңа объектілер салу ту­ралы ұсынады.

1926 жылдан бастап Тұрар Рысқұловтың қолдауымен Түркістан-Сібір жолын салуға қатысады.

1926 жылы Тұрар Рысқұловтың ұсынуымен Түркісіб темір жол жобасы мен құрылысына қатысты. Бір жолы қолына А.П.Чулошниковтың қазақ халқы тарихына қатысты еңбегі түседі. Осы кітаптағы ұлттың намысына тиетін пікірлерге қарсы сын жазып, академик В.В.Бартольдке жібереді. Ғалым бұған қатты риза болып, қазақ халқының тарихын зерттеп, жазуға кеңес береді, ең болмаса болашақ зерттеушілер үшін тарихи деректер мен материалдарды жазып қалдыруға ақыл қосады. Осы жолда Мұхаметжан Тынышбайүлының 1926-1927 жылдарда жазған еңбектері: «Материалы по истории киргиз-казахского народа», «Киргиз-казахи в XVII-XVIII веках», «Ақтабан шұбырынды» және тағы басқалар.

Сталиндік зобалаңда ол 1930 жылы 3 тамызда тұтқындалып, бес жылға сотталып Воронежге бес жылға жер аударылады.

1933-1937 жылдары ол айдауда жүріп Москва-Донбас темір жол құрылысында жұмыс істейді.

Онда ауырып, оралғанымен 1937 жылы қараша айында қайта тұтқындалады да, 1937 жылы Ташкент түрмесін­де «Халық жауы» деген желеумен атылады.

1959 жылдың 29-қыркүйегінде Мұхаметжан Тынышбаев Қазақ КСР-сы Жоғарғы сотының, және де 1970 жылы КСРО прокуратурасы мен Түркістан әскери округының прокурорының шешімімен ақталып шықты.
Пайдаланған әдебиет

↑ Тарихи тұлғалар. Танымдық — көпшілік басылым. Мектеп жасындағы оқушылар мен көпшілікке арналған. Құрастырушы: Тоғысбаев Б. Сужикова А. – Алматы. “Алматыкітап баспасы”, 2009 ISBN: 978-601-01-0268-2
↑ Саяси түсіндірме сөздік. – Алматы, 2007. ISBN 9965-32-491-3
↑ Қазақстанның қазіргі заман тарихы: Жалпы білім беретін мектептің 9-сыныбына арналған окулық. 2-басылымы, өңделген. Жалпы редакциясын басқарған тарих ғылымының докторы, профессор Б. Ғ. Аяған. Алматы: Атамұра, 2009. ISBN 9965-34-933-9

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *