Ермеков Әлімхан

Ермеков Әлімхан (1891 жылы — 1970) — Алаш қозғалы­сы­ның жас та, алғыр, іскер қай­рат­кері. Алашорда үкіметінің мү­шесі, табиғатынан зерек тұлға, математика ғылымдарынан тұң­ғыш қазақ профессоры.

Әлімхан Ермеков 1891 жылы осы күнгі Қарағанды обылысы, Ақтоғай ауданы, Бөріктас деген жерде дүниеге келеді. Әкесі Әбеу халыққа қадірлі, озық ойлы, орысша сауаты бар, өз дәуіріндегі зиялылардың бірі болған.1899 жылы Қарқаралыдағы қалалық училищеге оқуға түседі. Мектеп қабырғасында зейінді, алғыр болған Әлімхан мектепті үздік бітіріп, 1905 жылы Семейдегі ерлер гимназиясына түседі. Осы оқу орнын 1912 жылы алтын медальмен бітіріп, Томск технология институтының тау-кен факультетіне қабылданады.

Томскте оқып жүріп орыстың озық ойлы ойшылдарымен, ғалымдарымен танысады. Шоқан Уалихановтың досы Григорий Потанин Әлімханның бойындағы білімге деген талпынысты көріп, тәнті болады. Қарт Потанин Әлімханға ағалық ақыл беріп, оған: «Әлімхан сенің білімің — ол қазақтың білімі. Сол себепті жақсы оқы және өзгелерді оқыт» — деп, үлкен үміт артқан. Осы сөздерді Әлімхан аға өмірлік ұстанымына айналдырып, ақтық демі қалғанша ұлтымызға еңбек етті. Григорий Потанин Ермековке бекер назар аудармағанын уақыт дәлелдеді. Әлімхан ағамыз өз қолымен толтырған анкетарларда ағылшын, неміс, француз, итальян тілдерін білетінін көрсеткен. Қызметтес болған, шәкірт болған, әйтеуір Әлімхан Ермековпен өмір жолы тоғысқан тұлғалардың барлығы дерлік Әлиаға жайынды жылы лепес білдірген. Терең білімді, көркем-мінезді Әлімхан ағамызға замандасы Сұлтанмахмұт келесі өлең жолдарын арнаған:
Әлімхан Ермекұлы жас жігіттен,
Келеді екінші болып бұл ретпенен.
Қазақта мұндай жігіт көрмедім, — деп,
Ардақты қарт Потанин лепес еткен.
Томдағы инженерлік сабағында,
Жетеді біл жылдан соң тамамына.
Өткізбекші өмірін ілім үстінде,
Бір түрлі биіктік бар талабында.
Сөйлеп кетсе, қозғалар бойда жаның,
Тас болса да ерітер жүрек қанын.
Шындығы, тереңдігі, әділдігі,
Тусаң ту осылай, — дегізер жанның бәрін.
Адалдық, ақжүректік, ақтығына,
Бір ауыз қарсы айта алмай құрыды әлің.
Меніңше Ермеков — деген бала,
Ұқсайды ұшқыр қыран қаршығаға.
Сөз, білімін сынайтын жер ілгері,
Әзір адал кісі ғой, жеке дара,
Патша өкіметі құлатылғаннан кейін елдегі қалыптасқан жағдай­ды айқындап, алда не істеу керек­тігін шешіп алу үшін жер-жерде қазақ съездері ашылып жатты. Ә.Ермеков, алғаш рет саяси іске алаш қозғалысына, 1917 жылы 27 сәуір, 7 мамыр аралығында өткен Семей облыстық қазақ съезіне қатысады. Онда ол басқа да адам­дармен бірге съезд президиумының хатшы­лығына, онан кейін съезд шешімімен Семей облыстық қазақ комитетінің мүшелігіне сайлана­ды.

Әмбе ол, қазақтар жағынан Халел Ғаб­басов екеуі Семей об­лыстық атқару коми­тетінің төр­ағасының орынбасары болады.

Шілде айындағы жалпықа­зақ­тық съезде Семей облысынан Бүкілресейлік құрылтай жиналы­сына депутаттыққа ұсынылады.

1917 жылы 8-17 қазанда 1-Сібір облыс­тық съезіне, делегаттар жиналысы атынан қатысады да, оның президиумына Семей об­лы­сы­нан кіреді. Съезде Сібір авто­но­миясының негізгі заңын жаза­тын комитет құрылып, оған қазақ делегаттары Ә.Ерме­ковті кіргізеді.

Міне, алаш жолындағы көпте­ген саяси істерге қатысып, шың­далған Әлімханды «Қазақ» газеті «Технологический институт­қа асқан зеректер ғана түседі. Әлім­хан білімді, шешен, өткір, халыққа қызмет етуді өзіне парыз санаған жігерлі жас азамат», — деп сипат­тайды. Осындай жан-жақты дарын иесі жас сұңқардың желтоқсанда өткен жалпы қазақ съезінде Алашорда үкіметінің мүшелігіне өтуі таңғажайып емес еді. Әмбе ол, «Алаш» партиясының Семей облыстық комитетінің мүшесі де болатын.

Әлихан Ермековтің тарихи зор еңбегінің бірі — Қазақ автономиясы шегарасының біртұтастығын жан­қиярлықпен қорғауы. Осы орайда ол 1920 жылы 17 тамызда В.И.Ле­нин­нің төрағалығымен өткен қазақ өкілдері қатысқан Халық ко­миссарлары кеңесінің мәжілі­сінде Қазақ автономиясы туралы мәселе қаралғанда, Қазақстанның жағдайы туралы Ә.Ермеков баян­дама жасайды. Онда ол жер, Қа­зақ­станның шегарасы туралы мәселелерді қамтып, өктемшіл, озбыр, отаршылдық пиғылдағы өкілдермен қызу айтысқа түсіп, өз пікірін тиянақты, жан-жақты, бұлтартпас дәлел­дер­мен қорғап шығады. Окупанттар өз кінәсін мойындап, нәтижесінде, кезінде қазақтардан тартып алынған Кас­пийдің теріскей жағалауындағы ені бір шақы­рымдық және Ертістің сол жағалауындағы он шақы­рым­дық ұлан-ғайыр жер Лениннің ті­келей қолдауымен Қазақ еліне қайта­рылады.

Қазақ автономиясын құруда Ә.Ерме­ков­тің өлшеусіз еңбегін зерделей отырып, онан кейінгі жасампаздық жолдары Қазақ елінің шаруашылық жайын қа­лыптастырып, нығайтуға халықты ағарту сияқты нақты істерге бағыт­талғандығына көз жеткіземіз. Қарқаралыда мектеп ашады, Таш­кент пен Алматыдағы жоғары оқу орындарында ма­тематикадан дәріс оқиды. «Ұлы математика курсы» 1-бөлім (1935), «қазақ тілінің мате­матика терминдері» (1936) атты оқулық, кітаптарды жарыққа шы­ғарады. Қазақ арасынан тұңғыш математика ғылымының профес­соры атағын алады. Сонымен бірге нағыз білім мен біліктілікті қажет ететін сала — Халық шаруашылығын жоспарлау коми­тетінде және басқа да жауапты қызметтерде болады. 1929-1930 жылдары бір топ қазақ зия­лылары абақтыға алы­нып, тергеуге түскенде, Ә.Ер­ме­ковті де түрмеге қоса қамайды. Алаш ісінің мүлдем құртылып, ұрпақтық сабақ­тастық үзіліп қал­мау және ұлт зиялылары бола­шақ­ты ойлап, Алаштың жас түлек да­рындары М.Әуезов пен Ә.Ерме­ковті сақтап қалу мақсатында олар, «кінә­ларын мойын­дап» сол жолы бостандыққа шығады.

Алайда 1937 жылғы қара бұлт Ә.Ер­мековтің басына тағы да үйіріліп, 1939 жылы сотталып, 1947 жылға дейін түрмеде отырып шығады. Түрмеден шыққаннан кейін жа­ламен қайта ұсталып, 1958 жылы босайды. 1957 жылы 26 қарашада толық ақталып, 1970 жылы қайтыс болады.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *