Бабата

Бабата– орта ғасырлардан сақталған қала жұрты. Созақ ауданы, Бабата ауылының маңында. Бабата – Түркістан мен Сайрамнан кейінгі орында әулие бабтардың Қыпшақ даласына исламдінін таратуында үлкен орталық болған кенттердің бірі. Кентті діни орталыққа айналдырған адам – Ысқақ баб. Ол кісіні халық «Баб ата» деп, кентті де соның есімімен атап кеткен. Бабата кенті ғылымда әдебиетте көптен белгілі, орта ғасырлардағы жазбаларда жиі кездесіп отырады. Орыс ғалымдарынан алғаш назар аударған – Г.И. Спасский. Кеңес дәуірінде Бабата толық зерттеліп, оның кенттік құрылысы, мәдениеті, архитектурасы жайлы деректер жарыққа шыққан. 1946 жылы Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы (жетек. Ә.Марғұлан), 1948 жылы (жетекші А.Н. Бернштам) зерттеген. 1953 – 1954, 1957 – 1958 жылы экспедиция тұрақты қазба жұмыстарын жүргізді. Шахристанның оңтүстік-шығыс шетіндегі цитадельдің орны болып есептелетін жартылай сопақ төбенің биіктігі 10 м, төмен жағының аумағы 4260 м, төбесінің аумағы 1217 м. Цитадельде жүргізілген қазба жұмыстары кезінде 5 – 8 ғасырларға жататын құрылыстың төменгі қабатынан сегіз бұрышты үйдің орны табылған. Ортасында құдығы бар. Төбесі күмбезделіп жабылған. Бөлменің аумағы 5,8 м2, қабырғаларының биіктігі 5,38 м. Бөлме ішкі аулалармен дәліздер және баспалдақты қуыс жолдар арқылы жалғасқан. Дәліздердің төбесі арка пішінінде жабылған. Цитадельдегі ең алғашқы бұл құрылыс отқа табыну ғибадатханасы болып, кейіннен қорғанды қаланың негізгі бөлігіне айналған деген пікір бар. Бұл құрылыс қабырғаларының көпшілігі бұзылып, топырақ басып қалған бұрынғы құрылыс қабырғаларының пішінін қайталайды. Қабырғалары саз (шым) кірпіштерден қаланған жоғарғы қабаттағы үй 8 бөлмеден тұрады. Бұл қабаттың да орта тұсында төбесі күмбезделіп жабылған, қабырғаларында ойық сөрелері бар сегіз қырлы үлкен бөлме орналасқан. Оны қоршай, әрқайсысының ауданы шамамен 10 – 16 м2 келетін төртбұрышты бөлмелер орналасқан. Жоғарғы құрылыс қабатынан табылған қыштан жасалған құмыра, майшам, тостаған, ұршықбастар мен олардың әр түрлі бөлшектері 9 – 12 ғасырларға жатады. Цитадель 13 – 14 ғасырларға дейін жеткен. Сыртқы жобасы тік бұрышты келген шахристан дүниенің төрт нүктесімен бағыттас, орташа биіктігі 7 – 8 м. Қабырғаларының ұзындығы солтүстіктен оңтүстікке қарай 182 м, батыстан шығысқа қарай 145 м. Үш жағынан биіктігі 1,5 м дуалмен қоршалған. Дуалдың ұзына бойынан 15 мұнараның орны анық байқалады. Шахристанның орта тұсынан жалпақ тастардан қалап жасаған су қоймасы табылды. Оның қыш құбырлардан құрастырып жасалған ұзындығы 30 м суағары бар. Рабад цитадель мен шахристанды қоршай орналасқан. Жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесінде қала тіршілігі төрт кезеңнен тұратындығы анықталды: 1) 6 – 7 ғасырлар, бекіністі мекенжай кезеңі; 2) 8 – 10 ғасырлар, қорғаныс қабырғалары, мұнаралары, сыртқы дуалы мен орлары бар бекініс-қала кезеңі; 3) 10 – 12 ғасырлардағы қала құрылысының кеңейген, рабад салынған, қорғаныс қабырғалары нығайып, тұрғындар саны көбейіп, шаруашылық, қолөнер түрлерінің дамыған кезеңі; 4) 13 – 14 ғасырлардағы кенттің біртіндеп күйреу кезеңі. Ғылыми әдебиеттерде Бабата 10 ғасырдағы жазба деректерде кездесетін Баладж қаласының орны деген пікір де бар. Қазан төңкерісіне дейін осы маңдағы қыстақта Баб Ата медресесі жұмыс істеген. Медресе ғимараты күні бүгінге дейін сақталған. Баб Ата күмбезі де осында.
Пайдаланған әдебиет
↑ Оңтүстік Қазақстан облысының энцикопедиясы
↑ Байпаков К.М., Средневековая городская культура Южного Казахстана и Семиречья (6 — начало 13 в.), А.-А., 1986; Байпаков К.М., Шарденова З.Ж., Об архитектурном памятнике Баба-Ата в Южном Казахстане, Шымкент, 1995.
↑ Қазақ Энциклопедиясы
↑ Отырар. Энциклопедия. – Алматы.«Арыс» баспасы, 2005 ISBN: 9965-17-272-2

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *