Алаш милициясы

Алаш милициясы, халықтық милиция — 1917 ж. желтоқсанның 5-13 күндері Орынборда өткен 2-жалпықазақ съезінің шешіміне сәйкес құрылған Алаш автономиясының қарулы жасақтары. Съездің күн тәртібіндегі 10 мәселенің төртіншісі “милиция туралы” болды. Осы мәселе бойынша Алаш қозғалысының белгілі өкілі Халел Ғаббасов баяндама жасады. Съезд Алаш автономиясы аталған ұлттық мемлекеті аяғынан тік тұрғызу үшін және тек кеңестік негіздегі автономияларды ғана қорғап-қолдауға бейім тұрған “бостандықтың жауы — болшевизммен күресу үшін” “халықтық милиция” атанған ұлттық әскер құру бағдарламасын бекітті. Осыған сәйкес Алаш автономиясына кіретін облыстар мен уездерде құрылуға тиісті милиция бөлімдерінің саны анықталып, оларды соғыс өнеріне үйрету, қажетті қару-жарақпен және киім-кешекпен қамтамасыз ету жолдары айқындалды.

Негізінен атты әскер түрінде жасақталатын халықтық милиция қатарына әскери қызметті атқаруға жарамды 20 мен 35 жастың арасындағы ер азаматтар алынатын болды. Бөкей, Орал, Торғай, Ақмола, Семей және Жетісу облыстарындағы милиция қызметкерлерінің жалпы саны 13500 болсын делініп, әр облыс бойынша әскер қатарына шақырылғандар саны мына мөлшерде белгіленді:

Бөкейде — 1000
Оралда — 2000
Торғайда — 3000
Ақмолада — 4000
Семейде — 1500
Жетісу облысында — 2000

Милицияға қару-жарақ пен оқ-дәріні Алашорданың ұлттық қорынан алу белгіленді. Милиционерлерді әскери тәртіп пен өнерге үйрету үшін офицерлер мен нұсқаушыларды: 100 милиционерге 1 офицер, 50 милиционерге бір нұсқаушы шақырылатын болды. Қазақ офицерлерін даярлау үшін Орынбор қазақ әскерінің тәжірибесі мен көмегін пайдалану қажеттігі съезд шешімдерінде баса көрсетілді.

Съезд қарарларына сәйкес халықтық милиция жасақтарын құру ісі көп кешікпей басталып, осы бағыттағы жұмыстар 1918 жылдың жазынан, елде азамат соғысы басталуына байланысты жаңа қарқын алды. Алашорда үкіметі бұл бағыттағы жұмыстарды тек қана Орынбор қазақ әскерінің басшылығымен ғана емес, сонымен қатар Самарадағы Құрылтай жиналысы мүшелерінен тұратын үкіметпен (“Комуч”) және Омбыдағы Уақытша Сібір үкіметімен (1918 ж. қарашадан — Колчак үкіметімен) бірлесе, соңғыларының көмегіне сүйеніп жүргізді. Алашорданың батыс бөлімшелерінің жетекшілері Жанша Досмұхамедов және Халел Досмұхамедов “КОМУЧ” үкіметінің есебінен 600 винтовка, бір пулемет алса, Алашорданың Торғай бөлімшесі 300 мылтық, 20 мың патронға ие болды. Орынбор казак әскерлерінің атаманы Дутовтың тікелей көмегімен Қостанай және Ырғыз уездерінде екі атты полкті жасақтау жүзеге асырылды.

1918 ж. тамыздың 12-нде Алашорданың әскери бөлімінің бастығы капитан (кейбір деректерде подполковник) Хамит Тоқтамышев Уақытша Сібір үкіметінің соғыс министрінің атына жазған хатында Семейде құрамында 750 жауынгер мен 38 офицері бар Алаш полкінің құрылғанын баяндай келіп, Зайсанда халықтық милицияның 200 адамнан, Павлодарда 150, Қарқаралыда 250 және Өскеменде 250 адамнан тұратын әскери құрамалар жасақталғанын хабарлап, Қазақстанның әртүрлі аудандарында қызылдарға қарсы соғысқа тікелей кіріскендігі туралы жазады.

Ә.Бөкейхановтың 1919 жылғы ақпанның 11-нде Колчак үкіметінің ресми делегациясымен жүргізген келіссөздерінде келтірілген мәліметтеріне қарағанда сол кезде азамат соғысы майдандарында Қызыл Армияға қарсы күреске қатысқан Алаш қарулы күштерінің саны 3000-нан асқан. Осы келіссөздің барысында Алашорда делегациясының басшысы Бөкейханов Сібір үкіметі өкілінің “Милицияны қалай түсінуге болады?” — деген сұрағына “Милиция — біздің әскеріміз. Ол қазір іс жүзінде бар: 700 жігітіміз Жетісу майданында, 540 адам Троицк түбінде, 2000 адам Орал облысында соғыс әрекеттеріне қатынасуда”, — деп жауап берді. Бұл мәліметтерге Алашорданың батыс бөлімшесі ұйымдастырған әскери құрамаларды қоссақ, “халықтық милиция” атты Алаш автономиясы әскерінің қатарында бес мыңға жуық адам болған. Нашар қаруланған, соғыс тәжірибесі жоқ “халықтық милиция” бөлімдері Қазақстандағы азамат соғысының барысына ықпал ете алған жоқ. Алашорданың таратылуымен бірге ол құрған “халықтық милиция” бөлімдері де таратылды.[1]
Пайдаланған әдебиет

↑ Қазақ ұлттық энциклопедиясы

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *