Валюта саясаты

Валюта саясаты — мемлекеттік органдардың, орталық банктің және қаржы мекемелерінің, сондай-ақ халықаралық валюта-қаржы мекемелері мен ұйымдарының валюталық қарым-қатынастар саласында жүзеге асыратын экономикалық, құқықтық және ұйымдық шараларының жиынтығы. Ол, негізінен, экономика дамудың орнықтылығын қамтамасыз етуге, инфляция қарқыны мен жұмыссыздықтың өсуін тежеуге, төлем балансының тепе-теңдігін сақтауға бағытталады. Валюта саясатының пішімі мен бағыты елдің қаржы-эконикалық ахуалына, әлемдік шаруашылықтың даму барысына байланысты анықталады. Валюта саясатының, негізінен, дисконттық, девиздік (валюта интервенциясы) сондай-ақ валютаны шектеу, т.б. түрлері қолданылады. Дисконттық валюта саясаты — орталық банктің капиталдың халықар. қозғалысына, ішкі кредитті тиімді бөлуге, ақша массасына, баға және жиынтық сұранысқа әсер ету жолымен төлем балансы мен валюта курсын реттеуге бағытталған есепке алу ставкасын көтеру не төмендету саясаты. Девиздік валюта саясаты — шет ел валютасын сатып алу — сату жолымен ұлттық валюта курсын реттеу. Орталық банк ұлттық валюта курсын жоғарылатуды көздесе, шет ел валютасын сатады, ал төмендету үшін сатып алады. Девиздік валюта саясаты валюта интервенциясы түрінде жүргізіледі. Валюта интервенциясы дегеніміз — шетелдік валютаның ірі топтамасын сату не сатып алу жолымен елдің орталық банкісінің валюта рыногы мен валюта курсына нысаналы түрде бір рет ықпал етуі. Валюта интервенциясы мемлекеттің алтын-валюта қоры не орталық банктің банкаралық “своп” (қолма-қол) келісімі негізінде қысқа мерзімді кредит түрінде ұлттық валюта есебінен жүзеге асырылады. Егер валюта курсының құралуына мемл. реттеудің ықпал ету дәрежесімен салыстырғанда нарықтық факторлардың әсері басым болса, валюта интервенциясы валюта курсының тұрақтылығын сақтай алмайды. Мемлекеттің валюта саясатының құрамдас бөлігінің бірі — валюталық шектеу. Валюталық шектеу — валютамен, алтынмен, басқа да валюталық құндылықтармен жасалатын операцияларды шектеу жөніндегі заңды немесе әкімш. жолмен белгіленген ережелер мен нормалардың жиынтығы. Ол сырттан валюта әкелу мен шетке валюта шығаруды, аударуды реттейді, еркін сатуға тыйым салады, валюталық операцияларға бақылау жасайды, кәсіпорындарды валюталық түсімнің бір бөлігін сатуға міндеттейді.
Пайдаланылған әдебиет

↑ “Қазақ Энциклопедиясы”, II-том

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *